13 мың халық тұратын Индербор поселкесінде қатты тұрмыстық қалдықтарды төгетін арнайы полигон жоқ. Тұрғындар тұрмыстық қалдықтарды поселкеден бір шақырым жерде орналасқан учаскеге апарып төгеді. Қазір бұл қоқыс алаңының аумағы 19 гектарға жеткен. Айналасы қоршалмаған, қоқыс әр жерде шашылып жатыр.
Бәрінен бұрын қолқаны қаптырар иіс пен жиі шығатын өрттен жақын маңда тұратындар зардап шегуде.
Сөз болып отырған 19 гектар жер Индер поселкесі әкімдігінің балансында. Учаскені бірнеше рет сенімгерлік басқаруға бергенімен ыждаһаттылықпен қараған ешкім болмады. Қазір қатты тұрмыстық қалдықтарды төгуге арналған үш гектар жер алаңшаға «Индертех» ЖШС иелік етуде.
- Қазір біз қоқыс алаңын түгел сенімгерлік басқаруға алуға жұмыстанудамыз. Бұл жұмыс біткен соң тұрмыстық қалдықтар бір алаңшаға төгілуін қадағалайтын боламыз, - дейді «Индертех» ЖШС-нің директоры Әнуарбек КЕНЖИЕВ. – Алдағы уақытта тұрмыстық қалдықтарды өңдеу цехын ашуды жоспарлап отырмыз. Бүгінде картон және пластмасса құтыларды престеуді жүзеге асырып жатырмыз. Оны Оралға апарамыз, болмаса жеке кәсіпкерлер өздері алып кетеді. Оралда да тұрмыстық қалдықтарды өңдеу цехы болмағандықтан оларды Ресейге тасымалдауда.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Абзал РАМАЗАНОВ аудандағы қоқыс алаңдарын қоршау үшін жобалық-сметалық құжатын әзірлеуге бюджеттен қаржы сұратып отырғанын хабарлады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА