-Менің жасы 16-ға келген, колледжде оқитын қызым бар. Ол сабақтан бос кезінде оқуының ақшасы және басқа да шығындарды жабу үшін кафеде даяшы болып жұмыс істеп маған көмектеседі. Менің қызыма еңбек өтілі жазылатын еңбек кітапшасы рәсімделе ме? Жалпы жасы кәмелетке жетпегендерді жұмысқа орналастыру барысында олардың құқықтары заң бойынша қалай қорғалады?
Телефон арқылы
«Жасы кәмелетке толмаған қызметкерлермен арадағы еңбек қатынастарын реттеу бойынша нормалар заңда қарастырылған. ҚР Еңбек Кодексінің 30-бабына сәйкес, он алты жасқа толған азаматтармен еңбек шартын жасасуға жол беріледі. Сондай-ақ, ҚР Еңбек Кодексінде сабақтан бос уақытында, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін, он төрт жасқа толған оқушылардың да құқықтары қарастырылған. Алайда, жасы кәмелетке толмағандармен арадағы еңбек шарты заңды өкілдерінің (ата-анасы, асырап алушысы, қорғаншысы, қамқоршысы) бірінің жазбаша келісімі бойынша жасалады. ҚР ЕК 178-бабына сәйкес, он сегіз жасқа толмаған қызметкерлер еңбек қатынастарында құқықтары бойынша кәмелетке толғандармен теңестіріледі, ал еңбекті қорғау, жұмыс уақыты, демалыс уақыты және басқа да еңбек жағдайлары саласында осы Кодексте белгіленген қосымша кепілдіктерді пайдаланады. Осылайша, сіздің қызыңыз еңбек шартын жасау барысында кәмелетке толған қызметкерлер секілді құқықтарға ие болады. Алайда жұмыс уақытының көлемі он төрт жастан он алты жасқа дейінгі қызметкерлер үшін аптасына 24 сағаттан аспауы, он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі қызметкерлер үшін аптасына 36 сағаттан аспауы тиіс (ҚР ЕК 181-бабы). ҚР ЕК 183-бабына сәйкес, он сегіз жасқа толмаған қызметкерлерді түнгі уақыттағы жұмысқа, үстеме жұмысқа, жұмыс уақытының жиынтық есебі кезіндегі жұмысқа тартуға, оларды іссапарға және вахталық әдіспен орындалатын жұмысқа жіберуге, сондай-ақ оларды жыл сайынғы ақылы еңбек демалысынан кері шақырып алуға тыйым салынады. Сондықтан сіздің қызыңыз жұмыс берушіге тек кафедегі күндізгі жұмысқа ғана тартылуы тиіс. ҚР ЕК 179-бабында он сегіз жасқа толмаған қызметкерлердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын, оның ішінде алкоголь өнімдерін, темекі бұйымдарын сатумен байланысты түнгі ойын-сауық мекемелеріндегі жұмыстардың тізімі берілген.
Жұмыс беруші сіздің берген жазбаша келісіміңіз бойынша сіздің қызыңызбен қысқартылған режим (аптасына 36 сағаттан аспайтын) бойынша, сондай-ақ, еңбекақысының мөлшерін, демалыс күндерін белгілеуді, уақытша еңбекке жарамсыздығы жағдайында жәрдемақы төлеуді және басқа да ҚР ЕК 28-бабындағы нормаларды қарастыратын және сіздің қызыңыздың еңбек кітапшасына жазба енгізуді қарастыратын еңбек шартын жасауға міндетті.