Атырау, 10 мамыр 18:51
 ашықВ Атырау +9
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

Жерді пайдаланбағандарға жаза күшейеді

2 559 просмотра


Жаз мезгілінде көтерілген жер дауы бойынша 75 адамнан арнайы комиссия құрылған болатын. Сол жер реформасы жөніндегі комиссия өз жұмысын қорытындылап, Мәжіліске жаңа жер кодексін таныстырды.

Құжатқа бар-жоғы 11 өзгеріс енгізілген. Оның ішінде шетелдіктерге жерді бермеу, жайылым жерлерді қайтару секілді өзгерістер бар.

Өткен жылдың мамыр айында өз жұмысын бастаған жер реформасы жөніндегі комиссия бұл құжатты жылға жуық қарады. Қорытындысында, жер қатынастары туралы заң жобасына барлығы 11 өзгеріс енгізу ұсынылып отыр. Комиссия мүшесі Мұхтар Тайжан құжаттың ұтымды тұстарын тізіп берді.

«Мысалы, ТОО-да бір ғана пайыз шетелдік үлес болса, ондай ТОО-ға жер жалға берілмейді. Ол заңда бар. Латифундистерге қарсы бірнеше нормалар бар. Жердің бір адамға беретін көлемі енді шектелінеді. Бұрын бір адам 100 мың гектар, 1 млн гектар ала беретін. Қазіргі заң бойынша ондай мүмкіндік болмайды», - деді жер реформасы жөніндегі комиссияның мүшесі Мұхтар Тайжан.

Қазір ауылдағы ағайын үшін мал бағу, жан бағудан да қиынға түсіп кеткені рас. Ел бойынша шамамен 27 миллион гектар жайылымдық жер жетіспейді екен. Жаңа кодексте жайылымдық жерді қайтару мәселесі көтеріліп отыр.

«Қазіргі таңда жайылымды жерлердің 90 пайызы жалға берілген. Оны алудың механизмдері жеңіл. Біз анализ жасап көргенбіз, қазіргі таңда ол жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қай елді мекенге қанша жер жетпейді, оның бәрі есептелініп жатыр. Шамамен 27 миллиондай керек деп есептеп отырмыз», - дейді ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Гүлжаһан Бимендина.

Министрлік: «Жерді қажетіне жаратпағандарға жазаны күшейте түсеміз», – деп отыр. 5 жылда жерді пайдаланбаса, оны мәжбүрлеп қайтарудың механизмдері пысықталып жатыр.

«Үй салуға жер алады, бірақ баспанасы жоқ. Кадастрлық бағасын берсек, ол далада қалады. Сол себептен кадастрлық баға емес, нарықтық бағасын беру қажет», - дейді ҚР АШМ вице-министрі Ерлан Нысанбаев.

Жер реформасы жөніндегі комиссияның 11 ұсынысы жаңа заң жобасында көрініс тапты. Бұдан бөлек, комиссия мүшелері жер иеленушілері жөнінде ашық кадастр ұйымдастыруды ұсынып отыр. Яғни әр адым жердің иесін кім екенін жалпақ жұрт біліп отыруы керек деп есептейді. Сонымен жаңа құжаттың ойы анық. Жер жекенің байлығына емес, халықтың игілігіне айналуы тиіс.

Дереккөз: Baq.kz

14 сәуір 2017, 10:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.