Атырау, 4 қазан 08:21
 ашықВ Атырау +24
$ 482.86
€ 533.17
₽ 5.08

Қармаққа ілінді-2

2 053 просмотра

«Қармаққа ілінді» деген материал жарыққа шыққаннан кейін («АЖ», №6, 9 ақпан, 2012 жыл) Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мақалада баяндалған дәйектермен өздерінің келіспейтіндіктерін білдірген еді. Инспекция бастығы Амантай АЙЖІГІТОВТІҢ хатының мәтінін назарларыңызға ұсынамыз:

«Шынымен де 2011 жылы «Сүндетова» ЖК қосалқы мердігер мекемесі балық аулауға №1096 рұқсат қағазын рәсімдеді. 2011 жылғы 20 қыркүйектегі №179-п бұйрығына сәйкес ауланған балықты қабылдау қосындары – «Сасықөзек», «Приморский канал», «Третий правый» және «Второй Дамбинский» болып белгіленді. Басқа жерлер, соның ішінде Пешной ауданы ауланған балықтарды қабылдаудың заңсыз қосындары боп табылады.

Әрі қарай мақалада су полициясының қызметкерлері құжаттардың бәрі дұрыс екенін көрген соң оларды ұстауды рәсімдеуден бас тартқандығы туралы айтылған. Бірақ бұл шындыққа сай келмейді, балық тиелген автокөлікті ұстау фактісі туралы айғақтар Е. Тапенов пен К. Катаповтың қатысуымен, Дамбы балық қорғау инспекциясы бөлімінің бас маманы И. Ғұмаров қол қойған және табиғат қорғау прокуратурасының көмекшісі М.Әзербаевтың, балық қорларына қылмыстық қол сұғушылықпен күрес жөніндегі бөлім (су полициясының) қызметкерлері С. Иманғазиев пен М. Мұхтаровтың қатысуымен әкімшілік заң бұзушылықтың толық мазмұны баяндалған 2011 жылғы 28 қарашадағы №9038 хаттамасы толтырылған.

Құқық бұзу құралы боп табылатын заң бұзушының заттары мен құжаттарының тәркіленгені туралы хаттама жасалып, оған аталмыш ресми табиғат қорғау және құқыққорғау органдары өкілдерінің қолы қойылған. Бортты УАЗ заттай айғақ ретінде Дамбы балық қорғау инспекциясы бөлімінің ауласында мөрленген күйде тұрды. Тек құқық қорғау органдарының рұқсатынан кейін ғана қожайынына қайтарылды.

…Мақалада Герман ЖИДКОВТАН ешкім ештеңе сұрамаған деп айтылыпты. Алайда жоғарыда аталған әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада Герман Жидковтың сұраққа жауап бермегені, балықтың қайдан алынғандығы туралы ештеңе түсіндірмегендігі, құжатпен танысудан және қол қоюдан бас тартқандығы туралы жазылған. Өйткені ол болып жатқан жағдайдан бейхабар болуы мүмкін емес қой. Оның үстіне тәркіленген балықтың барлығы келісім-шартқа сәйкес, басқа тұлғалардың қатысуымен «Надежда-1» ЖШС-не тапсырылды. Қолымызда бұған тиесілі түбіртегіміз бар.

…2011 жылдың 23 қарашасынан бастап өзеннің жағалау бөліктері мен еріктер мұз қабатын жамылды. Балықшылардың барлығы қарашаның басында балықшыларды тікұшақпен құтқарған төтенше жағдайдың қайталануын болдырмас үшін күзгі кәсіпшіліктерін тоқтатты. Солардың ішінде «Сүндетова Р.» ЖК да бар. Осыған байланысты И. Есмұратовтың Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшылығының рұқсатын өздігімен алып тастамағанын атап өткен жөн. Р. Сүндетованың сол кезеңде балық аулауды жүзеге асырғандығы туралы мәлімдемесі шындыққа сай келмейді. Өйткені онда жұмыс жасайтын балықшылардың өздері оған балық тапсырмағандықтарын жазбаша түрде растады. Бұдан басқа, Р. Сүндетованың балық 23 қарашада ауланды және ол бұзылып, батып қалған машинаның ішінде болды деген сөзі де ақиқатқа сай емес. Өйткені осы маңда мемлекеттік балық қорғау инспекторлары жағалау бойын күн сайын тексереді. Балық тиелген көлікке кез болмауы мүмкін емес. Кәсіпшілік журналындағы жазба бойынша соңғы балық аулау 23 қаңтарда жүзеге асырылған, ал ұстау 28 қарашада болған. Оның үстіне ауланған балықты тасымалдап келе жатқан көліктің бұзылып қалғаны туралы «Сүндетова Р.» ЖК Дамбы балық қорғау инспекциясы бөліміне хабардар етуі тиіс еді. Бірақ ауызша да, жазбаша да хабар түскен жоқ. Сондай-ақ, «Атырау гидрометеорология орталығы» еншілес мемлекеттік кәсіпорнының 2012 жылғы 10 қаңтардағы №01-08/46 хатына сәйкес, Пешной гидробекетінде 2011 жылдың 26 қарашасынан 7 желтоқсаны аралығында тұтас мұз байқалғандығын назарға алған жөн. Кәсіпшілік журналдағы жазбалар бақылаушы орган өкілдерінің қатысуымен (бұл жағдайда Дамбы балық қорғау инспекциясы бөлімі) жазылатынын атап өткен орынды. Бірақ бұл орындалмаған.

Атырау облыстық прокуратурасының және Атырау облыстық  ҰҚКД тарапына жолданған Сүндетованың арызы бойынша, Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы қызметтік тергеу жұмысын жүргізіп, оның қорытындылары тәртіптік комиссияда қаралды. Онда Дамбы балық қорғау инспекциясы бөлімінің бастығы Ибрай ЕСМҰРАТОВТЫҢ әрекетінен қандай да болмасын заң бұзушылық таппады. Ол  өз өкілеттігі шеңберінде және табиғат қорғау заңнамасына сай әрекет еткен. Дамбы балық қорғау инспекциясы бөлімінің бастығы И. Есмұратов – көп жылғы өтілі мен мол жұмыс тәжірибесі бар қызметкер, Атырау облысының балық саласының ардагері боп табылады, бақылауындағы аумақ туралы жете біледі» делінген.

 

ЗАҢГЕРДІҢ ПІКІРІ

Комментарий алу үшін «Сүндетова Р.» ЖК заңгері Қалбай ӨТЕПОВКЕ хабарласқан едік. Оның пікірі мынадай:

– «Сүндетова Р.» ЖК ауланған балықты қабылдау қосындары белгіленген 2011 жылғы 20 қыркүйектегі №179-п бұйрығымен танысқан жоқ және оған қол қоймады.

– Су полициясы қызметкерлері М. Мұхтаровтың, С. Иманғазиевтың және табиғат қорғау прокурорының көмекшісі М. Әзербаевтың азамат Жидковты ұстау кезінде болмау фактісін 2011 жылғы 28 қыркүйектегі №9038 хаттамасы растайды. Оның 5-тармағында былай деп көрсетілген: «...ОСЫДАН КЕЙІН біздің хабарламамыз бойынша сол жерге прокурор көмекшісі М. Әзербаев пен балық қорларына қылмыстық қол сұғушылықпен күрес жөніндегі бөлім қызметкерлері келіп, қажетті құжаттар жасақталды...». Сондай-ақ, №9038 хаттамасын толтыру кезінде прокурор М. Әзербаевтың болмағандығын «Қатысушылар» деген 12.3 бағанда оның қолының болмауы растайды.

– Мемлекеттік инспектор И. Ғұмаровтың 2011 жылдың 27 қыркүйегінде толтырған осындай актісі су полициясы қызметкерлері С. Иманғазиевтің, М. Мұхтаровтың және табиғат қорғау прокурорының көмекшісі М. Әзербаевтың ол жерде болмағандығын көрсетеді. Актіде былай деп көрсетілген: «…СОДАН КЕЙІН біздер балық қорларына қылмыстық қол сұғушылықпен күрес жөніндегі бөлім қызметкерлерін шақырдық және Атырау облыстық табиғат қорғау прокуратурасына хабардар етілді». Бұл актіде прокурор М. Әзербаевтың фамилиясы мен қолы жоқ.

– 2011 жылдың 28 қыркүйегіндегі заң бұзушылық құралы немесе нысаны боп табылатын заттарды тәркілеу хаттамасын ...табиғат қорғау және құқыққорғау органдарының ресми өкілдері емес, мемлекеттік инспектор И. Ғұмаровтың бір өзі толтырған. Онда тек И. Ғұмаровтың ғана қойған қолы бар.

– Мемлекеттік нөмірі Е514КNM, бортты УАЗ-ды тәркілеу заңдылығы күмәнді. 2011 жылдың 28 қыркүйегінде толтырылған хаттама мен акт бойынша ұстау кезінде балық «Газель» көлігінде болған. Тәркілеу ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 628-бабының 1-тармағына нұқсан келтіріп, Дамбы балық қорғау инспекциясында жасалған. Мұнда мемлекеттік инспектор И. Ғұмаров көлік құралын ұстау, жеткізу және пайдалануға тыйым салу туралы бекітілген формадағы актіні толтырмаған. Және ол әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаларға тіркелмеген. Бұл ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 630-бабының 2-тармағына нұқсан келтіру боп табылады. 

«Герман Ильич Жидков сұрақтарға жауап берген жоқ, балықтың қайдан алынғандығы туралы ештеңе түсіндірмеді, құжатпен танысудан және қол қоюдан бас тартты..» дегенге келер болсақ, бастық А. Айжігітовтің ҚР ҚПК-тің «Ешкiм өзiне, жұбайына (зайыбына) және жақын туыстарына қарсы айғақтар беруге мiндеттi емес» деп айтылған 27-бабының 1-тармағын білмеуі мүмкін емес.

– ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 628-бабының 5-тармағын бұзған мемлекеттік қызметкер И. Ғұмаров Г.Жидковтан тәркіленген балықты өзі тапсырмай, оны әлдебір Т. Шайдуллин дегенге тапсыруы балық қорғау инспекциясы мен «Надежда-1» ЖШС-нің арасында келісім-шарттың бар екендігі жөнінде күмән туғызып отыр.

Жазып алған Сәния ТОЙКЕН

21 наурыз 2012, 13:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.