Редакцияға Атырау тұрғыны қоңырау шалып, қала үшін өзекті мәселені жарыққа шығаруға көмектесуді өтінді. Ол өзі тұратын Привокзальный 3 ықшамауданында (теміржол вокзалына жақын жерде) көппәтерлі төрт үйдің орналасқанын және бүкіл тұрғын үй массивінде бірде-бір балалар алаңы жоқ екендігіне шағымданды. Дәлірек айтқанда, алаңдар бар, бірақ, олар өте кейіпсіз.
Айта кету керек, мен тәй-тәй баса бастаған кезде ауладағы балалар алаңының не екенін де білмейтінмін. Маған, ауыл баласына, шабындық, отын дайындау, мал жаю және картоп алаңында еңбек ету дегендер таныс еді. Ойнауға да уақыт жететін: көктемде біз, ауыл балалары тауға кетіп қалатынбыз, қарды ерітіп, сол жерде шоққа піскен картоппен хош иісті шай ішетінбіз. Жазда ауылдағы стадионда доп қуалап, өзенге жорық ұйымдастырып, жылқы үйретіп, гитарамен ән шырқайтынбыз. Қыста 50 шақты адам болып Эвересттен де тік тау бөктерінен шанамен сырғанақ ұйымдастыратынбыз...
Дегенмен, қазір әңгіме басқада. Сол жерге барып, камерамды шығарған кезде, бес қабатты үйлерден балаларын ерткен жас аналар келе бастады. Олардан бұл жерде жүз шақты бала бар екенін білдім. Кешкілікте және демалыс күндері олар қайда барады? Соңғы рет төрт үйдің арасындағы жалғыз алаңға қашан жөндеу жүргізілгені тіпті байырғы тұрғындардың да есінде жоқ. Қоссырық пен белтемір (турник) баяғыда қисайып қалған, әткеншектер мен төбешіктер қалқиып тұр, әйтеуір. Ең болмағанда, қарауға ұялмайтындай шағын футбол алаңы мен ойын аттракциондарын салып беру (жер жетеді) өтінішімен адамдар ТКШ бөліміне, тіпті «Нұр Отан» партиясына хат жазған. Алайда, ақыры жауап ала алмапты. Бұл жерге шенеуніктер, бәлкім, келген де шығар, бірақ, басқа шаруалармен келген болуы керек. Өйткені, округте кафелер мен мейрамханалардың саңырауқұлақтай көбейіп жатқанын қалай түсіндіруге болады? Осындайлардың бірі балаларға арналған кеңістікке тиіп тұр. Салынып жатқан ғимараттың терезесінен күн сайын дерлік жұмысшылар құрылыс қоқыстарын лақтырады...
Бірнеше күннен соң 3-ықшамаудан тұрғындарымен әңгімелескеннен кейін ерінбей қаланы, көшелер мен аулаларды аралап шықтым. Қаладан бірде-бір дұрыс жарақталған алаңды көрмедім. Алаңдағы жасанды төсемдер әбден тозған, қоршаулар тесік, пластик төбешіктер жарылған, ал сықырлауық әткеншектер кеш болса бомждар мен маскүнемдердің тұрақты бас қосатын орнына айналған.
Марат ТАКУЛИН
Суретті түсірген автор