20 маусымда «құлсарылық атқыш» ісі бойынша сотталған Нұргелді Батырхановтың анасы – Шолпан ДОСКЕЕВА Атырау облыстық соты ғимаратының алдына бір өзі пикетке шықты.
Естеріңізге салсақ, бұдан бұрын Батырхановтың адвокаты Нұрлан ЖОЛБОЛОВ істі тергеушінің бұрмалағанын және үкімнің заңсыз екендігін растаған болатын.
Әйел кеудесі мен арқасына үлкен әріптермен «Я объявляю голодовку в знак протеста против незаконного приговора суда» деп жазылған ватман іліп алыпты.
Ол былай деді:
– Ұлымды басқа адам жасаған қылмыс үшін 16 жылға заңсыз соттады. Қылмыстық істе нағыз қылмыскердің өз кінәсін мойындап барғаны, мойындау жауабы жазылған бейнежазба бар. Апелляциялық процесс басталды, бірақ мен істің әділ шешілетіндігіне сенбеймін, өйткені бұл жерде бәрі жең ұшынан жалғасқан. Сондықтан мен аштық жарияладым және соңына дейін барамын. Егер нәтиже болмаса, Астанаға барып, бас прокуратура ғимаратының алдына барып аштық жариялаймын. Маған соттың әділ шешім шығарғаны керек. Тіпті өлген жігіттің анасы да осы үкімге қарсы, нағыз қылмыскердің жазадан құтылып кеткені туралы шағым жазды. Аштық жариялағаннан басқа амал көріп отырған жоқпын. Қаншама шағымдансам да, ештеңе өзгермей отыр. Ұлымды құтқару үшін осылай етуге бел будым.
Пикет таңертең басталды. Әйел облыстық сот дуалының алдындағы жаяу жүргіншілер жолында тұрды. 10 минуттан кейін полиция келді. Полицейлер оны сот аумағына кіріп, сол жерде тұруға көндірді. Содан соң қақпасын ысырма темірмен жауып, қалың жасақ боп бой түзеп, келушілерді сот шақыртулары бойынша өткізіп тұрды.
Бір сағаттан кейін пикетшіге Атырау облыстық әкімшілік соттар жетекшісі Гүлжан ЖҰМАҒАЛИЕВА жақындап келіп, өз кабинетіне шақырды. Біраз уақыттан кейін ол жерге сіздің тілшіңізді шақырып, бүкіл жазатын және түсіретін аппаратуралардың барлығын өту бөлмесіне қалдыруды алдын ала өтінді.
Шолпан өз қайғысы туралы, сотқа деген өз талабы туралы әңгімеледі.
Гүлжан Жұмағалиева облыстық сот төрағасы Марғұлан БЕКТҰРҒАНОВТЫҢ оның апелляциялық процеске қатысу өтінішін орындай алмайтынын, өйткені сот алқасының құрамы бекітіліп, оның қатысуы сотқа қысым көрсету ретінде бағалануы мүмкін екенін әңгімеледі. Сол себепті де оны ол өз кабинетінде қабылдай алмайды. Жалғыз жолы – облыстық прокуратураға жүгіну екен. Шолпан сөзге құлақ асып, ватманды орап, прокуратураға қарай асықты. Алайда 5 минуттан соң жол бойында айнып қалып, қайтадан облыстық соттың жанына барып тұрғаны белгілі болды.
Кейінірек Ш.Доскеева өзін Атырау облысының прокуроры Ғалымжан ТОҒЫЗБАЕВТЫҢ қабылдағанын хабарлады:
– Ол сотта қаралып жатқан іске араласа алмайтынын, бірақ өз қарауындағыларға істің егжей-тегжейімен жете танысуға нұсқау беретінін айтты. Сонымен қатар, ол тергеуші Асылбековке қатысты қылмыстық істің тоқтатылғаны туралы қаулының күшін жоюға уәде берді. Қайсысы рас, қайсысы өтірік екенін білмеймін, бірақ оларға сенуге мәжбүрмін. Егер уәдесін орындамаса, Аллаһ қаласа, Астанадағы Жоғарғы сот пен бас прокуратура алдында наразылықпен отыратын боламын. Мен әділдіктен басқа ештеңе сұрамаймын және бұл жолда мені ештеңе тоқтата алмайды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор