Биылғы жылы мектепке баратын балғындардың ата-аналары түсінбестік жағдайда қалып отыр: 2012 жылғы 19 қаңтарда үкімет бекіткен жаңа ережелерде 1 сыныпқа қабылдау барысында емтихандар, тестілеу, байқаулар жүргізілмейді деп жазылған. Және дәл сол құжатта арнаулы мектептерге қабылдау байқау негізінде жүргізіледі делінген.
ТЕСТІЛЕУ БОЛМАЙДЫ...
– Лицейлер мен гимназияларға, сондай-ақ, қарапайым мектептердегі гимназиялық сыныптарға байқау негізінде қабылданатындығы баршаға аян. Cондықтан да біз жаңа ережемен мұқият танысып алдық,- дейді болашақ бірінші сынып оқушысы Антонның анасы Галина СЕМЕНОВА. – Алайда, ондағы екі басты тармақ бірі-біріне қарама қайшы келіп тұр!
-1 сыныпқа түсу барысында тестілеу жүргізілуге тиісті емес, -деп сендіреді қалалық білім беру бөлімінің бас мектеп инспекторы Дариға ШОХАНАЕВА. - Мектептер өздері орналасқан аумақтағы тұратын барлық балаларды дайындалу деңгейіне қарамастан бірінші сыныпқа қабылдауды қамтамасыз етуге міндетті. Бірақ, гимназиялық сыныптар мен лицейлерге олардың өз жарғыларына сәйкес, әңгімелесу бойынша қабылдайды. Назар аударыңыз – тестілеу де, емтихан да емес, әңгімелесу ғана. Атырауда 2 гимназия (СТГ және №13 ұлттық мектеп-гимназиясы) және 1 №17 лицей бар. Олар балаларды тұратын жеріне қарамастан қабылдайды. Сондай-ақ, гимназиялық сыныптары бар 33 мектеп бар.
… ӘҢГІМЕЛЕСУ БОЛАДЫ
– 1 сыныпқа қабылдау барысында бізде әңгімелесу міндетті түрде жүргізіледі,- дейді №17 мектеп-лицейдің бастауыш сыныптар меңгерушісі Елена ГЕТЦ. – Біз назарды баланың мектепке психологиялық жағынан дайындығына аударамыз. Әңгімелесуге үлкен бір комиссия қатысады, комиссияның құрамында психолог, бастауыш сынып мұғалімдері, оқу ісінің меңгерушілері болады. Егер бала сабаққа дайын болмаса, сөзге араласпаса, сұрақтарға жауап бермесе онда баланы мектепке қабылдаудан бас тартуға тура келеді.
№30 мектептің жарғысына сәйкес, олар оқу мекемесіне қарапайым және гимназиялық сыныптарға балаларды қабылдай береді.
- Гимназиялық сыныпқа қабылдау барысында әңгімелесу міндетті түрде жүргізіледі. Бұлай етпеген жағдайда балаларға гимназиялық бағдарлама бойынша оқу ауыр тиетін болады,- дейді №30 мектептің бастауыш сынып меңгерушісі Дәмен ТӘЖИЕВА. -Әдеттегідей, мектеп алды даярлық бағдарламасынан өтпеген балалар қабылдаудан өтпей қалады.
-Дәмен Тәжиеваның айтуынша, бұл бағдарламаның аясында ештеңе шықпайтын болса, онда балалардан да талап етілмейді. Олардан терезе немесе доптың қандай фигураны еске түсіретіндігін, біздің еліміздің елтаңбасының түсі қандай екендігі, сүйікті ертегісін айтып беруін сұрайды.
– Ал егер бала жақсы дайындалып, танымайтын адамдар алдында қорқып, сасқалақтап қалса ше?
– Сол үшін комиссия құрамында міндетті түрде психолог болады. Оның міндеті – баланы тыныштандырып, дұрыс отырғызып, одан қарапайым ғана тапсырмаларды орындауды өтініп, мақтап, ал кейін алдарқата отырып, әдеттегі сауалдарды қояды. Бізге балалар негізінен №43 және №1 АДГ балабақшаларынан келеді. Және олардан басқа ата-аналары репетиторлар жалдап әдейі осы гимназиялық сыныпқа дайындаған балалар да бар.
Сонымен, лицейлер мен гимназияларда, гимназия сыныптарында «тестілеу» болмайды, ал, «әңгімелесу» болады. Оның айырмашылығының неде екендігін түсіне білсек болар еді. Жалпы, 1 сыныпқа қабылдаудың жаңа ережесі іс жүзінде ештеңені өзгерте қойған жоқ.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
- 1 сыныпқа өтініштерді қабылдау 25 мамырдан 31 тамызға дейін жүргізілетін болады, ал, лицей мен гимназиялық сыныптарға 26 мамырдан 5 маусымға дейін қабылданады. Лицейге және гимназиялық сыныптарға қабылдау барысында алфавитті білу, буынға бөліп оқу, 3-4 әріптен тұратын қиын емес сөздерді құрастыру (әке, ана, доп және т.б.), 10-ға дейін санау және оны кері санау, 10-ға дейінгі сандарды қосып, алуды білу керек болады. Баланың жыл мезгілдерін және олардың бір-бірінен айырмашылығы қандай екендігі, оның қандай елде тұратындығы, басқа қандай елдерді білетіндігі сұралады. Оқуға деген психологиялық дайындығы және жалпы ақыл-ойының дамуы ескеріледі. Болашақ гимназист өзінің жасын, ата-анасының есімдерін, отбасында кіммен бірге тұратындығын білуге тиісті. Сурет бойынша әңгіме құрастырып, өлең және ертегі айта білуі керек.