– Мені кішкентай балам болғандықтан бірнеше мекеме жұмысқа қабылдаудан бас тартты. Жұмыс берушілер жұмыстан жиі қалып қояды және қажет болған жағдайда жұмыстан кейін жұмыс істеуден бас тартады деп қауіптенеді. Олардың бұнысы заңды ма?
Телефон арқылы
- Әрине, заңды емес, - деп растайды заңгер Айнагүл ДӘУЛЕТБАЕВА. – ҚР Еңбек Кодексінің басымдық бағыттарының бірі – әйелдердің құқықтары мен еңбек мүдделерін қорғау. ҚР ЕК 7-бабына сәйкес, ешкімді де өзінің еңбек құқықтарын іске асыру кезінде жынысына, жасына байланысты ешқандай кемсітуге болмайды. Еңбек саласында кемсітушілікке ұшырадым деп есептейтін адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен сотқа немесе өзге де орындарға жүгінуге құқылы. ҚР ЕК 25-бабымен еңбек шартын жасасу кезінде құқықтар мен мүмкіндіктер теңдігін бұзуға тыйым салынады.
Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, жүктілік, үш жасқа дейінгі балаларының болуы, кәмелетке толмағандық, мүгедектік еңбек шартын жасасу құқығын шектей алмайды.
Бұдан басқа Еңбек Кодексі қызметкер әйел адамдармен арадағы еңбек қатынасында жұмыс берушілер үшін бірқатар шектеулер қояды. 88-бапқа сәйкес, үстеме жұмыстарға жүкті әйелдер тартылмайды. Жүкті әйелдермен, үш жасқа дейінгі балалары бар әйелдермен, он төрт жасқа дейінгі баланы (он сегіз жасқа дейінгі мүгедек-баланы) тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналармен, аталған балалар санатын анасыз тәрбиелеп отырған өзге де тұлғалармен еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзуға жол берілмейді. Егер әйел еңбек шартының мерзімі аяқталған күні мерзімі он екі апта және одан көп апта жүктілігі туралы медициналық қорытынды ұсынса, жұмыс беруші оның жазбаша өтініші бойынша еңбек шартының мерзімін бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыс аяқталған күнге дейін ұзартуға міндетті.
ҚР ЕК 187-бабына сәйкес, жұмыс берушінің жүкті әйелдерді түнгі уақыттағы жұмысқа, демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа, үстеме жұмысқа тартуға, оларды іссапарға жіберуге, сондай-ақ оларды жыл сайынғы ақылы еңбек демалысынан кері шақырып алуға құқығы жоқ. Жұмыс берушінің жазбаша келісімінсіз түнгі уақыттағы жұмысқа, үстеме жұмысқа тартуға, сондай-ақ іссапарға және вахталық әдіспен орындалатын жұмысқа: 1) жеті жасқа дейінгі балалары бар әйелдерді және жеті жасқа дейінгі балаларды анасыз тәрбиелеп отырған басқа да адамдарды; 2) егер үш жасқа дейінгі балалар, мүгедек балалар не отбасының ауру мүшесі медициналық қорытынды негізінде тұрақты күтім жасауға мұқтаж болса, отбасының ауру мүшелеріне күтім жасайтын не мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған қызметкерлерді жіберуге құқығы жоқ.
ЕК 188- бабы, 94-бабының 3-тармағына сәйкес, тынығуға және тамақтануға арналған үзілістерден, ауысымішілік және арнайы үзілістерден басқа, бір жарым жасқа дейінгі балалары бар әйелдерге баланы (балаларды) тамақтандыру үшін жұмыстың кемінде әрбір үш сағаты сайын:
1)бір баласы бар болғанда - әрбір үзіліс кемінде отыз минут;
2) екі немесе одан да көп баласы бар болғанда - әрбір үзіліс кемінде бір сағат болатын қосымша үзілістер беріледі.
Осы баптың 1-тармағында көрсетілген қызметкердің өтініші бойынша баланы (балаларды) тамақтандыруға арналған үзілістер тынығуға және тамақтануға арналған үзілістерге қосылады не жиынтық үзілістер жұмыс күнінің (ауысымының) басында немесе аяғында беріледі. Баланы (балаларды) тамақтандыруға арналған үзілістер жұмыс уақытына кіреді. Үзілістер уақытында әйелдердің (әкелердің, асырап алушылардың) орташа жалақысы сақталады.