Атырау, 2 қараша 23:47
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +6
$ 488.11
€ 530.09
₽ 5.01

Дәстүр жайлы аңыздар

6 739 просмотра

Нұрдәулет, 4 жаста, Алмалы ауылыНаурыз мерекесіне  қатысты ұмыт бола бастаған салтымызды қазақтың әдет-ғұрпын зерттеп жүрген қаламгер, Атырау облыстық халық шығармашылығы орталығы басшысының орынбасары Абат КЕНЖЕҒАЛИҰЛЫ тағы бір рет  есімізге салды.

КӨРІСУ

Наурыздың 14-і күні еліміздің батыс өңірі көрісу салтын бастайды. Ертеде көшпелі мәдениетті ұстанған қазақтар мал бағып күнелткендіктен, жайылымды жиі өзгертіп, бір жерден екінші жерге көшіп-қонып отырған. Ал көктем шығысымен,  адамдар жақындары мен ағайындарының амандығын білісіп-көрісу үшін бір-бірінің үйлерін аралаған.  

Көрісу салтының өз ерекшелігі де бар. Ер адамдар қос қолдасып, төс қағысса, әйелдер құшақтасып көріседі. Ал ерлер мен әйелдер құшақ айқастырады. Бұл өмір тірегім - төсім, тіршілік көзім – жүрегім, шаруашылық құралым – қолым, дәл былтырғы наурыздағыдай дін аман болсын деген тілекті білдіреді.

НАУРЫЗ-КӨЖЕ

Бұл тағам наурыз тойында келер жылғы молшылықтың жоралғысы ретінде әзірленген делінсе, оның арғы жағында бірлікке шақырып, татулыққа ұмтылу деген мән жатыр екен. Аңыз бойынша ертеде қазақ халқының бірлігі бұзылып, ынтымағы шайқалып, достығына іріткі түскен. Ерлерінің басы қосылмай, үйлері қоңсы қонылмай, шаруаның жәйі, халықтың күйі кеткен. Сол кезде ел ақсақалдары бірігіп, елдегі ең үлен қазанды алдырып, оған наурыз күні толтырып дәм жасатқан. Сол тамақтан барлық жиналғандарға ауыз тигізіпті. «Бір емшек емген ұялас ит те бірін-бірі таламайды, бірін-бірі алаламайды. Енді бәріміз бір емшектен емгендей, бір қазаннан дәм таттық, сөйтіп ұялас, дәмдес, бірге туған ағайындас адам болдық» - деп жариялапты. Сөйтіп, бір қазанға пісірілген тағамнан дәм татқан адамдар өзара өкпе-наздарын ұмытып, елге береке орнаған.

Наурыз-көже пісіріп, үйге келген кісіге одан дәм таттырып, ақ мол болсын деп бата айту салты осыдан қалған деседі.

ПАЙҒАМБАР АСЫ

Қалада тұрып жатқанына 15 жыл болған өзбек ұлтының өкілі Зуля КУРЬЯЗОВА Өзбекстан елінде Наурыз мерекесі 21-і күні тойланатынын айтады.

- Бұл күні әйел атаулы қазан басына жиналып, өзбектің ұлттық тағамы «суммалак» тағамын дайындайды. Бұл жаңа өсіп шыққан бидайдан әзірленеді. Баяғыда кедей отбасы бала-шағасына тамақ таба алмаған кез болған. Күнде ашыққан балаларын ойлаған ана тас жинап, оларды қазанға салып, астына от жағып қайнатады. Балалары тамақ пісіп жатыр екен деп ұйықтап қалады. Келесі күні таңда қараса, әбден қайнап кеткен қазандағы тас уатылып-уатылып бидайға айналған. Қазанның қақпағын ашып қарағанда, тағам бетінде бес саусақтың ізі тұрады. Бұл пайғамбардың алақаны дегенді білдіреді. Осыдан кейін мұны пайғамбардың тағамы деп атайды.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

21 наурыз 2012, 16:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.