Авангард ықшам ауданындағы салынғанына 40 жылдан асқан бес қабатты үйлерде тот басқан темір-бетонды күнқағарлар ілініп тұр, олар кез-келген сәтте адамдардың үстіне құлауы мүмкін.
Кеңестік үлгідегі подъезд күнқағарларының салмағы бір тоннадан кем емес. Уақыт өте келе шөгіп қалған үйлердің осы қалқа құрылымымен еш байланысы жоқ. 3-ықшам аудандағы №49 үйдің күнқағары 2005 жылы, ал көрші №42 үйде 2008 жылы опырылып, ал 2010 жылдан бастап мұнай астанасының осы бөлігіндегі күнқағарлар қауіп төндіріп, бірінен соң бірі құлап жатыр. 6 наурызда үшінші ықшам аудандағы №34 үйдің күнқағары құлап түскен.
–Төтенше оқиға кешкі сағат 7-де орын алды. Бақтарына қарай, күнқағар астында ешкім болған жоқ, - деп әңгімелейді «Мұхамбет» ПИК-інің төрағасы Мұхамбет ЖАНАХМЕТ. – Кооператив қызметкерлері апатты күнқағарларды анықтап, содан соң «Арнаулы автобаза» КМК-нан манипулятор алып, анағұрлым қауіпті дегендерін бұзып жатыр. Өткен жылы осылайша №73 үйдегі бір күнқағар алынып тасталды. №53 үйдегі 4 күнқағар бұзып алынды. Алайда біздің ПИК-тің балансында 20 апатты күнқағар бар. Олардың орнына біз бұрыштықтан және металл жабынқыштан жасалған жеңіл күнқағарларды орнатуға дайынбыз. Оларды ұсақ фирмалар 25-30 мың теңгеге дайындайды. Ешқандай қиындығы жоқ. Тіреуішін аралап алғанша, ескі күнқағарды ілінген күйде ұстап тұру үшін манипулятормен көмектессе болғаны.
Көктем –ілініп тұрған қалқаның астынан күніне бірнеше рет кіріп-шығатын тұрғындар үшін ең қауіпті кезең. Өйткені еріп жатқан мұз күнқағардың арматурасы мен басқа металл қосындыларына зиянды әсерін тигізеді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ