Атырау, 4 қазан 08:17
 ашықВ Атырау +24
$ 482.86
€ 533.17
₽ 5.08

Шала туған шақалақ

5 762 просмотра

Ол да өмір сүруге құқылы

Әйелдерді босандыруға көмек беретін белоруссиялық мамандар бригадасының Атырауда жұмыс істегеніне екі ай болды. Бұл олардың қаламызға екінші сапары («АЖ», 15 желтоқсан 2011 жыл – «Белоруссиялық медиктер шеберлік сыныптарын өткізді»). Шеберлік сыныптарының бастытақырыбы – шала туылған сәбилерді құтқару.

Атырау облысында перинатальды және сәби өлімінің көрсеткіші орташа республикалық көрсеткіштен жоғары. Оған таяуда болған жанжал дәлел. Қалалық прокуратура жыл басынан бері Атырау қаласының екі перзентханасында жаңа туылған 17 сәбидің шетінегенін анықтаған еді. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы өлім саны «бар болғаны» 13 деп, мұнымен келіспеді. Қазір қосымша тексеру жұмыстары жүріп жатыр.  Ал медиктер сәби өлімінің күрт өсуін дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа стандарттарына көшумен байланыстырып отыр. Осы стандартқа сәйкес енді салмағы 500 грамм боп дүниеге келетін шараналарды тірі туылған сәбилер деп есептейді екен. Бұрын ол түсік деп аталатын.

Ал Белоруссия ТМД бойынша сәби өлімінің ең төменгі көрсеткішін көрсетіп отыр. Менің сұхбаттасушым – Гродно қаласының балалар емханалық ауруханасының неонатальдық реаниматолог-анестезиологы Дмитрий МИСКЕВИЧ (суретте).

 

«ЖЫЛЫНА ЕКІ РЕТ БОСАНУ ДҰРЫС ЕМЕС»

– Қалай ойлайсыз, дүние есігін ашқан сәбилер өлімінің көп болуы неге байланысты? Бұған не себеп?

– Менің байқауымша, бәрі де жансақтау бөлімінен себеп іздейтін секілді. Бұл мүлдем жаңсақ пікір, проблеманың тамыры әріде жатыр – алдымен бастапқы емханалық қызмет, әйелдер кеңесі звеноларынан өтеді. Ал жансақтау бөліміне сәби дүниеге келгеннен кейін ғана түседі. Бұдан басқа, жүктілікті жоспарлау кезеңіндегі әйелдің өзінің ұстанымы маңызды. Бізде Белоруссияда көпбалалы отбасылардың анағұрлым аз болуы сондықтан шығар. Біздегі әйелдер жүктілікке дайындалып, алдын ала жыныстық жұқпалы және басқа аурулардың бар-жоғына тексеріледі. Әдетте, ерлі-зайыптылар генетикалық патологиясы бар сәбиді дүниеге келтірмес үшін генетика маманына бірге барады.

– Біз, өкінішке орай, жүктілікке бұлай арнайы көңіл бөлеміз деп мақтана алмаймыз.

– Бірақ қаңтар айында босанып, сол жылдың желтоқсанында қайтадан босанған әйелде қандай денсаулық болуы мүмкін? Мен оны осы жерден көрдім. Ол әйелдің тісі жоқ, гемоглобині 60 болды, бірақ қайтадан перзентханаға түсіпті.

Белоруссияда, әрине, жүкті болып қалып, соңғы мерзімдерде дәрігерге қаралатын аз қамтылған топтағы әйелдер де бар. Бірақ болашақ ана болуға мүдделі болып, бұған дұрыс қарайтын әйелдер босанады. Тағы бір жайт. Жоғарғы сынып оқушыларын адамдар катастрофасының мұражайына апарады. Ол жерде даму кемістігі мен генетикалық ауытқушылықтары бар спирттелген шараналар қойылған. Жас қыздар ойланбай істеген әрекеттің неге апарып соғарын көздерімен көреді. Жасөспірімдерге сағаттап дәріс оқысаң да, олар мұны қабылдай алмайды. Ал мұндайды көзбен көргенді олар ешқашан ұмытпайды.

– Дегенмен, сіздерде де шала туылған сәбилер болатын шығар. Оларға күтім жасайсыздар ғой.

– Бұл тұрғыда бізде жұмыс анағұрлым аз. Бұл даму кемістігі жүктіліктің ерте мерзімінде анықталып, содан соң жүктілік бірден тоқтатылатындықтан шығар.

– Сіз болған кезде біздің перзентханада неше сәби шала туылды?

– Әрқайсысы 400 граммнан 2 сәби, бір 500грамм және келілік бір сәби. Әдетте, мұндай балалар кешенді даму кемістігімен дүниеге келеді. Бір келілік сәбиге, мәселен, бүгін ішек тарылуы бойынша операция жасадық. 400 граммдық екеуі шетінеп кетті.

 

«ЖАБДЫҚТАРЫҢЫЗ ЖАҚСЫ»

– Сіздің пікіріңізше, біздің перзентхана жақсы жарақталған ба? Жақында сіздердің Атыруға келулеріңізге демеу болған «Эксон Мобил» компаниясы перзентханаға 152 мың долларға балалар жансақтау бөлімі  үшін жабдықтарды сыйға тартты. Ол шынымен де заманауи ма?

– Техникалық жарақталуы жаман емес, кей тұстары бізден жақсы. Соның ішінде, Кореяда шығарылған қозғалмалы рентген аппараты мен кювездерді атап өткім келеді. Сәбиді еш жерге алып барудың қажеті жоқ, аппарат тікелей кювездің ішіне орнатылады. Түсірілімі жақсы, айқын.

– Ал біздің дәрігерлердің дайындық деңгейлері қандай?

– Жеткілікті дәрежеде жақсы. Бірақ, айтып өткенімдей, бәрі де жансақтау бөлімінен себеп іздеуге әдеттеніп кеткен. Кемшілікті барлық звенолардан іздеу керек.

– Сіз өз жалақыңызды жергілікті медиктердің табысымен салыстырып көрген шығарсыз. Әсеріңіз қандай?

– Атырауға келгенге дейін 1,5 ставка үшін (210 сағат) 600 доллар жалақы алып келдім. Бірақ ақпан айынан бастап бізде дәрігерлердің жалақыларын әжептәуір өсірді. Енді мен 1 200 доллар алатын боламын. Оған қоса менің жоғарғы санатты дәрігер екенімді ескеруіңізді сұраймын. Біздің емханада жоғары технологиялық операциялар жасаймыз, олар үшін де қосымша төленеді. Ал санаты жоқ дәрігерлердің табысы төмен. Мәселен, жаңадан еңбек ете бастаған учаскелік дәрігердің жалақысы – 100 доллар.

– Бізде жоғарғы санатты және жұмыс өтілі көп перзентхананың бас дәрігері кезекшілік санына байланысты 900-1000 доллар шамасында табыс табады. Ал сіздердегі әлеуметтік пакет қандай?

– Біздер үшін тек медициналық қызмет көрсету ғана тегін. Сіздердегідей, бізге пәтер берілмейді. Әрине, үйлер салынып жатыр ғой, бірақ бізде мұқтаж жандар көп. Сондықтан баспананы жеңілдік несиелері бойынша алуға тура келеді.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА,

суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

28 наурыз 2012, 18:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.