–2004 жылы алушыға бас сенімхатты рәсімдеп, көлігімді сатқан едім. Машинам басқа қалада, қазіргі қожайынмен еш байланысым жоқ. Сенімхат мерзімі баяғыда өтіп кетті, бірақ көлік әлі менің атымда болғандықтан, көлік салығын төлеп келемін. Бұл көлікті есептен қалай шығаруға болады?
Асқар
Сұраққа адвокат Татьяна МОХНАЧЕВА комментарий береді:
– Бас сенімхат сатушының меншік құқығын тоқтататын құжат боп табылмайды, тек сенім берілген тұлғаға белгілі бір әрекеттерді – есептен шығаруға, сатуға және сенімхатта көрсетілген басқа әрекеттерді жүзеге асыруға өкілдік береді. Сондықтан көлік есептен шығарылмаса және бұрынғы қожайынының атында тұрса, ол салық төлейді және заңда бекітілген басқа міндеттемелерді орындайды.
Не істеу керек? Қолданыстағы заңға сәйкес, 100 АЕК-тен жоғары сомадағы келісімді жазбаша түрде жүзеге асыру қажет.
Осыған байланысты тараптарға көлікті сату жөніндегі келісімді ресми түрде рәсімдеу, яғни, сату-сатып алу келісім-шартын жасау қажет еді. Бұл жағдайда келісім іс жүзінде жасалған, ал ҚР Азаматтық кодексінің 154-бабына сәйкес, егер нотариалдық куәландыруды қажет ететін келісім тараптармен нақты орындалса және өз мазмұны бойынша заңға қайшы келмесе және үшінші тұлғаның құқығына нұқсан келтірмесе, сот мүдделі тұлғалардың өтініштері бойынша келісімді жарамды деп тануға құқылы. Бұл жағдайда келісімді әрі қарай нотариалдық куәландыру қажет болмайды.
Сатылған машинаны есептен шығару үшін және көлік салығын төлеуді тоқтату үшін сізге алдымен келісімнің жасалғандығын (жарамды деп) тану туралы сотқа талып-арыз бергеніңіз жөн. Тараптардың түсініктері мен істегі келісімнің жасалғандығын көрсететін барлық дәлелдерді ескерген сот, сатушы мен сатып алушының арасында көліктің сатылғандығы туралы келісім жасалған (жарамды) деп тану туралы шешім шығаруы мүмкін. Осы сәттен бастап, сатушы автоматты түрде меншік иесі болуды тоқтатады, тиісінше оның міндеттері де тоқтайды. Бірақ ол көлікті автоинспекцияға көрсете алмайтындықтан, жол полициясының органдарын көлікті есептен шығаруға міндеттеу үшін оған тағы да қолдағы сот шешімінің негізінде сотқа жүгінуіне тура келеді.
Дайындаған Зульфия БАЙНЕКЕЕВА