Атырау, 5 қазан 03:04
 ашықВ Атырау +17
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Күзетші һәм көне бұйым сатушы

5 560 просмотра

Ленамен таныстығымыздың қалай басталғаны есімде қалмапты. Менің телефонымда оның нөмірі «Лена-антиквар» деп сақталыпты. Жүз таныстығымызға он жыл болғаннан кейін ғана Лена САРБАШТЫҢ (суретте) Қазақстанда алғаш боп лицензия алған күзетші әйел екенін білдім.

 

«ЖІГІТІМ, ҚАНЕ, ШЫҒАМЫЗ БА?»

Жұмыссыз жүрген каратэден спорт шеберіне күтпеген жерден жергілікті бизнесмен ұсыныс жасады. Өзі емес, әйелі кеңес беріпті:

– Бұл туралы  Лизаның ойына келген деп жазыңыз.

Лизаның қолдауымен Лена осы отбасыға тиесілі бірнеше коммерциялық нысандарды төрт жыл бойына түнгі уақытта күзеткен:

– Абырой болғанда, бүкіл нысан– түнгі клуб, кафе және супермаркет қатар болатын.

– Тұмсық бұзған кездеріңіз болды ма?

– Бірде-бір рет болған жоқ. Кәсіпқой күзетшінің әдебі келушілерге өте шектен шыққан жағдайлар болмаса, қол көтеруге жол бермейді. Менің лицензиям бар ғой. Ал қол көтеретіндер – кәсіпқой маман емес. Мен үшін абыройыма нұқсан келмегені қажет.

– Келуші әбден ашуына мініп алған кезде, жағдайды қалай реттеуге болады?

– Ондайларды сөзбен алдарқататын едім. Мен үшін келушілердің бәрі қонақ. Кез-келгенімен келісімге келуге болады. Бастысы, дауыс ырғағын дөп басу. Тіпті тәлтіректеп мас болып, көздеріне ашу-ыза толғандардың өзі олармен жұдырықтасып емес, адамша сөйлессең, сөзіңді тыңдайды.

Содан соң, мен әйел адаммын ғой. Нәзік, қорқақ болмасам да, бұл кез-келген есі дұрыс ер адамды тоқтатады. Оның көзіне қарап, ақ ниетіңмен: «Сен сондай салиқалы жансың ғой, қане, сөйлесейік, сенің не нәрсеге көңілің толмай тұр?» деп сұраймын. Егер балағат сөз айтса: «фу,  әйел адамның көзінше боқтағаның ұят емес пе?» деймін. Содан кейін темекі ұсынасың, ал әрі қарай әзіл айтып, дос боп тарқасамыз. Әрине, қиын жағдайлар да болды. Әл бермейтін адам екенін көрсем, қулыққа барамын, әрірек шығарып аламын да: «қане, шығамыз ба, бірақ есіңде болсын, егер алып ұрсам, сенің масқараңды елдің бәрі көретін болады, қалай, тәуекелге бел буасың ба?» деймін. Осындай сөздерден кейін мұндайлардың саналарында әлдене жылт еткендей болып, саған қарайды да жақ ашпайды. Ал іштерінде: «Шынымен де алып ұрса ше? Пәлесінен аулақ...» деген ой тұрады.

– Түнгі клубтарда әдептілік шеңберінен шығып кеткен,  ақылсыз, белгілі бір топтар ғана сауық салады деген түсінік қалыптасқан...

– Олай деуіңіз бекер, біздің жастарымыз тамаша екенін ресми түрде мәлімдеймін. Түнгі клубқа өте жақсы жігіттер барады, олардың көбінің есімдерін білмесем де, жүздерін танимын. Олар кейде көліктерін тежеп, амандасып жатады. Аға буын өкілдері оларды ұната қоймаса да, қазақы тәрбиенің қалай еткенде де әсері бар. Жігіт қаншалықты мас болса да, алқымыңнан алмайды немесе бейджигіңді жұлып тастамайды, үнемі «апашка» деп сөйлейді.

Қыздар ма? Олармен қиындау. Есіріп кететін қыздар да тап болды, бірақ бірде-біреуінің менімен төбелесуге батылдары жеткен емес, -деп күледі Лена.

– Жұмыста түсінікті, ал тұрмыста төбелесесіз бе?

- Менің тұратын ауданым сондай, әлсін әлі дағдымды еске алып тұруға тура келеді. Көршілерім жиі жүгіріп келіп, үйлеріндегі бұзақыны жөнге салуды өтінеді. Сыбағасын берсең, ертеңгі күні мазалағаны үшін кешірім сұрап келеді.

– Ал күйеуіңізді әйелінің осындай физикалық тұрғыдағы күштілігі алаңдатпады ма?

– Мен күйеуге шыққан кезде өте жас болатынмын. Сол кезде де қарымтамды қайтара алатындай едім. Бірақ күйеуім екеуміз төбелесіп көргеніміз жоқ. Ол әйел адамға қол көтеретін адамдар санатынан емес еді. Әрі көп кешікпей, үйленгеннен кейін екі жылдан соң ажырасып кеттік.

 

ТҰҢҒЫШ КҮЗЕТШІ ӘЙЕЛ

– Лицензияны 2006 жылы алдым. Сол кезде мен күзетте жұмыс жасайтын едім. Бірақ кәсіпқой маман болғым келді. Сол кезде лицензия алғысы келген бірінші әйел мен болдым. Мені салмақты сынақтан өткізді: жекпе жек сайыстан да, психологиялық тестілеуден де өттім. Психологпен жеке әңгімеден кейін ол кабинеттен шыға бере: «Ол лайықты, ол бұған лайықты!» дегенді дауыстап айтқан болатын.

– Бұл мамандыққа сұраныс бар ма?

– Маған бұл жұмысым үшін жақсы ақша төлейтін еді (ақпан айынан бастап Лена жұмыссыз, клуб қожайынында қаржылық проблемалар басталып, ол қызметкерлерінің еңбекақысын төмендеткен. Содан кейін ол бұл жұмыстан кетіп қалыпты). Уақытша тапсырыстар да бар, әлдебір жұлдыз келсе, мені сағаттық төлеммен жалдайды.

– Сіз көп жұлдыздарды көрген шығарсыз?

– Ой, өте көп. «Динамит», «Hi-Fi» топтары, Шура келді. Қазақстандық әртістер мен топтардың көпшілігінің жеке күзеті ретінде жалдандым.

- Жұлдыздардың гримсіз келбеті қандай екен?

– Әртүрлі, мен аттарын атап, түстерін түстемей-ақ қояйын, бірақ экранда әп-әсем боп көрінетін жігіттер өмірде өте нашар боп шығады. Арақты суша сіміреді, жезөкшелерді алып жүреді.

 

БЕТПЕРДЕНІ АЛМАСТЫРУ

Мен оны көне бұйымдарды сатып алушы ретіндегі өзгеше қызметі туралы мақала жазуға көптен бері көндірмек боп жүрмін. Бірақ ол өз дегенінен қайтпайтын адам екен. Ол жоғары шенді шенеуніктің көне әшекейді мол ақшаға сатып алғандығы туралы қызықты хикаясын көңілдене әңгімелеп берді. Бірақ бұл жарияланымға арналмаған еді. Алайда, бір өзгеріс болып – жел басқа жақтан соқты ма, әлде мен маған белгісіз сынақтан өттім бе, білмеймін, ол аяқ астынан өзінің хоббиі туралы айтып беруге келісе кетті.

 

ЖАҒАЛАУДАҒЫ МОНЕТАЛАР

– Арнайы білімсіз көне өнер бұйымдарын саудалау қалай мүмкін болды?

– Мен бала кезімнен коллекция жинауға әуес едім. 22 жасқа қараған шағымда менде ескі монеталардың әжептәуір коллекциясы болды: олар николаевтық және александровтық 15 күміс рубльдер мен жиырма шақты бақыр ақшалар еді. Оларды жерден қазып алдым. Тәтейім Бірінші учаскеде тұрған болатын. Жағалауды өзен суы шайған кезде, қоқыстардың арасынан достарыммен бірге қызықты көп нәрселерді қазып алдық. 1992 жылы жұмыссыз отырған кезім болатын. Бір күні танысымды жолықтырдым. Ол нумизматикамен айналысады екен. Менің аузымнан: «сатып ал!» деген сөз шығып кетті. Ол сатып алды. Мен сонда түскен сомаға қатты таң қалдым. 3000 доллар (сол кездегі бағам бойынша бір доллары 75 рубль шамасында) деген көп ақша еді.

«Неге осы арқылы табыс таппасқа?» - деген ойға келдім. Бірақ қалай? Өзімнің алғашқы сатып алушыммен хабарласып, тағы қандай нәрселерді жинайтынын сұрадым. Иконаларды, көне кітаптарды, айшықтарды... деді.

Мен ойланып қалдым. Ойланып-ойланып, алқаштардың осы жердегі жиналатын жеріне бардым да, барлық ескі бұйымдарды сатып аламын дедім. Олар үйлеріндегі ескі нәрселердің бәрін тасып әкелді. Содан кейін қайта тыныштық орнады. Содан соң газетке хабарландыру беруді ұйғардым. Кешікпей коллекционерлердің өздері маған хабарласып, маған мынадай да мынадай нәрселерді тапсаңыз деген өтінішпен шыға бастады. Осылайша жылдар өте сауда нарығы қалыптасты.

 

ЭСТЕТ ХАНЫМДАР МЕН МЫРЗАЛАР

– Бұл құпия адамдар – коллекционерлер деген кімдер? Әуестіктің, елігудің өзі қаржылық ауқаттылықты білдіргендей, ал оларға ортақ нәрсе не?

– Салмақты, тұрақты сатып алушылар аз: 17-ден 60 жасқа дейінгі екі әйел мен бес ер адам бар. Олардың бәрінің өз бизнестері бар, ал оларға ортақ нәрсе - әдемі және сирек бұйымдарға деген құмарлықтары. Олар қаржыларын өнер бұйымдарына жұмсайтын эстеттер.

– Ал шетелден клиенттер бар ма?

– О не дегеніңіз! Бұл «контрабанда» деген баппен мүлікті тәркілеумен қатар 9 жылға сотталу ғой. Маған ол қажет дейсіз бе?

– Демек, сіздің клиенттеріңіздің барлығы жергілікті тұрғындар болғаны ғой?

– Міндетті түрде Қазақстан азаматы болу керек. Кейбіреулер бір бұйымды сатып алу үшін ғана Алматыдан бірер сағатқа ұшып келеді.

Сіздің белгілі бір «лоттар» бойынша өзіңіздің өтімділік рейтингіңіз қандай?

– Иконалар. Бұлар өте сирек кездеседі, бірақ олар бар. Шіркеу керек-жарақтары. Өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастап одан әрігірек кезеңдегі әйгілі бренд фарфорлары мен фаянстары. Бұл ыдыс, статуэткалар, шойын сағаттар, қола мүсіндер болуы мүмкін. Біреулер музыка туындысына қатыстының бәрін сатып алады, ал енді біреулерінің ескі манускрипт қолжазбаларына естері кетеді. Алматылық бір филателист өз коллекциясындағы жетіспейтін екі марка үшін 5 000 еуро салуға дайын. Оны көптен бері іздеп жүр.

– Ал өзіңіз бұйымдар жинайсыз ба?

– Ескі заттарды сақтағанды ұнатпаймын. Меніңше, олар бұрынғы қожайындарының энергиясын сақтап қалады. Ал оның қандай болғанын ешкім де білмейді ғой. Бірақ сағаттар бойына оларға сүйсіне қарап, ретке келтіріп, тазалаудан жалықпаймын. Бір күні жаңа экономикалық саясат дәуіріндегі көне канделябр қолыма түсті. Ысталған, майысқан, балауыз қаспақтарымен сиқы бұзылған екен. Тазалап едім, жарқырап шыға келді. Ал онымен адамдар жаңғақ шағыпты.

 

ЗОНАДАҒЫ ИКОНАЛАР

– Сіздің қолыңыздан өткен ең қызықты бұйым туралы әңгімелеп беріңізші.

– Менде күміспен әлеміштелген, шебердің таңбасы басылған икона болды, тәжіне бағалы тастар салынған. Өте сирек кездесетін бұйым, шетелде ол қомақты ақша тұрар еді. Мен оны 1 500 долларға саттым. Несіне сараңсимын? Өз сатып алушыларым әлі де керек қой. 1801 жылы басылған Псалтырь бар, күміспен нақышталған. Бірақ оны сатушы өте қымбат баға сұрап отыр. 25 мың еуро немесе пәтерге айырбастауды сұрайды. Мен мұндай тауарды ала алмаймын.

– Менің түсінуімше, сіз ештеңе әкелмейсіз, бірақ Гурьев қалашығында аса ауқатты халық болмаған секілді. Бірақ сіздің осыншама иконаларды қайдан алғандығыңызға таң қаламын(Ленаның ұялы телефонында антикварлық нарықта ұзақ жылдар бойына ол сатқан ондаған түрлі иконалардың суреті бар).

– Саяси қуғын-сүргін жылдары бізге монахтардың жер аударылғанын ұмытпаңыз. Ал лагерлерде адамдар мінәжатқа мұқтаж болды. Икона жазушы зэктар шылымға немесе бір қорап шайға иконалар жазған. Ал қалада қай заманда да байлар болды. Осы статуэткалардың, ас ішетін күмістердің, шамдалдар мен мейсон фарфорларының... барлығы солардан қалған.

– Сіздің екінші мамандығыңыз қызықты, бірақ онда тұрақтылық жоқ. Жай нандығыңызды тауып жүрсіз бе, әлде әжептәуір табыс түсе ме?

– Әртүрлі, кейде табысқа кенеліп қаламын. Бірақ, алдын ала болжау мүмкін емес. Кей кезде аптасына үш рет келісім жасалуы мүмкін, ал кейде бір ай бойына тыныштық орнайды. Алайда қиын-қыстау кезде осы хоббиім мені әлденеше рет құтқарған еді. Оның үстіне жинақтаған біліміңді жұмсамау күнә. Қазір ғой, интернетті аша қалсаң, бәрі жазылып тұрады. Ал мен бастаған кезде ешқандай ақпарат болған жоқ. Оқу залдарының табалдырығын тоздырып, арнайы кітаптарды іздедім. Қатты ізденгенім сондай, тіпті мұражай қызметкерлерінің өздері әлденеше рет кеңес алған кездері болды. Иә, мен ысырапшыл адаммын. Қолыма ақша түссе болды, қалтама сыймай, бәрін жойып тастағанша асығамын. Мұндай қасиетпен бір еңбекақымен күн көру мүмкін емес.

 

КІТАПҚА КӨЗ САЛЫП....

– Сіз тек православиенің киелі заттарына қатысты ғана маманданған секілдісіз. Бұл ұстанымыңыз ба, әлде өзінің орайы солай келді ме?

– Исламның киелі заттарына қатысты менің басымнан бір хикая өтті. Ұзақ уақыт бойына Алладан кешірім сұрап, мұсылман символдарымен байланыспауға серт еттім. Осыдан бес жыл бұрын сыртқы келбеті қарапайым бір адам маған екі көне кітапты әкеліп берді. Бірі 1903 жылы Ташкентте басып шығарылған, жақсы сақталған Құран кітабы екен. Екінші кітап түгелімен қырынан желімделген боп шықты. Мен ең болмағанда басылған жылын қарау үшін титулдық бетін желімнен ажыратып алуға тырыстым. Қағазы біртүрлі өзгеше екен. Бәлкім тозығы жеткен соң шығар, сынып кетті, алайда титул бетін ашқан кезде басылған уақыты туралы ешқандай ақпарат таба алмадым. Бірінші парағын ашқан кезде қоңыр бояумен қолмен жазылған мәтін өзгеше боп көрінді. Сол кезде өз-өзімді қоярға жер таппадым. Кітап бетін жауып тастадым да, бірден танысыма бардым. Ол егде тартқан, арабша оқи алатын, құлшылық ететін адам еді. Ол кітапты ашты да, екі алақанымен көзін көлегейлеп: «Алып кет, алып кет тез арада!» деп айқай салды. Сөйтсем, мен сұмдық қателік жасаппын. Әлгі адам Құранның ашық болатынын айтты. Ал бұл кітап жабық болды, демек ол оқуға арналмаған. Оның ішінде не деп жазылғанын білмеймін, бірақ жағдайым нашарлап кетті. Егжей-тегжейлі айтпай-ақ қояйын, бірақ сол күндері басымнан көп нәрсе өтіп, екі мәрте ажал аузынан қалдым, содан кейін ақылымнан ауысып кете жаздадым. Осы туралы бір танысыма айтып едім, ол мені Алладан жалбарынып кешірім сұрауға, садақа беруге кеңес берді. Мен көп күн бойына өз надандығым үшін кешірім беруін өтініп, сол сирек кітаптар үшін түскен 4 000 доллар ақшаның жартысын таратып бердім. Ал әзірге, Алла мені кешірді деген сеніммен өмір сүріп жатырмын.

 

Антикварлық нарықтағы бұйымдардың құны

1738 жылғы 2 тиындық бақыр монета – 30 мың теңге

Лениннің гипс мүсіні – 2 мың теңге

Лениннің қола

мүсіні – 45 мың

теңгеден бастап

50-жылдардың шойын сағаттары – 20 мың теңге

18 ғасырдағы алтын он сом және империал – 3 000 еуро шамасында

 

 

 

Алтынды қалай тексеруге болады?

Ең қарапайым әдісі – магнит қою. Егер

жабыспаса – таза

алтын болғаны.

Йод тамшысын құю. Егер металл тотығып, дақ қалса – бұл алтын емес.

 

 

Көне бұйымдар нарығында

50-ші және одан бұрынғы жылдардағы фарфор мен фаянс статуэткалар

Ленинград фарфор зауытының (ЛФЗ) ыдысы 

Гжель

Маркалар

Төсбелгілер

Монеталар

Қола бұйымдар

Фашистік символика (свастика) – саптыаяқтар, каскалар, қасықтар

Ордендер (миллионға дейін сериялық нөмерлері бар)

Сағаттар (Густав Беккердің маркалары)

Золинген болаты («мәңгі болат») – кездіктер, пышақтар, қауіпсіз ұстаралар

Революциядан кейінгі кезеңдегі көне жиһаз

 

Кузнецов фарфоры– өте бағалы бренд.

Антикварларда 6 жұп шайтабақ пен шыныаяқтан тұратын, сүт құйғыштан, қант салғыштан және шай қайнататын шәйнектен тұратын толық емес сервиз Арбат бойындағы мәскеулік антикварлық дүкенде 25 мың еуро тұрады.

– Мен бізден сүт құйғыш, қант салғыш, шай қайнататын шәйнек және 2 жұп шайтабақ пен шыныаяқ жинадым, - дейді Лена, – 800 долларға өтті.

 

 

Француз шеберлері үйінде жасалған алтын сөмке, 18 ғасыр. 300 гтаза алтыны, қымбат тастары, інжу салпыншақтары бар. Сөмкенің ашылатын ауызы тотықұстың қауырсыны түрінде жасалған. Қожайыны (Теміртау) ол үшін 70 мың еуро сұрап отыр.

21 наурыз 2012, 15:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.