Атырау, 23 қараша 23:09
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Iзгiлiк парызы

3 525 просмотра

Атыраудағы еріктілер қозғалысы өздеріне ниеттес жандарға мұқтаж

«ААА» еріктілер ұйымының өкілдері Атыраудағы жалғызбасты зейнеткерлерді қамқорлықтарына алуды ұйғарып, оларға қажетті заттарды жинауға кірісті. Егде жандар дәрі-дәрмектерге, арнайы құралдарға (балдақтар, арбалар), үйді жылытатын отын мен азық-түліктерге өте мұқтаж.

Мерует ШОПАБАЕВАБізге белсенді және жауапты адамдар жетіспейді. Егер біз көп болсақ, көптеген жобаларды жүзеге асырар едік, - дейді  Астана түлектері қауымдастығы - «ААА» Атырау филиалының өкілі Мерует ШОПАБАЕВА. Команда атауы «Aspire! Act! Achieve!» («Ұмтыл! Әрекет ет! Қол жеткіз!») деген ұраннан туындаған. Олар өз мүмкіндіктерін жүзеге асыру үшін жаңа жол іздейді. Ал олардың ойға алған нәрселері көп: жетім бөбектерге қол ұшын беріп, олардан үлкен жастағы балаларды компьютерлік сауаттылыққа, сурет салуға, сомдауға, билеуге, қарапайым ғана қарым-қатынас жасауға үйрету.

 

Әсел ДОСАМАНОВАБұдан да салмақты жобаларды қолға алуға болады, - дейді Мерует  пен оның серіктесі Әсел ДОСАМАНОВА. – Егер бұл идеялар сіздің көңіліңізден шықса, әлеуметтік желілерге бос уақытыңызды жұмсауды доғарып, қол ұшын беруге барыңыз. Қайда екенін сізге айтатын боламыз.

 

 

 

Іздеген жетер мұратқа

Кітап алмасу акциясы– Біз әмбебап дағдылар бойынша «Тиімді түйіндеме», «Сұхбаттасу құпиясы», «Медиа және блогинг» және «Тайм-менеджмент» деп аталатын семинарлар өткізе бастадық,- деп сөзін жалғастырды Әсел. – Тақырыпты таңдауда проблемалар болған жоқ. Өз тәжірибемізге және атыраулық үміткерлердің ұяңдығына, тіл табыса алмайтындығына шағымданатын жергілікті және шетелдік компаниялардың кадр бөліміндегілердің ұсыныстарына сүйендік. Біртіндеп бізге тағы сегіз адам қосылды.

Кеңсе тауарлары мен құралдарын жинау акциясы«ААА» қызықты кітаптар алмасу акциясын, аз қамтылған отбасылардың балаларына кеңсе тауарлары мен құралдар жинауды, балалар үйі мен интернат балаларының суреттерінің сауда-көрмесін ұйымдастырған. Сатылымнан түскен қаржылардың барлығы балаларға арналған кітаптар мен сурет салу құралдарын сатып алуға жұмсалыпты.

 

Қарияларға көмекшілер қажет

Біз бар болғаны 10 адамбыз, әрбір адам тұрақты өзінің негізгі жұмысымен айналысады. Сондықтан шағын ресурстарды анағұрлым тиімді пайдалану үшін біз жауапкершілікті бөлісеміз. Бірақ қайырымды іске қашан да көмекшілер табылады ғой. Мәселен оқушылар үшін кеңсе туарларын жинау кезінде қала тұрғындарының көп зат әкелгені сондай, бізге қосымша машина қажет болды. Су жеткізуші компаниялардың бірінің қызметкерлері біздің проблемамызды білген соң, екі рейспен бүкіл заттарымызды тегін тасып берді, - деп еске алды Әсел Досаманова.

Жалғызбасты қариялар да қамқорлыққа зәру. Оларға тіпті азық-түлік әкелетін де ешкім жоқ. Қарияларды қалалық халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту бөлімінің әлеуметтік қызметкерлері қамқорлыққа алған. Бірақ бір әлеуметтік қызметкерге 8-ден 10 адамға дейін бекітілген, сондықтан оларға қол ұшын беру артық болмайды. Өз күштерін нақты бағалаған еріктілер 300-дей фамилия жазылған тізімнен 50 қарияны таңдапты.

– Егер заттар көп болатын болса, немесе бізге тағы да ниеттес жандар қосылса, біз, әрине, зейнеткерлердің көпшілігіне көмектесе аламыз, - дейді қыздар.

 

Ізгілікті жоғалтып алғандаймыз

Былтыр «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» жастар ұйымының жетекшісі Ұлықбек ТІНӘЛИЕВ әлеуметтік желіде «Атырау еріктілері» бірлестігін құрған еді. Өткен күзде олар №1 интернат балаларының көптен күткен армандарын жүзеге асырып, оларға спорт алаңын сыйға тартты. Атырауда жаңа спорт алаңдарын салу науқаны басталған кезде, ең алдымен олардың балалар үйі мен интернаттарға қажет екендігіне ешкім де күмән келтірмеген болатын. Алайда бюджет қала мектептерімен шектеліп, облыстық мекемелерді жарақтандыруға ақша бөлмеді. Еріктілер көптеген мекемелерді, соның ішінде мемлекеттік мекемелерді аралап, фирмаларға жобаны асыруға көмек беруді өтінген хаттар таратқан болатын.

- Біздің өтінішімізге шотландиялық «Бёрнс» қоғамы үн қосты, - дейді «Жалынды жүрек» бастамашыл тобының өкілі Жанар ҒИЛЫМОВА.

Алайда Ұлықбек бұл жұмыстарға риза емес: «Атырауда бұл мәселе тұралап қалған. Дүние жүзінде еріктілер қозғалысы – жастар мен белсенділердің мәселесі. Бүгінгінің балалары аулада бір-бірімен араласып, тілдескеннен гөрі, компьютер мониторының алдында отырғанды жөн көреді. Балалар тек өздеріне ғана емес, жанындағы адамдарға қамқорлық жасау деген жақсы әдетті үйренбестен есейеді. Нарықтық қатынасқа көшумен қатар адамдар бір-біріне жай ғана қол ұшын беріп, қайырымдылық көрсету дегенді ұмытқан».

Алайда еріктілер қол қусырып отырмай, өздерінен өнеге алған өзгелердің жүректерінде жылылық оянар деген үмітпен жұмыстарын жалғастыруда.

 

Балаларға қамқорлық

 «4 Ever» – Атыраудағы ең танымал әлеуметтік-қайырымдылық жоба шығар. Жоба өкілдері қала тұрғындарына көптеген акциялар арқылы танымал. Олар қанның сирек аурына шалдыққан ақтөбелік кішкентай Нұрислам МЫРЗАБАЙ үшін миллион теңгеден астам қаржы жинады. Ән айтып, би билеп, флеш-мобтар мен қайырымдылық кештерін ұйымдастырып, ақшаны өз еңбектерімен тапты. Қаржы жинауда балалардың сал ауруына шалдыққан астаналық бес жасар Мәдина КЕНЖЕБАЕВА мен дәрігерлер ми ісігін тапқан алты жасар жерлесіміз Дана ҚҰСМАНОВАҒА да осындай көмек көрсетті. Еріктілердің айқын жұмыстарының арқасында қала тұрғындары Дана үшін 40 мың доллардай қаржы жинап берді.

Аслан ТІЛЕУБАЕВ Мәдина КЕНЖЕБАЕВАМЕН біргеБалалардың ауырғаны жүрегімді қатты сыздатады. Сондықтан да шығар, олар үшін анағұрлым өнімді жұмыс істеймін. Бір сәбиді құтқара отырып, оның туысқандары мен жақындарына бақыт сыйлаймыз, - дейді «4 Ever» көшбасшысы Аслан ТІЛЕУБАЕВ.  

Бірқатар қаржы жинау науқанынан кейін Аслан адамдардың өздеріне тікелей жеке өтініш жасағанда немесе өздері сенім білдіретін басылымдардағы мақалаларға жақсы үн қосатынын түсінген. Адамдар қол үшін бергісі келетіндей етіп, толық және нақты ақпаратты сауатты әрі дұрыс жеткізу керек. Еріктінің міндеті осы.

Иә, оңай емес. Алайда көшедегі жандар да, ірі компания басшылары да көмек беруге дайын, бастысы әңгіме ұғынықты болуы керек, - дейді Аслан. Ол не туралы айтып отырғанын жақсы түсінеді. Егер «4 Ever» көмек сұрайтын болса, олардың қолдарында үнемі толы құжаттар: сәби сырқатнамасы, емхананың шақырту қағазы, емнің құнын растайтын құжаттар болады.

 

Жәрдем беруден жалықпа

Ал еріктілерге көбінесе қандай нәрселер кедергі келтіреді? – деп сұрадым мен Асланнан.

– Жалқаулық. Түрлі жобаларды талқылау да, қаржы жинайтын контейнерге ақша салу да қиын емес. Ал түрлі сылтаулар іздеуді доғару, өз  шаруаңды ысырып қою, сөзден іске көшу - бәрінен де сол қиын. Кез-келген адам ерікті бола алады, бастысы – шынайы ниет болу керек.

Бұл сөздерді нақты ұсыныс немесе үндеу деп есептеуіңізге болады. «4 Ever» өзгенің қайғысына бей-жай қарамайтын жандарды күтеді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

9 ақпан 2012, 00:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.