«ЖайықБалық» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнын «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының құзырына береді. Осыдан екі жыл бұрын «АтырауБалық» базасында құрылған жаңа кәсіпорын балық өнеркәсібін жандандыруға тиіс болатын. Алайда ізбасардың өзінің болашағы бар ма?
ІЗДЕГЕН ЖЕТЕР МҰРАТҚА
Есеп комитетінің esep.kz сайтында (Атырау облысындағы әлеуметтік-экономикалық дамудың орташа мерзімді жоспарларын жүзеге асыру туралы материалда): «2010-2011 жылдары «ЖайықБалық» КМК жарғылық капиталын көбейтуге жабдықтар сатып алу үшін 3,5 млрд теңге бөлінді. КМК үшін аса жоғары баға бойынша сатып алынған жабдықтар пайдаланылмай отыр» деген қызықты ақпарат пайда болды
Осыған байланысты Есеп комитеті ҚР үкіметіне заң деңгейінде бюджеттік инвестициялық жобаларды республикалық және жергілікті бюджеттен қатарынан қаржыландыру тәжірибесін алып тастауды ұсынды.
Өз кезегінде ауыл шаруашылығы министрлігі бекіре тұқымдас балықтарды аулау мораториясына байланысты оның тиімсіз екендігіне сілтеп, осы жобаны қаржыландыруды тоқтатты. Сонымен қатар бір уақытта облыстық әкімдікке «Атырау» ӘКК арқылы жеке инвесторларды табуды жүктеді.
- Қазір біз «ЖайықБалықты» біздің құзырымызға беру мәселесін жан-жақты қарастырып жатырмыз,- дейді «Атырау» ӘКК басқармасы төрағасының орынбасары Абат ТАСИМОВ. – Алдымен біз КМК-ны қысқа уақыт ішінде аз шығындармен беру сызбасын жасақтап шығуға тиіспіз.
- Сіздердің корпорацияларыңызда түрлі кәсіпорындар мен компаниялардың активтері баршылық. «АтырауБалық» активтерін сатып алу туралы мәселе туындаған жоқ па?
- Ол жерде кемшіліктер көп, барлық жабдықтар моралдық және физикалық тұрғыда ескірген, олар бойынша қомақты амортизациялық салықтар төленеді. Сонымен қатар «АтырауБалықтың» өз қызметкерлері алдында үлкен бережақтары бар.
Инвесторларды іздеуге келер болсақ, Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Ерболат ҚАДИМОВ былай дейді:
- Біз кәсіпорын құрып, 3,5 млрд теңгеге мүлік сатып алдық. Әрі қарай арнайы бағдарлама жасақталып, осы бағдарлама аясында инвестор тартылатын болады.
- Ал егер ниет білдірушілер табылмаса ше? Әңгіме 4-5 млрд теңге мөлшеріндегі қомақты сома туралы болып отыр ғой.
- Өндірісті қалай еткенде де жандандырамыз.
«ЖайықБалық» КМК заңгері Ерболат ЕЛУБАЙДЫҢ айтуынша, қазір кәсіпорын тоқтап тұр. Алдағы көктемгі балық аулау маусымына қатыспайды. Оның айтуынша, сатып алынған жаңа жабдықтардың (жүзбелі құралдар) бәрі бірдей келе қоймаған. Келісілген мерзімдерге сәйкес, олар жазға дейін жеткізілуі тиіс. Кәсіпорын штатында қағаз жұмыстарымен айналысатын бірнеше адам бар.
Айтпақшы, «ЖайықБалық» КМК-на қызығушылық танытқан үш-төрт инвестор туралы ақпаратты(бұл туралы облыс басшысы жақында есептік жиналыста айтқан еді – С.Т.) жоғарыдағы аталмыш ресми тұлғалардың бірде-бірі растамады да, теріске де шығармады.
ШЫҒЫННЫҢ ОРНЫ ТОЛАДЫ
Біз балық бизнесімен таныс атыраулық кәсіпкерлерге «ЖайықБалықтың» болашағы бар ма?» деген сауал қойған едік.
«Тенгизстройсервис» ЖШС директоры Владимир РОЗМЕТОВ:
- Балық кәсіпорны қай уақытта да табысты болады. Балық аулау кезіндегі шығындар көп дегенде 20 пайыз, ал пайда – 80 пайыз болады. Тіпті құрылыс саласы да мұндай тиімді емес. Қара балық бойынша пайданы математикалық тұрғыда есептеп көрелік. Қала базарларында сазанның орташа бағасы – 500 теңге, аршылып тазартылған сазан – 1500 теңге тұрады. Осылайша, аршып тазартқан кездегі рентабельділік 100 пайызға дейін жетеді. Егер жабдықты сауатты таңдап, оны сатып алатын болса, болашағы тіпті жақсы болмақ. Өйткені балық шаруашылығында шығындар тек кәсіпшілікке ғана кетеді. Бұл жерде арнайы ферма салып, жем-шөп сатып алып, жұмысшыларға еңбекақы төлеу қажет болатын шошқа мен сиыр өсіру шаруашылығы туралы әңгіме болып отырған жоқ.
Ең алдымен теңізден балық аулау ісін дамыту керек деп есептеймін. Ал миллиардтарды ақылмен жұмсау үшін өңдеу мен кәсіпшіліктің нағыз мамандарын тарту керек. Олар бізде жеткілікті. Тіпті қара балықпен-ақ халықаралық нарыққа шыға аламыз. Теңіз көксеркесі, сазан, ақмарқа – осының бәрі қазір жеңсік тағам боп саналады.
КЕЛЕШЕГІ ЗОР КӘСІПОРЫН
«Әдемі үй» ЖШС директоры Құрманғали ҚАҒАЗОВ: (суретте)
– Кезінде, 2008 жылы мен бекіре зауытын салуға 500 млн теңге қаржы салдым. Қуаттылығы жылына 100 тонна балық пен 1 тонна тағам уылдырығы болатын бекіре тұқымдас балықтарды жыл бойына өсіру жобасына мемлекет маған Теңдік поселкесіндегі Жайық жағасынан 10 га жерді жалға берді. Негізгі қызметтен түскен айналым қаражатына (құрылыс материалдарын жеткізу – С.Т.) мен бүкіл коммуникацияны жүргізіп, балық өнімдерін өңдеу цехын, әрбіреуі 2 га екі тоған салдым, өңдеу үшін жабдықтар сатып алдым. «КазАгроФинанс» компаниясымен қатар жұмыс істедім, олар жеңілдік несиесін бөлуге тиіс болатын. Бірақ айналып келгенде, тәуекелділіктің жоғары дәрежеде екендігіне сілтеп, маған несие беруден бас тартты. Алайда 2008 жылдан бастап жоба жасақталып жатқан кезде, балық бағасы көтерілді. Зауыт 5 жылда емес, 2-3 жыл ішінде өз шығындарының орнын толтырар еді. Бекіре зауытының құрылысына кезінде екінші деңгейлі банктен алынған айналым қаржысы салынғандықтан, қазір несиені жабуға мүмкіндігім болмай отыр. Несиелер бойынша банкке бережағым 359 млн теңге құрады. Қазір олар менің есеп-шотыма тыйым салды. Сөйтіп біздің жұмысымыз тоқтап қалды.
«ЖайықБалыққа» келер болсақ, келешегі бар екені сөзсіз. Кей мәселелерді жете біле бермейміз. Бізге мұндай кәсіпорынның қажет екендігінде дау жоқ. Біз ерекше жағдайда өмір сүріп жатырмыз, балығымыз бар, тек барлық мәселелерді сауатты түрде қарастыру керек.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА