31 қазан күні Каспий теңізінің биоресурстарын қорғау және браконьерлік қызметті құрықтау жөніндегі біріккен жедел-профилактикалық шаралардың күзгі кезеңі аяқталады.
26 қазанда ҚР Шекаралық қызметінің жағалау күзеті өңірлік басқармасының, облыстық табиғат қорғау прокуратурасының, теңіз-балық инспекциясының қызметкерлері ҚР Шекаралық қызметінің десанттық-шабуылдау бөлімшесі сарбаздарының қолдауымен Каспий теңізі акваториясының Солтүстік бөлігін Ми-8 тікұшағымен аралап шықты. Рейдке журналистер де қатысты.
Жанбай мен Забурын маңындағы жағалауда ондаған балықшылар қайығы мен байдалар (бейнежазбаны қараңыз) жүзіп жүрді. ҚР Шекаралық қызметінің жағалау күзеті өңірлік қолбасшылығы басшысының орынбасары Талғат ТӨРЕБАЕВ екі жүзден астам қайықты санап шықты.
Теңіз-балық инспекциясының басшысы Исатай АРАЛБЕКОВ мұны соңғы екі күн ішінде күшті желқума болғандығымен, ол судың қайтуына себеп болып, нәтижесінде теңіздегі су деңгейі төмендеп, балықшылардың қайықтармен теңізге шыға алмай отырғандығымен түсіндірді. Мәселе мынада, бұл жерлер онсыз да тайыз сулы. Жеткілікті тереңдікке жету үшін балықшылар 2-3 шақырым жерге дейін қайықтарын сүйреп апарады. Ал қайықтың ішінде азық-түлік, су қоры және балық аулайтын құрал-саймандар да бар. Сондықтан балықшылардың көпшілігі қума желдің басылғанын күтеді.
- Осы қайықтардың барлығы дерлік құжаттары бар, аулаған балықтарын балық аулау кооперативтеріне тапсыратын заңды балықшыларға тиесілі. Бұл жердегі суларға облыстағы балық аулайтын бүкіл артельдер дерлік ау құрады. Жанбай, Забурын және Ганюшкин маңындағы теңіз балықтың молдығымен танылған, - деп атап өтті Аралбеков.
Аралбековтің сөзін құжаттарын тексере бастаған кезде балық аулауға шығайын деп жатқан Жанбай тұрғыны Алғыс ТАЙПАҚОВ та растады.
Т.Төребаев: - Біздің негізгі міндетіміз – мемлекеттік шекараны күзету, бірақ біз балық қорғау қызметіне Каспий теңізінің биоресурстарын қорғауға көмектесеміз. Балықшылардың қайықтарында бортты нөмір және шекаралық рұқсат қағаздары жиі болмайды. Олар жағалауға келіп тоқтап, балықтарды түсіргенше, көбінесе біз оларды тексере алмаймыз. Бірақ олар мұны, әдетте, жолы қиын жерлерде, қамыс арасында түнде жасайды. Бұл жерге, жағажайға, балшық жоқ жерге, балалар әкелері мен ағаларына азық-су әкеледі. Біз осы жер туралы білдік, осы жерде бәрін тексереміз, - деді.
Төребаевтың хабарлауынша, табиғат қорғау операциясының күзгі кезеңінің аясында жағалау күзеті Қиғаш пен Орал өзендерінің саға кеңістігін торуылдау үшін бес-бестен жауынгерлік катерлерін бөлген. Бүкіл кезең ішінде 112 заң бұзушы ұсталған, оның 61-і – шекаралық режимді бұзғаны үшін ұсталды. 45 шағын кеме мен олардың 42 аспалы моторлары тәркіленіп алынған. Ау құралдарынан 103 бекіре алынды, оның 75-і тірілей табиғи мекендеу ортасына жіберілді. Сонымен қатар, ау құралынан 2 362 қара балық тұқымдастар алынған, оның 1314-і тірілей суға жіберілді. 738 келі қара балық пен 69,4 келі бекіре балығы «Надежда» және «Долгий» ЖШС-леріне берілді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті және бейнежазбаны түсірген автор