Атырау, 24 қараша 04:32
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Аусыл шөптен шықпай ма?

5 548 просмотра

Индер ауданы аумағындағы «Бірлік» шаруа қожалығының шөбі таусылып, шом қораларды бұзып беруге мәжбүр болып отыр. «Нұрет» ШҚ, «Жарсуат» ӨК, «Есбол» ЖШС-де мал азығы таусыла бастаған. Оларға жем-шөп жеткізетін жол әлі қалыпқа келтірілген жоқ.

 

ШӨП ОРНЫНА ҚАМЫС ЖЕП...

Шеті де, шегі де көрінбейтін ен даладағылар естуімізше шықпа жаным шықпамен отыр. Шөп, жем, тамақ таусыла келген. Шөптері таусылғандар шом қоралар мен ауланың төбесіндегі бұрыннан қалған сабанды бұзып бере бастаған. Тіпті шөптен ада болғандар әлі жеткенше даланың қарын қолмен күреп, малдарын жайып отырған көрінеді. Оған қойлар жайылғанмен, қатты қар сиырлардың тұяғын кесіп, оларды қорада бағуға тура келіп отыр екен. 

- Бірақ онымен мал аман сақталады деу бекер. Қозысын көтере алмай басқақ болып қойлар қырылатыны сөзсіз. Ал ерте туған төлдерді аман сақтап қалу да мүмкін емес,-дейді шаруалар.

Аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы Сатыбалды ОРАЗҒАЛИЕВ шөп сұрап, тапсырыс бергендер жоқ дейді. 

Еске сала кетсек, былтыр мал азығының тапшылығынан «Есбол» ЖШС-де 1000-нан астам қой арам өлді. Жеке шаруалар мал өлексесін далаға лақтырды. Бірақ мал өсімі аудан бойынша кеміген де жоқ. Қалайша?

- Аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығын  шаруалар танымайды.  Екі жылда бір рет ауылға келіп, шаруалармен шүйіркелескен емес. Шөп даладағы малшыларда таусылып, ауылдағылар да бір бума шөпке зар болып қалды. Тіпті үйіме келіп маза бермегесін, жалғызілікті адамдарға шөппен көмектестім. Бірақ бәрін жарылқау мүмкін емес қой, менің де ШҚ бар. Ауылдан алты шақырым жердегі қыстаққа техникам бар мен әрең барып келіп отырмын, шалғайдағылар қандай күйде екенін бір басшы білмейді,-дейді «Жанбай» ШҚ төрағасы Ғалымжан НҰҒЫМАНОВ.

Есбол селолық округінің әкімі Заур МУРЗИН осы ауылға қарасты 27 мал қыстағы бар болғанымен оларға қыстай ат ізі салынбағанын жасырмады. Бұл малшылармен ұялы телефон болмаса, спутниктік байланыс орнатылмаған. Өрлік, Елтай округінде де осы жағдай.

 

АУСЫЛ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ

Индерлік шаруалар жем-шөп тапшылығы салдарынан былтыр аусылдан зардап шеккен Батыс Қазақстан облысынан әкелінген  шөпті  сатып алуға  мәжбүр болуда.

Ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінен алынған мәліметте аудан бойынша 18 359 ірі қара, 92 300 қой-ешкі, 6 290 жылқы, 2 770 жылқы бар деп көрсетілген. Бұл 123 шаруа қожалығы мен 78 жеке шаруалардың үлесіндегі мал саны. Бұған аудан бойынша 54 мың тонна мал азығы қажет деп, шөп жоспары жүз пайызға орындалған.

Индерборға кіре беріс жерде шөп саудасы жүріп жатты (суретте). Шофердің айтуынша, Батыс Қазақстан облысы Красногор ауданынан келіпті. 250 килограмдық бір рулон шөп 7 мың теңгеге дейін шарықтаған. Ал жеке кәсіпкерлер көтеріп сатып, әр рулонды 12 000 теңгеден бағалап жатыр. Ал күзде рулон бағасы 2-2,5 мың теңге болатын. 

- Ақпанның аяғында КамАЗ машинасымен шөп сатушыларды анықтадық. Сөйтсек олар Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Ілбішін ауылынан келіпті. Оншақты тұрғын шөпті сатып алып, малға берген. Шындығында өткен жылы осы Ілбішіннен аусыл ауруы шықты емес пе. Мен дереу ауданға хабарласып, адамдардан түсініктеме алдық,-дейді Елтай округінің бас маманы, ветеринар Амантай МҰҚАТОВ.

Аусыл айтып келмейтін індет. 2011 жылы Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Ақжол селолық округіне қарасты Тінәлі, Ілбішін ауылдарында аусыл індеті тарап, мыңдаған малдардың көзі жойылғанды. ҚР Ауыл шаруашылығы Министрлігінің 2004 жылы 24 желтоқсандағы №753 бұйрығында «Аусыл ауруын алдын алу және жою туралы» Ережесінде аусылмен ауырған жануарлардан алынған залалсыздандырылмаған тағамдар мен шикізаттарда, сонымен бірге ауру жануарлардың бөлінділерімен ластанған мал азығында, су, төсеніш, күту заттарында күтушілердің киімдері мен аяқ киімдерінде, көліктерде аусылдың вирустары 1 жылға сақталатыны атап көрсетілген. Ал аусыл шыққан жердің шөбі Есбол, Елтай, Жарсуат селолық округтерінде сатылғанын ветеринария мамандары да растады. 

- Бізге округтерден дабыл түскеннен кейін аудан әкімдігіне, ТЖ, жол полициясына шағым түсірдік. Қазір бәрі тексерілуде. Ал ауру шыққан жердің шөбін пайдаланғандардың малдары бақылауға алынған. Былтыр аусылға қарсы вакцина егілген жоқ. Тек вакцина құтыру, топалаң, қарасанға ғана бөлінген болатын. Сондықтан қазіргі уақытта ауданда осы індет болмайды деп нақты айта алмаймын. Себебі шөптердің сынамасын айыратын лаборатория бізде жоқ, - дейді ветеринариялық қадағалау және бақылау комитетінің Индер аудандық аумақтық инспекциясының бастығы Бақтығали АТАУҰЛЫ.

- Алыс қыстақтардағы малшылармен жол қатынасын орнату мүмкін болмауда. Әлсін-әлі қар жауып, боран соғып тұр. Ауылдар мен елді мекендердің жолын бірнеше рет аршуға тура келді. Кешегі жауған қардан кейбір ауылдардың жолы тағы жабылып қалды. Оның үстіне поселкедегі қарды тазарту да күшпен жүруде. Егер күн бірден жылынса көп үйлер суға кетуі ғажап емес. Соның алдын алу шаралары жүріп жатыр. Қырдағы 3 мың шақырымдық жолдарды аршу үшін арнайы техника болмаса болмайды, қолдағының әлі келмейді. Оны облыстан сұратып отырмыз. Ауданда техника тапшы болғандықтан облыстан оншақты техника алынды. Ал аусыл шықпасын де, онда жағдай мүлдем қиындайды. Негізі құзырлы орындарға нақты тапсырма берілді, - дейді Индер ауданының әкімі.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

21 наурыз 2012, 13:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.