Атырау, 21 желтоқсан 13:13
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Аралдағы апат туралы

6 785 просмотра

Қашаған мұнай кенішіндегі ірі апат неге әкеп соқтыруы мүмкін

Солтүстік Каспийдегі Қашаған кенішінен мұнай өндіру жұмыстарын бастауға бір жылға жетпейтін уақыт қалды. Әлденеше рет кейінге қалдырылып, үздіксіз құны өсіп отырған осынау алып жобаның шикілігі туралы экологтардың көңілге қонымды дәлел келтіргендеріне қарамастан, біз осынау қатерлі датаға жақындап келеміз.

 

Телефоннан жасаған шабуыл

«Д» аралына барған сапарым туралы «Тамұққа дейін 4200 метр» деп аталатын репортажым жарыққа шыққаннан кейін редакцияға ашулы оқырман қоңырау шалды. Мән-жайдан хабардар екендігіне қарап оның мұнай компаниясының қызметкері екенін түсіндім. Сұхбаттасушым әп дегеннен-ақ мені байбалам салдың деп айыптап, репортажымның көңіл жабырқатар атауына түсінік беруді, сондай-ақ маған жергілікті және республикалық экологтар әңгімелеген үшінші деңгейдегі мұнай төгіндісі орын алған жағдайда Каспийде экологиялық апат болуы мүмкін дегенді дәлелдеуді талап етті. Сол баспасөз турының барысында «НКОК»-тың шетелдік менеджерлерінен осындай мұнай төгінділері орын алған жағдайда әрекет ету жоспары қандай болады деген сұраққа ақыры жауап ала алмағанымызды еске саламын.

- Төтенше жағдай орын алған жағдайда қаржылық және басқалай жауапкершілікті Қазақстан өз мойнына алады деген ақпаратты және «3 деңгейдегі» мұнай төгіндісі туралы осындай нақты цифрларды қайдан алдыңыз? Мұндай жағдайда дүние жүзіндегі барлық мамандандырылған компаниялар жұмылдырылады, бұл халықаралық тәжірибеде бар нәрсе. Иә, оларды апат болған жерге жеткізуге белгілі бір уақыт кетеді. Бұл ақиқат, бірақ қылжақ етіп, дүрбелеңге салатындай себеп емес. 72 сағат ішінде төгілген мұнай 6-8 мың тонна құрайды және осы мөлшердегі мұнай қабаты Атыраудан Ақтауға дейінгі (тікелей ара қашықтығы – 500 метрдей – Л.С.) теңіз бетіне жайылады дегенді неге сүйеніп айтып отырсыз? Осындай болған жағдайда екі қала да шынымен сусыз қалатындығы және бір жарым-екі сағаттан кейін Ақтау мен Атырау арасындағы ара қашықтықты күкіртсутек бұлты тұмшалап алатындығы жөніндегі дәлелдеріңізді көрсете аласыз ба? Егер сіз жазғандай жағдай орын алса, демек, бірер сағатта арнайы противогазы жоқ жандардың барлығы қырылып қалады деген сөз ғой, - деп наразылық білдірді мұнайшы.

Ал мен бірнеше жылдардан бері экологтардың осы жөнінде дабыл қағып келе жатқанын және Қашаған жобасының елімізге қажет екенін, өйткені экономикамызға бәленбай миллиардтаған инвестиция әкелетіндігін айтып қарсылық білдірдім. Содан соң ол сәл басылғандай болды. Қазақстанның жалғыз өзінің шығындар бойынша да, жаңа технологиялар тұрғысында да жобаға шамасы келмес еді. Ал төтенше жағдайға келер болсақ, кез келген басқа өндірістегі секілді Қашағанда да оның орын алуы ықтимал.

- Ауқымды мұнай төгіндісі болған жағдайда өндірістік аралдарда жұмыс істейтін адамдар ғана зардап шегуі мүмкін деп ойлаймын, - деді ол. Бірақ мұнай дағы Атырауға жетпейді. Экологтар төгіндінің жағымсыз салдарын өте әсірелеп жіберген. Мені басқа мәселе толғандырады: «НКОК» қысқы уақытта, мұз қатқанда мұнай төгіндісімен қалай күреспек?

 

Мұндай төтенше жағдайдан өздігімізбен шыға алмаймыз

Қысқы уақытта мұнай төгінділерін жою мәселесі туралы ресми хатты алдымен «НКОК» пен ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне жолдадым. Жауапты екі айдай күтуге тура келді. Бірден айта кетейін, екеуі де түңілтіп жіберді.

«Мұз қатқан кездегі мұнайдың апатты жағдайдағы төгінділерін жою стратегиясы теңіз кеніші нысандарындағы апаттық төгінділерді мұз жағдайында жұмыс істейтін кемелерді пайдалану арқылы жою операцияларын жүргізуді қарастырады, - деп жазыпты  НКОК-тың мүдделі тараптармен байланыс жөніндегі бөлімінің бас менеджері Эрикжан ИСЕНГАЛИЕВ. – Бұл ретте халықаралық мұнай-газ саласы апаттық төгінділерді жою тәсілдерін әрі қарай жетілдіру мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастыруда. Ықтимал апаттық төгінділер мен мұз қатудың басқа факторлары орын алған жағдайда төгінді орны мен мұз қабатының қалыңдығы, жалпы мұз ахуалы және т.б. секілді басқа факторлар ескеріліп, тиісті шаралар алынатын болады. Бұл ретте әрбір нақты жағдайға байланысты апаттық мұнай төгіндісін жоюдың қауіпсіз әрі тиімді стратегиясы таңдалады (белгілеген мен – Л.С.). ... Бұрын Консорциум Халықаралық салааралық жобалар (САЖ) мүшесі ретінде мұз бетіндегі, мұздағы және мұз қабатының астындағы апаттық мұнай төгінділерін жою жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге қатысты. Алынған қорытындылардың негізінде арнайы жабдықтарды сатып алу жөніндегі міндеттемені қосқанда, апаттық мұнай төгінділерін жою стратегиясының бағыты дұрысталды.  Консорциум, сондай-ақ, 2011 жылдың маусымында  жаңа салааралық жобаға жоспар бойынша 4-5 жылға дейінгі уақыт алатын «Мұз жағдайында мұнай төгінділеріне әрекет ету» деп аталатын зерттеуге қатысты. Қазіргі кезде консорциум Қазақ мұнай және газ институтымен (ҚМГИ) бірлесе отырып, салааралық жобаларды зерттеу жұмыстарына қатысуды жоспарлап отыр. Бірінші салааралық жобадағы секілді, консорциум ұсыныстардың қалыптасуына қарай өзінің апатты мұнай төгін-ділерін жоюға дайындық жоспарына білім мен жаңа технологияларды бірлестіріп жүйелейтін болады».

Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне келер болсақ, министрліктің қызметкерлері ресми жауапта Солтүстік-Каспий экологиялық әрекет ету базасының салыну тарихын ғана баяндап, мүмкін болар экологиялық апат жөнінде талдау жасауға тіпті бас қатырмағандай әсер қалдырды.

Атап айтқанда, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ә. БЕКЕЕВ мырза былай деп жазыпты:

«Солтүстік-Каспий экологиялық әрекет ету базасының құрылысы 2003 жылдан бастап жалғасып келеді. Мемлекеттік экологиялық сараптама бастапқыда-ақ оны Дамбы поселкесінде орналастыруға келісім бермеді. Тек 2009 жылдың сәуір айында ғана Дамбы поселкесінің оңтүстігіне қарай 3,6 км жердегі Приморский каналынан учаске белгіленді. Сөйтіп Атырау облыстық әкімдігі база нысаны салынатын жердің заңды құжаттарын берді. 2011 жылдың наурыз-сәуір айларында Атырау облыстық табиғат ресурстары мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасы база салу жөніндегі жоба алды және жобалық құжаттамаларды мақұл-дады. Бұдан басқа, теңіздегі күрделі апатты жағдайдың салдары мұнай төгінділерінің алдын алу және оларға Қазақстан Республикасының ішкі су қоймалары мен теңізде әрекет ету Ұлттық жоспарының талаптарына сай жойылатын болады. Бұл жоспарды қазір ҚР Үкіметі бекіту үстінде».

Қазақстанның үшінші деңгейдегі мұнай төгіндісін өздігімен жоюға дәрменсіз екендігін еске саламыз. Бұл туралы жоғарғы деңгейде де әлденеше рет айтылған болатын.

 

Мұз қабатындағы мәселе

Әдеттегідей, анағұрлым пайымды комментарий алу үшін экологтарға жүгінуге тура келді.

-  1999 жылдың көктемінде Англияға барудың сәті түсті. Онда атыраулық делегация танымал «Бритиш Петролеум» корпорациясының жұмысымен танысты, - деп әңгімеледі«Каспий табиғаты» ҮЕҰ төрағасы Махамбет ХАКИМОВ. – Алайда мені техногендік және адамның себеп болуы мен қателіктері нәтижесінде туындайтын үшінші деңгейдегі мұнай апатын және оның салдарын жоюға  мамандандырылған «Oйл Спил Респонс Лимитед» (OSRL) компаниясының қызметі қызықтырды.

Осы компанияның көліктің барлық түрімен – құрлықтағы, су, әуе көліктерімен, «от пен суда және мұнай тұрбаларында» шыңдалған жоғары білікті мамандармен жарақталған қуатты заманауи базасы бар.

OSRL-дің құтқарушылар командасы 1982-1998 жылдары дүние жүзінің көптеген елдерінде мұнай өндіру саласындағы ірі апаттарды жою кезіндегі 124 операцияға қатысқан. Дүние жүзінде жыл сайын орташа алғанда үшінші деңгейдегі 8 апаттың орын алатынын санау қиын емес, ал 1-шi және 2-ші деңгейдегі апат саны жүздеп саналады. Сол кезде, осынау жабырқаңқы статистиканы Құдай басымызға бере көрмесін деген ой келді. Бірақ, өкінішке орай іс жүзінде, әсіресе, солтүстік Каспий қайраңындағы жаппай мұнай операцияларын есептесек, бұдан қашып құтыла алмайсың.

Ал енді қысқы уақытта мұнай төгінділерін жою мүмкіндігі туралы айталық. Теңіздегі апат кезінде төгілген мұнайдың алуан түрлі күйде болатындығы белгілі. Яғни, ол теңіздің тереңдігіне, тұздылығына және температурасына, төгілу ауқымына және жеңіл фракцияның (50 пайызға дейін) булануына және басқа факторларға байланысты күйін өзгертеді. Әрі қарай мұнайдың ауыр фракциясының түрлі фрагменттерге бөлінуі орын алады. Мұнайдың үлестік салмағы судан жеңіл болады, сондықтан мұнай ірі тамшы түрінде мұнай қабатын түзіп, су бетіне қалқып шығады, ал ұсақ тамшылар түбіне шөгіп қалады.

Жоғарыда айтылғандардан апатқа әрекет ету стратегиясы төгілген мұнайдың күйіне байланысты түрлі болуы тиіс екендігі көрініп тұр. Ахуалға баға берілгеннен кейін мұнайды бондар мен сканер-кемелердің көмегімен оқшаулайды, жинайды, оны шығарады немесе өртейді, су мен мұнай тамшысын жасау үшін диспергенттермен өңдеу жүргізіледі, мұнай шөгінділерін биологиялық ыдырату үшін жағдай жасалады.

Аталғандардың барлығы – тек апат салдарын жою кезінде қолданылатын әдістердің бір бөлігі ғана және олардың әрбіреуінің өз кемшіліктері бар. Мәселен, 2-3 қабаттық белсенді заттектердің (оның мыңнан астам түрі бар) диспергенттерінің өзі уытты, буланғыш, су мен мұнайда толықтай ерімейді, олардың мұнайға әсер ету уақытының ұзақтығы аз болады. Жалпы олар теңіздің су қабатындағы мұнай жойылғанда ғана оң әсер береді, онда да су кеңістігі жоғарғы температурада және мұнай тығыздығы төмен болғанда ғана. 

Ал қысқы уақытта, Солтүстік Каспий жағдайында аталған әдістердің бәрі – мұнайды жинау және шығару, өртеу, диспергенттерді пайдалану жарамсыз болады. Қашаған кеніші игеріліп жатқан Каспий айдыны қыста ені 40-50 км болатын мұз жамылады. Дүниежүзілік тәжірибе әсіресе, мұз қатқан суық суда диспергенттерді қолдану мүлдем пайдасыз нәрсе екендігін көрсетті (белгілеген менЛ.С.).

Бұдан басқа, бүкіл төгілген мұнайды толығымен жинап алу мүмкін емес. Бір жағынан бұған, мәселен, Мексика бұғазында немесе Норвегия жағалауында теңіз ағыстары көмектесуі мүмкін. Бірақ оқшауланған және тұйықталған Каспий кеңістігінде бұлай болмайды.

Ал бізде қас қылғандай, апаттар оңтүстік бағыттың дауылды желдерімен сәйкес келіп, бондар мен басқа да бөгеттерді бұзып, 2-3 күн ішінде төгілген мұнайды Қашағаннан Жайық өзенінің сағасына дейін қуып апаруы мүмкін. Бұл бар болғаны 40 км жер. Мұндай жағдайда диспергенттерді пайдаланып үлгермейді, оның үстіне олардың өсімдіктер мен жануарлар әлемі және адам үшін улы екенін тағы да қайталап айтамын. Нәтижесінде тайыз сулы сағаның суастына және «Ақ Жайық» халықаралық табиғи бағының бүкіл табиғи ортасына мұнай сіңіп кетеді.

Айтпақшы, алдыңғы жылғы Мексика бұғазындағы апат салдарын зерттегеннен кейін АҚШ-та тайыз суларда диспергенттерді қолдануға мүлдем тыйым салды. Ал біздегі жағалау бөліктеріндегі қамыс қопалары ластанса, оларды жою мүлдем мүмкін емес, оларды тек өртеу ғана қажет болады. Бірақ онда Атырау өртенген мұнай иісін жұтқан «токсикоманға» айналады ғой, ал бұл экологиялық апат болмақ.

Теңізге төгілген мұнай, әрине, Атырауға дейін жетпейді, бірақ қалаға басқа жақтан қауіп төніп тұр. Бұлар қаланың шығысындағы 30 км жердегі нысандар: Қашаған-Қарабатан мұнай құбыры мен Атыраудың маңындағы зауыттар кешені. Онда апаттар, өрттер, мұнай төгінділері, күкіртсутектер мен басқа да шығарындылардың болу ықтималдығы теңіздегіден аз болмайды.

Айта кетелік, Каспийдің түрлі ахуалына диспергенттерді алдын ала сынап көру керек, осы тәсілді қолдану бойынша мемлекеттік саясатты жасақтап, теңіздегі апатты жою жөніндегі ҚР Ұлттық жоспарына енгізу керек. Сондай-ақ, оны көрші елдерге мақұлдату қажет, өйткені мұнай төгінділері оларға да жетуі мүмкін. Бірақ мұның бәрі әлі жасалған жоқ, ал биылғы күзде Қашағанда жаппай мұнай өндіру және оны Қарабатанға дейін тасымалдау жұмыстары басталайын деп отыр. Бұл жұмыстар, әрине, ел экономикасы үшін өте маңызды. Алайда Каспийдің тайыз сулы жерлерінде мұнай операцияларынан келетін қауіптер мен тәуекелдер өте көп.

 

Ешкімге аздық етпейді

Каспийдегі ауқымды мұнай төгіндісінің Атырау тұрғындарына әсері туралы сұрақты «Қазақ табиғат қорғау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амангелді Сқақовқа қойған едім. Оның ұйымы 2008 жылы «Аджип ККО»-ның тапсырысы бойынша «Қашаған кен орнын игерудің кейінгі кезеңдері бойынша Ниеттер туралы декларация. Мұнай дайындау қондырғысына жер телімін және құбырлар тарту бағытын таңдау» деп аталатын қоғамдық экологиялық сараптама жүргізді. Сол кезде Сқақов басшылық еткен комиссия қоғамдық экологиялық сараптамаға ұсынылған материалдарды ұлттық табиғат қорғау заңнамасының талаптарына, Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы ірі көмірсутек кенішін игерудің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сай келмейді және мемлекеттік органдарға мақұлдату үшін ұсынылмайды деген болатын.

- Штаттық жағдайда ықтимал ахуал болғанда бір дүркінді шығарындыларды қоса есептегенде «азот диоксиді мен күкірт диоксиді» жиынтық тобы бойынша Атырауда, яғни, шығарындылар көзінен 75 км қашықтықта SO2 үшін концентраттардың рұқсат етілген шекті мөлшері асып кетуі мүмкін екендігін есептеулер көрсетіп отыр (! – Л.С.), - дейді Амангелді Сқақов. – Жоба жасақтаушылар шекті мөлшер азғантай шамада асатын болады, «қысқа мерзім ішінде әлсіз иіс» болуы мүмкін және «мұны адамдардың көпшілігі байқамай қалады» деген жорамал жасады (! – Л.С.).     

«Осылайша, белгіленген концентраттардың рұқсат етілген шекті мөлшерінің санитарлық-гигиеналық нормативтерінен асып кететін әсері болуы мүмкін, ал бұл табиғат қорғау заңнамасының талаптарына қайшы келеді», - деп жазыпты комиссия өз есебінде. Есіңізде болсын, әңгіме Атырау атмосферасына зиянды заттардың концентрациясын тартатын технология бойынша қарастырылған штаттық шығарындылар туралы болып отыр. Ендеше штаттан тыс жағдайда не болмақ?

 

Оларға айыппұл салады, ал оны біздер төлейміз

Және соңғысы – Каспийде экологиялық апат орын алған жағдайда Қазақстанның қаржылық жауапкершілік алуы жөнінде. Экологтардың айтуынша, осындай тұжырым жасауға Батыс Қазақстан облысында Қарашығанақ кенішін игеруші  «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» (ҚПО) компаниясының осындай экологиялық сараптамасының қорытындысы негіз болған.

-Қарашығанақ бойынша экологиялық сараптама жасау кезінде мен өнім бөлінісі туралы келісімнің комментарийлерімен таныстым. Онда экологиялық заң бұзушылық үшін айыппұл санкцияларын қазақстандық тарап өз мойнына алады деп жазылған, - деп комментарий береді Амангелді Сқақов. – ҚПО жыл сайын 2-3 млрд. теңге мөлшерінде экологиялық айыппұл төлейді, бұл жобадағы қазақстандық үлестен есептеледі. Сонда біз жай ғана ақшаны бір қалтадан алып, екіншісіне салып қоятын болғанымыз ғой. Біз «Қарашығанаққа» миллиард теңге айыппұл салдық деп көкірек керіп айтқанда, ақшаны олар төлейді деген сөз емес. Оны біздер – қазақстандық салық төлеушілер төлейді.

Ал экологиялық сараптама барысында ҚПО бойынша атмосфераға тасталатын зиянды заттардың нақты шығарындылары 2004 жылы шекті мөлшер нормасынан 3,3 есе, 2005 жылы 2,8 есе асып кеткені анықталған.

- Өкінішке орай, Қашаған жобасы бойынша өнім бөлінісі туралы келісім әлі күнге дейін жұртшылық үшін жабық құжат боп табылады, - дейді эколог.

- Егер Қарашығанаққа қатысты жағдайда экологиялық айыппұлдарды бір қалтадан екінші қалтаға ауыстырып салатын болсақ, теңіздегі ірі экологиялық апат жағдайында қисын бойынша басқа Каспий өңірінің елдерінің алдында жауапкершілік алуға тиіспіз. Алайда бұған қатысты еңбек бөлінісі туралы келісімде не жазылғанын біз білмейміз.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

25 қаңтар 2012, 22:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.