Атырау зейнетақы және жәрдемақы төлеу орталығында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қамсыздандыру және сақтандыру департаментінің жинақтаушы зейнетақы жүйесі және әлеуметтік сақтандыру басқармасының бастығы Гүлзада СҰЛТАНОВАМЕН кездесу болды.
ЕУРОПАҢДЫ ҚОЯ ТҰР
Қала тұрғыны Сакон ХАБИЕВА баршаның көкейіндегі сауалды бірінші болып бастады:
– Зейнеткерлік жасы жоғарылайтын бола ма?
– Алаңдамаңыздар, олай болмайды. Бұл тұрғыда Ұлттық банк төрағасы Григорий МАРЧЕНКО еуропалық елдердің тәжірибесіне негізделген Бүкіләлемдік банк ұсынымын жария етті. Оларда зейнеткерлік жасына кеш шығу еңбекке жарамды халықты қысқартуға негізделген, өйткені, оларда өмір сүру ұзақтығы бізге қарағанда жоғары. Бізде демографиялық проблема өзекті мәселе емес, ал, адамдар аз өмір сүреді. Жалпы зейнеткерлікке әйелдердің де ерлермен бірге 63 жастан бастап шығуы керек деген болжамдар болды. Статистика бойынша біздің әйелдеріміз зейнеткерлікке шыққаннан кейін кем дегенде тағы да 20 жыл өмір сүреді.
– Бұл идеяға сіздің өзіңіз қалай қарайсыз? – деп сұрадым мен Г.Сұлтановадан.
– Мен де қазір зейнеткерлік жастың алдында жүрмін. 63 жасқа дейін жұмыс жасау ауыр болар еді. Оның үстіне бізге, мемлекеттік қызметкерлерге өте қиын, өйткені, біз үздіксіз сағат 9-дан кешкі 19-ға дейін бір ғана демалыс күнімен жұмыс жасаймыз.
С. Хабиева тағы бір сауал қойды:
– Бірнеше жыл бұрын мен Қазақстанға Ресейден көшіп келдім. Мен өзімнің зейнетақы жинағымды ол жақтан ала аламын ба?
- Жоқ, ала алмайсыз. Ресейде біздегі секілді дербес есеп жоқ. Оларда ақша жалпылай айтқанда, ортақ қазанға түседі. Ал Қазақстаннан кеткен зейнеткерлер зейнетақы қорларындағы қаржыларын ала алады.
ЖҮЙЕНІ АУЫСТЫРУ КЕРЕК
Қибатолла АҚБАЕВ мардымсыз зейнетақысы үшін шағымдануға келіпті. Халықты әлеуметтік қорғау және бақылау жөніндегі департамент директорының орынбасары Мәншүк ЛЕПЕСОВА сол жерде құжаттарды тексере бастады, сөйтсе, ол адамның 14 жылғы еңбек өтілі бар еңбек кітапшасының бір кездері жоғалып кетуінен ең кіші зейнетақы алып отырғандығы анықталды. Ал, сол жылдары ол еңбек еткен кәсіпорын баяғыда-ақ тарап кеткен, оның үстіне мұрағаттарда ешқандай құжаттар қалмаған. Бірақ, Ақбаевтың сөзіне қарағанда, оның дәл сол кәсіпорында еңбек еткендігін растайтын куәгерлер, түзетілген еңбек кітапшалары бар әріптестері бар екен. Зейнеткерге азаматтық істер жөніндеге сотқа шағымдануға кеңес берілді, сот құжаттардың қайтадан жасақталуға жатпайтындығы туралы шешім шығарады және куәгерлердің дәлелдері негізінде оған сол жылдар бойынша еңбек өтілін есептейтін болады.
-Солай жасаймын, – деп бір күрсінді Ақбаев. – Маған ең болмағанда зейнетақымды 40 мың теңгеге жеткізсе болғаны, 20 мың теңгеге өмір сүру оңай емес.
ҮШ ЖҰМЫССЫЗ ЖӘНЕ АЛЬЦГЕЙМЕР
Индерден келген әйел өз басындағы ауыртпалығымен бөлісті. Бірнеше жыл қатарынан бері ол өзінің екІ апасымен кезектесе отырып, Альцгеймер сырқатымен ауыратын, қарт анасын бағып келеді екен.
- Біз оны ешқайда бергіміз келмейді, оны күтуге байланысты жәрдемақы тағайындауды сұраймыз. Бірнеше ай бұрын біз апаларыммен бірге жұмыстан қысқарып қалдық, сондықтан да жәрдемақы бізге қосымша болар еді.
Сол жерде-ақ, мұндай сырқат түрімен ауыратын адамдарды күтуге байланысты жәрдемақы төлеудің заң бойынша қаралмағандығы белгілі болды. Алайда, ол әйелге отбасындағы үш бірдей адамның қысқартуға ұшырауына байланысты жұмысқа орналастыруға көмектесуге уәде етті.
– Бізде қазір жүйкесі ауыратын адамдардың туысқандарының оларды арнаулы мекемелерге тұрақты негізде орналастыруға өтініш білдірген 100-ден аса арызы жатыр. Ал, ондай мекеме бізде біреу ғана - Сарайшықтағы жүйке-неврологиялық интернат. Оның өзі адамдарға толы,- деп хабарлады еңбек министрлігінің өкіліне облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары Гүлмира ШАКИРОВА.
– Біз тағы да бір интернат құрылысы туралы мәселені республикалық деңгейде бірнеше рет көтерген болатынбыз, бірақ, одан ешқандай жауап алғанымыз жоқ.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА