Атырау, 26 желтоқсан 21:23
 ашықВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Самсаны сараптау - 5000 теңге

5 439 просмотра

Қаладағы қоғамдық тамақтану орындарында немесе көшелерде орналасқан дүңгіршектердің өзінде пісіріп сататын тағам түрлеріне күмәнданған кезіңіз болды ма?

Мұндай жағдайда бізде қалада азық-түлік қауіпсіздігін тексеретін бөлім болғанымен, ондағы қызмет көрсету бағасы қымбатқа түседі. Онда 50 теңгенің самсасын санитарлық сараптамадан өткізу әрі кеткенде 5000 теңге тұрады.
Бұл туралы бізге Лесхоз ықшам ауданындағы «Республикалық ветеринариялық зертхана» РМК-ның Атырау облыстық филиалының азық-түлік қауіпсіздігін анықтау бөлімінің меңгерушісі Ғайни ИБРАЕВА (суретте) айтып берді. Жалпы, бұл зертхана Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетіне бағынышты. Мұнда азық-түліктерден бөлек жануарлардағы жұқпалы ауруларды да анықтайды.
Зертхана басшысы Айжан ДӘУЛЕТИЯРОВАНЫҢ айтуынша, облыстағы  барлық мал, балық, құс өнімдеріне санитарлық сараптама жасау да зертхананың міндеті болып саналады. Осыған байланысты қала базарларында ветеринариялық зертханалар жұмыс жасап жатыр.  
Мемлекеттік санитарлық сараптау өткізетін ветеринариялық зертхана – қаладағы «Рахат», «Мерей» және «Мұрагер» сауда орындарында бар. «Көктем» және «Дина» базарларындағы мұндай зертханалар жекеменшік.  Онда мал дәрігерлерімен бірге ветеринариялық инспекторлар да тексеру жүргізеді.
Сондай-ақ, мемлекеттік зертханалар қаладағы үш мал базарында да бар.
-Кедендік одаққа байланысты Ресей, Белоруссиядан келген азық-түлікті - жұмыртқа, құс еті, сүт секілді басқа да өнімдерді тексермейміз. Себебі, олар өз сертификаттарымен келеді. Ал облыстан шығатын өнімдерден көбіне балық, балық өнімдерін тексереміз. Бізде экспортқа Ресейге, басқа да шетелдерге осы балық, балық өнімдері ғой негізінен шығатын. Бәрі де біздің зертханадан тексеріледі, - дейді А.Дәулетиярова.
Ал енді тағамнан күмәнданған жеке адамдар көп келмейтінін айтады. Осы уақытқа дейін тағамдардан санитарлық талапқа сай келмейтін жағдай мүлдем кездеспепті.
Бірақ, екі жыл бұрын бір тұрғын қой етінен жасалған кәуапты иттің етіне ұқсастырып, санитарлық сараптау жүргізуге алып келген. Тексере келе, кәуаптың қой етінен жасалғандығы анықталған.

Ғайни Ибраева ветеринариялық инспекторлардың жазып берген сынама алу актісі арқылы ғана тексеру жүргізетінін айтады.
- Ереже бойынша жеке тұлға күмән тудырған тағам түрін алып келсе, онысын бірден қабылдай алмаймыз, - дейді ол. – Бізге жеке тұлғалардан гөрі жеке кәсіпкерлер көп келеді. Асханалар мен жеке шаруашылық иелері өз өнімдерін тексерту үшін инспекторлар арқылы келеді. Көбіне балық шаруашылығы мен аудандардан, ірі кәсіпорындардан және кеден арқылы келетін өнімдерді тексертуге сұраныс бар. Голландия, Польшадан келіп, Теңізге, Қарабатанға кетіп жатқан еттерді әкеледі. Онда да жиі емес, үш-төрт айда бір болады.  
-Осы бірер жылдар бұрын Сарыөзек ауылының тұрғыны, өзі зейнеткер, сиырларым өліп жатыр деп, улану жағдайын өзі жинап қойған қамыстағы қара майдан көріп еді. Сол қамысты тексертейін деп келіп жүрді сіздерге. Сонда қамысты тексеру бағасы сіздерде 8000 теңгеге шыққанын айтып, оған беретін ақшасы болмағасын даулаған мәселесін жылы жауып қойды.
-Иә, ол қайта-қайта келді бізге. Өзі де, инспектор арқылы да алып келді. Біз тексердік. Шөптен улану шыққан жоқ. Ол мал мүмкін Сарыөзек басында қарайған дәрі-дәрмек кетіп жатыр сумен ағылып. Мал одан су ішеді. Содан болар.
-Негізі сараптама жасау бағасы қанша?
-Жалпы, базарға келген азық-түлікті тексеру бағасы да түрлі. Мәселен, базардағы күнделікті бір сиыр етін тексеру – 254 теңге, қой еті – 232 теңге, жылқы еті – 256 теңге, тауық еті – 141 теңге, сүтті тексеру - 42 теңгеге шығады. Зертханадан тексерілгеннен кейін сатушыларға сараптама актісі беріледі. Оларды ветеринариялық инспекторлар тексереді.
Зертханада барлық аса ауыр  металл тұздары мен радионуклеидтерін анықтағанмен тек цинк пен мысқа рұқсаттары жоқ. Дегенмен, зертхана басшысы айтқан ақаусыз азық-түлік жайлы ақпарына сену қиындау тәрізді.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген автор

 

22 қаңтар 2012, 12:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.