Үстіміздегі жылдың қаңтар айында "Газ және газбен жабдықтау туралы" Заң қабылданды. Оны аса маңызды оқиға деп атауға болады.
БІР ОПЕРАТОР ТАҢДАЛАДЫ
Қабылданған заң көптеген жаңалықтарды қарастырады. Алайда бастысы – газбен жабдықтау саласында қатаң мемлекеттік реттеу болып отыр. Мемлекет шикі және тауарлық газды алуға басымдық құқық алады. Бұл бірінші кезекте еліміздің ішкі нарығын газбен қамтамасыз ету үшін жасалып отыр. Бірыңғай ұлттық оператор таңдап алынбақ.
Тағы бір жаңалық: үкімет әрбір облыс үшін тауарлы газды сатудың шектеулі бағасын бекітетін болады.
Кейбір сарапшылар бұл заңның Қазақстандағы инвестициялық климатты төмендетуі мүмкін деп болжам жасайды. Айталық, ол газды тасымалдау мен сатуға бірқатар шектеулер қойып отыр. Бірақ, өкінішке қарай, бізге заңға қатысты түсінік алуға мүмкіндік тумады. Облыстық энергетика және ТКШ басқармасының отын-энергетика бөлімінде заңмен әлі толық таныспағандықтан бізге ештеңе айта алмады.
Табиғи монополияларды реттеу агенттігі облыстық департаментінің басшысы Жанайым КЕЛБАТЫРОВАҒА жолыққанда, ол барынша қысқа қайырды:
– Бәрінен бұрын бірыңғай орталықтандырылған тариф енгізілетін болады. Алайда, жалпы заңға қатысты әзірге ештеңе айта алмаймыз. Өйткені, әлі күнге заң актілері жоқ.
«ОблТрансГаз» КМК бас директорының орынбасары Александр БАЛАКИН тұтынушылар үшін ештеңе өзгермейді деп есептейді: – Жаңа заң бізді газ жабдықтарымен (газ плиталары, қазандар, есептегіштер,сигнализаторлар) кәсіби қызмет көрсету үшін тұтынушылармен келісім-шарт жасауға міндеттеп отыр, - дейді ол. – Бұрын өтініштер бойынша жұмыс жасадық. Біз калькуляция құрдық, тек монополияға қарсы департаментпен бағаны келісу ғана қалды. Сондай-ақ, газды тұтыну нормасы қайта қарастырылуы мүмкін.
Өз кезегінде ТШО жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаменті редакцияның ресми сауалына былай деп жауап берді: «ТШО осы және кез-келген басқа да заң актілеріне түсінік беруді өзі үшін мүмкін емес деп есептеп отыр. ТШО 2,94 млрд текше метр құрғақ газды 2011 жылы Қазақстандағы тұтынушылар қажеттілігін қанағаттандыру үшін сатты, ол 2010 жылмен салыстырғанда 36% артық.ТШОҚазақстан нарығында құрғақ газды сату көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Оның ішінде Атырау облысындағы алдағы бірнеше жылдарда іске қосылатын жаңа мұнай химия өндірістік кешеніне де сату көзделген».
ГАЗ БІРНЕШЕ ЕСЕ ҚЫМБАТТАЙДЫ
Біз көгілдір отынға сенім артып қалғандығымыз соншалық, оны тіпті, байқамаймыз да. Және көбіне төменгі тарифке байланысты мән бере қоймаймыз. Салыстыра кетелік: алматылықтар бір текше метр газ үшін 23 теңге төлесе, ал, біз бар болғаны – 4 теңге ғана төлейміз. Сондықтан да біздің аймағымыз үшін жағымсыз жаңалықтардың бірі барлық аймақтар үшін бірыңғай тарифтің бекітілуі болуы мүмкін. Үкімет баяғыдан-ақ ел бойынша бағаның түрлілігіне алаңдаулы. Өткен жылы Тимур ҚҰЛЫБАЕВ «Самрұқ-Қазына» мемлекеттік қорының басшысы бола тұрып, 2015 жылдарға қарай газ бағасының әсіресе, бүгінгі күні газ бағасы төмен аймақтарда (Атырау, Орал, Ақтау және Ақтөбе) айтарлықтай көтерілетіндігін ескерткен болатын.
Оның жоғарылауы басқа да себептерге байланысты болуы мүмкін. Өйткені, бағалардың теңестірілу мәселесі (оның ішінде газ бағасы) Ресеймен Қазақстанның Бірыңғай экономикалық кеңістікке кіруі барысында келісілген еді.
БҮГІНГІ ТАРИФТЕР
Бүгінгі күні мынадай тарифтер қолданылып келеді (барлық бағалар ҚҚС-сыз көрсетіліп отыр). «Теңізшевройл» ЖШС «Жылыой газ» ЖШС-на (кәсіпорын Жылыой ауданының тұрғындарына газ жеткізеді, халқының саны – 74 000 адам) мың текше метр үшін 3 960 теңге; өнеркәсіп кәсіпорындарының қажеттілігі үшін 12 000 теңгеден астам табиғи газ жібереді.
«Жылыой газ» ЖШС өз кезегінде Жылыой ауданының халқына табиғи газды мың текше метр үшін 5 360 теңгеден сатады; Майкөмген поселкесінің тұрғындары үшін газ қымбатқа шығады – 5 582 теңге. Теңіз вахталық поселкесінің өнеркәсіпті кәсіпорындары үшін газ бағасы 13 613,08 теңгемен сатылады. Облыстың басқа елді-мекеніне (Жылыой ауданы және Авангард мөлтек ауданынан басқа) газды «ОблТрансГаз» КМК жеткізеді. Кәсіпорынның халық үшін белгілеген тарифі мың текше метр үшін шамамен 4 000 теңге, заңды тұлғалар үшін - шамамен 14 000 теңге.
БАҚУАТТЫ ӨМІР ҮШІН ҚАНША ТЕКШЕ?
Есептегіш құралдары орнатылмағандар үшін бір айда табиғи газды тұтынудың мынадай нормалары бекітілген (облыс әкімінің 2010 жылғы 28 қыркүйектегі шешімі): Орталықтандырылған ыстық сумен жабдықталған газ плиталары бар үйлерде – бір адамға 10,5 текше метр. Орталықтандырылған ыстық сумен жабдықталмаған газ плиталары бар үйлерде бір адамға – 15,4 текше метр. Орталықтандырылған ыстық сумен жабдықталмаған су жылытқыш және газ плиталары бар үйлерде – бір адамға 25,8 текше метр. Суды жылыту және моншаны жылыту үшін – бір адамға 2,04 текше метр.
Жылыжайларды жылыту үшін – бір айға жылыжайдың бір текше метріне 4,92 текше метр.
Көлікжайлар мен басқа да тұрғын емес жайларды жылыту үшін – жылытылатын алаңның шаршы метріне 3,94 текше метр.
Жануарлар үшін жем дайындауға тамыр жемістерді және мал азығын булау есебімен: жылқыға – (бір айға бір жануарға) 4,05 текше метр, сиырға – 10,13, шошқаға – 20,26, қойға, ешкіге – 0,96, тауыққа – 0,2, күрке тауыққа – 0,3, үйрекке, қазға – 0,4.
ЖАРТЫСЫНДА ЕСЕПТЕГІШ ЖОҚ
«ОблТрансГаз» мәліметтері бойынша, қалада 2012 жылдың 1 ақпанында газбен 30 470 пәтер және 29 596 жеке үй қамтылып отыр екен. Жеке үйлердің барлығында есептегіш құралдары орнатылған. Көп қабатты үйлердің жартысына жуық пәтерлерінде, дәлірек айтқанда, 14 000 пәтерде есептегіш құрал жоқ. Тұтынушылардың дәл осы санатына газ бекітілген норма бойынша есептеледі. Мәселен, орталықтандырылған ыстық сумен жабдықталған газ плитасы бар үйлерде тұтыну нормасы бір айға бір адам үшін 10,5 текше метрді құрайды. Осылайша, бір отбасы (орташа есеппен 4 адамнан тұратын) бір айда іс жүзінде 42 текше метр газды тұтынады. Жылына – 504 текше метр.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА