Атырау, 5 қазан 02:43
 ашықВ Атырау +17
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Ақиқат «Казправдада» ма?

2 011 просмотра

16 наурызда Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Бауыржан ЖҰМАЖАНОВПЕН кездескен балық аулау кооперативтерінің жұмысшылары оны құшақ жая қарсы алған жоқ.

Құрманғазы (Дамбы) селосының клубына екі жүздей адам жиналды. Барлығын да тек көктемгі балық аулау маусымының болатын-болмайтындығы қызықтырды. Өйткені өткен жылы шектеулер мен тыйымдарды реттейтін үкімет қаулысы болмағандықтан балық аулау жүзеге асырылмай қалған еді.

ШЕНЕУНІК ЖАЗЫП АЛДЫ. КҮТЕМІЗ

«Жемчужина» ЖШС  директоры Гүлфара ИСМАҒҰЛОВА әңгімелейді: «Комитет төрағасы қаулыға қол қойылғанын, кешікпей балық аулауға кірісетінімізді айтты. Біздің білуімізше, ол жерде балық аулау мұз еріген уақыттан бастап 25 сәуірге дейін созылады деп көрсетілген. Алайда шенеуніктер биылғы жылы Жайықтағы мұздың берік екенін, сәуір басталғанша мұздың қозғалмайтынын ескермеген. Одан «дневканы» алып тастасақ, балық аулау маусымы өте қысқа боп шығады. Ал ЖШС құрамына кіретін кооперативте 300-дей адам – Дамбы тұрғындары балықпен күн көріп отыр. Бұлар балықшылар, аңшылар, ау жамаушылар және т.б. Бұдан басқа, қаулы әлі күнге дейін жарияланған жоқ, ал уақыт болса өтіп жатыр».

«Жемчужина» ЖШС инженері Санат ТІЛЕПБЕРГЕН: «Мен комитет төрағасынан: неліктен балық аулау кооперативтерінен биоресурстар үшін төлемақыны балық аулаудан кейін емес, оған дейін алатындығы туралы сұрадым. Маусым алдында онсыз да жабдықтар мен техниканы жөндеуге ақша іздестіреміз. Биоресурстар салығын төлеу үшін несие алуға тура келеді. Екінші проблема: өткен күзде Жайықта балық жүрмеді. Бұған себеп  – өзендегі су деңгейінің төмендеуі. Өткен жылдары осындай жағдай орын алып, балық аулау кооперативтеріне Төменгі және Жоғарғы Пешнойдан балық аулауға рұқсат берілді. Бізге сол жерден балық аулауға рұқсат етсеңіздер екен»!

Қазіргі ереже бойынша, егер біз лимитті, мәселен, табан балығы бойынша орындасақ, онда автоматты түрде қара балықтың барлық қалған түрлері – көксерке, ақмарқа және т.б. бойынша лимит жабылады да, тиесілі жалпы көлемді толтыра алмаймыз. Мұны да дұрыс емес деп есептеймін».

ГАЗЕТТЕ КЕЗЕКТЕ ТҰР

Б. Жұмажановтың үкімет қаулысына қол қойылғандығы және көктемде балық аулау маусымының болатындығы туралы айтқан сөзі облыстың түкпір-түкпіріне тарап кетті. «Каспий-Балық» ЖШС инженері, құрманғазылық Асхат ШҮКІРОВ былай дейді: «Қиғаш өзеніндегі ағыс Жайыққа қарағанда анағұрлым жылдам, сондықтан бізде мұз анағұрлым ерте түседі. Биыл бұл бірер күнде орын алуы мүмкін. Сондықтан біз үкімет қаулысы қашан жарияланады деп асыға күтіп жүрміз, өйткені осыдан кейін ғана ол күшіне енеді ғой.

Кеше ғана Жұмажанов біздің ауданға келді. Ол Қиғаш өзені бойынша балық аулау мерзімі мұз түскен уақыттан бастап 1 мамырға дейін, ал теңізде 10 мамырға дейін екенін айтты. Мен бұл мерзімдерді кем дегенде 5 күнге ұзарту керек деп есептеймін. Осы уақыттарда қаракөз, табан, шортан балықтары жүреді. Маусым кезінде бізде мыңға тарта адам жұмыс істейді. Бәрі де табыс тапқысы келеді».

Сонымен, маусымға бәрі де дайын. Енді тек үкімет қаулысының жарыққа шығуын күтіп отыр. Бізге Астанадан телефон арқылы Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Нариман ЖҮНІСОВ былай деп хабарлады:«№303 қаулыға 7 наурыз күні қол қойылды. Енді «Казахстанская правда» газетіне жариялану кезегін күтуде. Біз балықшылардың асығып отырғандарын түсінеміз, өз тарапымыздан жарияланымды тездетуге тырысамыз. Маусым мерзімін ұзарту туралы өтінішке келер болсақ, бұл мерзімдер ауадан алынған жоқ, олар ғалымдардың ұсынымдарына негізделген. Сондықтан өзгерістердің болуы неғайбіл».

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

21 наурыз 2012, 12:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.