27 қыркүйекте Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқа «құлсарылық атқыштың» ісі бойынша қаулы шығарды.
КӨПІР ТҮБІНДЕГІ АТЫС
Бірақ алдымен осынау күрделі әрі шиеленісіп кеткен істің егжей-тегжейін еске салайық.
Мамырда Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты өткен жылы 28 тамызда Құлсары қаласында орын алған атысқа ұласқан жаппай төбелес туралы іс бойынша үкім шығарды.
Жанжал Достық ықшамауданында футбол ойынынан кейін басталған: бірнеше жігіт сөзге келіп қалып, содан соң мәселені шешу үшін 2-ші және 3-ші ықшамаудандар арасындағы көпір түбінде кездеспек болып келіседі. Олар келісілген жерде түнгі сағат 2-де кездеседі.
Айыптау қорытындысында «Құлсары қаласының тұрғыны Нұргелді БАТЫРХАНОВ бірнеше рет оқ атады. Қарсыластарының бірі ауыр жарақаттан есін жимастан аудандық ауруханада көз жұмды және тағы біреуі ауыр жараланған. Төбелесті сол жерге жеткен полиция тоқтатқан» делінген.
Сот үкімімен Батырханов 287-баптың 2-тармағында («Атыс қаруын заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру»), 99-баптың 2-тармағының 6, 9–тармақшаларында («Бұзақылық ниетпен басқа адамдардың өмiрiне қауiптi тәсiлмен адам өлтіру») қарастырылған қылмысты жасауда кінәлі деп танылып, қатаң режимдегі колонияда 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі.
Екінші сотталушы Жақсығали СЫДЫҚОВ ҚР ҚК-нің 434-бабында («Қылмыс туралы хабарламау») қарастырылған қылмысты жасауда кінәлі деп танылып, жалпы режимдегі колонияда 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасымен сотталды.
ХАТ, ПИКЕТ ЖӘНЕ «ЖОҒАЛҒАН» ЖАУАПТАР
Маусымның басында Батырхановтың адвокаты Нұрлан ЖОЛБОЛОВ өзінің қорғалушысына қатысты, оның пікірінше, заңсыз шығарылған үкімге назар аудару өтінішімен құқыққорғау органдарының басшыларына әлеуметтік желілер арқылы үндеу жасаған еді. Сөйтіп ол Жылыой АІІБ тергеушісі А.АСЫЛБЕКОВТІ қылмыстық істі бұрмалап отыр деп айыптады. Жолболовтың растауынша, істен Сыдықовтың қалай, кімге, қанша мәрте атқанын, оның салдары қандай болғанын көрсеткен екі мойындау жауабы мен жауап алу хаттамасы ғайып болған, ал олардың орнына басқа мойындау жауабы мен басқа хаттама тіркелген.
14 маусымда облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасында осы қылмыстық істі қарау басталды. Алты күннен кейін Батырхановтың анасы Шолпан ДОСКЕЕВА облыстық сот ғимаратының жанына «Я объявляю голодовку в знак протеста против незаконного приговора суда» деген плакат алып, бір өзі пикетке шықты.
1 шілдеде осы апелляциялық процесстің екінші отырысында Жолболов жақында оның қорғалушысы түрме ауласында серуендеп жүргенде Сыдықовқа хат бергенін мәлімдеді, онда бұрынғы досын кісі өлтірген кінәсін өзіне аударып жібергендігі үшін жазғырыпты. Ал келесі күні Садықов Батырхановқа жауап хат жолдап, осы үшін одан кешірім сұраған.
Сот отырысында Сыдықов Батырхановқа ешқандай хат жолдамағанын мәлімдеді. Сот алқасы хатты жазу тану сараптамасына жолдады. 23 қыркүйекте кезекті отырыста: «Сыдықовтың жазуы болуы мүмкін» деген сараптама қорытындысы оқылды. Сарапшы Маржан ӘЛМЕНОВА Сыдықовтың жазуының қосымша үлгісінің болмауы себепті анағұрлым нақты тұжырым жасай алмағандықтарын түсіндірді.
Бұдан басқа, сот өз бастамасымен алдын ала тексеру кезеңінде тек Батырхановтың қаруына сот-баллистикалық сараптама жүргізілгендіктен, төбелес кезінде оның үш досының, соның ішінде Сыдықовтың қолында болған қарулардың қаза болған Темірбаевтың денесінен алынған 8 бытыраға сәйкестігіне сараптама жүргізу жөнінде қаулы етті.
Сарапшылардың мәліметтері бойынша қарулардың ешқайсысында бытырамен сәйкестік табылмады.
«ЖОҒАРҒЫ СОТҚА ЖҮГІНЕМІЗ»
Сөйтіп, апелляциялық сот алқасының төрағасы Тәтті УӘЛИЕВА Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соттың Нұргелді БАТЫРХАНОВТЫ кісі өлтіруде кінәлі деп тану тұрғысындағы үкімін жою, оны ҚР ҚК-нің 293-бабының 3-тармағының 2-тармақшасына («Ату құралы қолданылған бұзақылық») өзгерту, Батырхановты жалпы режимдегі колонияда 6 жылға бас бостандығынан айыру түрінде жазаға тарту жөнінде қаулы етті. Ал Жақсығали СЫДЫҚОВТЫ қылмыс туралы хабарламау тұрғысында кінәлі деп тану үкімді күшінде қалдырды.
Алқа облыс прокурорының тарапына тергеу барысындағы заң бұзушылықтарға назар аудару қажеттігі туралы жеке қаулы шығарды. Бұдан басқа, қаулыда: «Басқа тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы мәселе бойынша қосымша тергеу жүргізу қажеттігі жөнінде облыс прокурорының қаперіне беру» көрсетілген.
Ш.Доскеева, Н.Батырханов және тіпті Ж.Сыдықов сот залынан көтеріңкі көңіл-күймен шықты. Сотталушыларды күзетшілер алып кетті. Ал Н.Жолболов «АЖ»-ға:
- Батырхановтың кісі өлтірмегенін дәлелдеу бойынша қорғаудың негізгі мақсаты орындалды. Бірақ бұл арадағы жеңіс. Өйткені сот Батырхановтың кісі өлтіруші еместігін анықтап, кінәлі тұлғаны анықтау үшін қылмыстық істі прокуратураға жіберді. Іске нүкте қойылған жоқ. Біз бұл туралы осы қаулыға шағым бергіміз келіп отырған Жоғарғы сотта мәселе қоятын боламыз,- деп мәлімдеді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ