Әлихан Бөкейханның ізімен 2-ші бөлім. Қарқаралы
Семей – дүйім жұртқа аты мәшһүр қазақтардың отаны. Егер дәл Әлихан Бөкейханның жүрген бағытымен жүрер болсақ, онда біз Қарқаралыдан кейін Омбыға бет алуға тиіспіз, алайда, ол қазақ географиялық қоғамына қосымша шығын болған болар еді. Сондықтан да біз экспедициямыздың қазақстандық бөлігін машинамен жүріп өтіп, бірден бітірмек болып шештік.
АБАЙ ЕЛІ
Қарқаралыдан Семейге дейінгі жол шынында да сұмдық екен. 400 шақырым жолды біз 12 сағат жүріп өттік. Мен тағы да Қазақстанда адамдардың бір-бірімен қатынаспауы үшін барлық жағдай жасалғанына көз жеткіздім. Семей - шуақты, жақсы қала, ел аузында ол «Абай елі» деп аталады. Қазақтың көптеген ғалымдары мен ойшылдары, қайраткерлері осы елдің топырағында дүниеге келген. Ол аздай 1917-1920 жылдары «Заречная слобода» деп аталған Семей қаласының сол жақ жағалауы «Алаш орда» ұлттық аумақтық автономиясының бірінші астанасы болды және ресми құжаттарда Алаш қаласы болып жазылды.
Семейде бізді Шәкәрім атындағы мемлекеттік университет әкімшілігі құшақ жая қарсы алды. Ұйымдастырылған дөңгелек үстелде экпедицияға қатысушылар мен ұстаздар Алаш Орда көшбасшыларының өміріне қатысты бірқатар мәселелерді талқылады. Айта кету керек, Әлихан Бөкейханның ескерткіші Қазақстанда тек осы университет алдында ғана орнатылған.
СЕМЕЙ ТҮРМЕСІ
Әлиханның өмірі және «Алаш» қозғалысының барлық қызметі бұл қаламен тығыз байланысты. Әсіресе, жергілікті түрмемен, түрме ғимараты Елизавета патшайымының құрметіне орай Е әрпі түрінде салынған. Қазір түрме жұмыс істемейді, оған кіруге де тыйым салынған. Көп жылдардан бері жергілікті өлкетанушылар осы ғимаратқа кіруге тырысқанымен, оған мүмкіндік тек соңғы жылдарда ғана берілді. Онда да бір-ақ рет. Бұл бүгінгі күні ішіне адам кіре алмайтын режимді нысан. Осы түрмеде 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларының символына айналған жан Қайрат Рысқұлбеков өзіне-өзі қол жұмсаған деседі. Айтпақшы, оның ескерткіші түрмеге жақын маңда орнатылған. Жас жігіттің тастан мүсінделген бет-жүзіне үңілесің де, өлгеннен соң ескерткішке тағзым еткеніне, адамдарды тірісінде бағалай білуге неге үйренбейміз деген ойға шомамыз. Бізге тек ауланы ғана қарап шығуға рұқсат берді, бізбен түрме ғимараты арасын тікенді сым бөліп тұрды. Осының бәрін көре тұра мынау қабырғаларда да бір сыр бар-ау дегенді үнсіз түсінесің, содан да болар, бұл нысандар әлі күнге жабық деп есептеледі. Бұл түрмеге 1911 жылы «Алаш» қозғалысы көшбасшыларының бірі сотталған Міржақып Дулатты алып келген. Ол «Оян, қазақ!» деген өлеңін таратқаны үшін тұтқынға алынған. Оны 19 айға қамауға үкім шығарылған. Түрмеге түскен алғашқы тұтқындар қатарында XIX ғасырда Федор Достоевский де болған. Бұл жерде Ахмет Байтұрсын және басқа да ұлт қайраткерлері жазаларын өтеген.
МАНИФЕСТ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ДУМА
Біз Әлиханның өмірінің бұрынғы кезеңіне қайта ораламыз, өйткені ол тікелей Омбымен байланысты. Экпедицияның Семей бөлігінің сипаттамасын 1905-1907 жылдардағы кезеңіне, яғни, Әлиханның өзін қазақ халқының нағыз саяси көшбасшы ретінде көрсете білген кезеңнен бастаймыз.
Омбы жандарм басқармасының бастығы полиция департаменті бастығына жеткізген өзінің құпия хабарламасында Әлихан «барлық митингілер мен петициялардың өтуіне, үкіметке қарсы үгіттеуге ықыласты жан және қырғыздардың барлық діни-саяси қозғалысының жетекшісі және бастамашысы ретінде танымал» деп жазды (шығ. толық жин., 1 том).
1905 жылы патша Николай ІІ қоғамда бүлік тудыратын мемлекеттік тәртіпті жетілдіру туралы аса маңызды манифестке қол қойды. Бұл өзінше самодержавалық Ресейде парламенттік монархия етіп қайта құруға тырысушылық еді. Елдегі саяси жағдай, көптеген толқулар мен революциялық үндеулер патшаны осындай қадам жасауға мәжбүрледі. Дегенмен Николай тыйым салу құқығын қалдырды, ол кез келген сәтте Думаны таратып жібере алатын еді және ол оған әлденеше рет сүйенді. Құжатқа сәйкес бірде-бір заң мемлекеттік думаның қолдауынсыз күшіне енбейтін еді. Манифест халыққа сөз, ар, жиын бостандығының және басқа қол сұқпаушылықтың отаршылдық империясын ұсынды. Бұл жағдайлар, сөзсіз, қазақ даласын дүрліктірді. Бөкейхан өз естеліктерінде жазғандай манифест қазақ тіліне аударылды және 10 000 данаға дейін көбейтілді. Сауаты бар қазақтар үлкен және шағын съездерге жиналып, манифесті оқып, оны талқылады. Сол 1905 жылы Әлихан сайлауалды науқанға қатысуға шешім қабылдады және өз ана тілінде газет шығармақшы болды. Бірақ оның бұл ойлағаны бола қоймады, өйткені, сол кезден бастап-ақ оның ізіне түскен болатын. Бір айта кетерлік жайт, Әлихан барлық уақытта тіл мәселесін көтеріп, ашық айтатын болды. Айталық, 1905 жылдың қарашасында Әлихан Мәскеуде Ресей қалалық және земстволық қайраткерлерінің съезд жұмысына қатысты, онда ол былай деген еді: «Мен Оралдан Алтайға дейінгі, Сібір темір жолынан Омбыға дейінгі үлкен аумақты алып жатқан төрт миллион қырғыз халқының өкілімін. Бұл жерде поляктардың, латыштардың, малоросстардың және басқалардың да не айтқандарын тыңдағанда мен ескі кітапты оқып шыққандай болдым. Бізде де қырғыз тіліндегі мектептер қудалануда, бізді де цензурамен қысады... Қырғыздардың мұқтаж болып отырған бір мәселесі – ана тілінің қолдану аясы. Мен жергілікті тілдерді қолдануға қойылатын шектеулерді жою туралы ұсыныстарды толық қолдаймын».
ЖАЗЫҚСЫЗ КІНӘЛІ БОЛДЫ
1906 жылдың басында Семейде облыстық съезд өтуге тиіс еді, бұл алдағы уақытта Мемлекеттік думада өтетін сайлаумен байланысты болатын. Осы кезде Омбыда тұратын Әлихан сол жерге келуге тиіс болды. Жол бойында оны патша күзеті қамауға алып, Павлодар түрмесіне қамалады. Өз естеліктерінде ол: «Мені Павлодардан Семейге бара жатқан жолда 8 қаңтарда Ямышевский поселкесінде тұтқынға алды. ...Мен прокурорлық қадағалау қызметіне менен жауап алу, тергеу жүргізу, мені сотқа беру өтінішімен әлденеше рет жүгіндім, осылайша сотқа дейін түрмеден шығуды топшылаған едім, алайда түрме қызметкерлері басқа ойда болды, «әншейін» мені түрмеге отырғызды» деп жазды.
Әлихан өзін қамауға алудың заңсыз екенін түсінді, сондықтан жоғары сатыдағы шенеуніктерге өтінішхат жолдады. Мұны шенеуніктердің өздері де түсінді. Семей округтік сотының прокуроры Жданович Семей облысының шеңберінде ешқандай қылмыстық қызметтің байқалып үлгермегенін, оның үстіне ұстау кезінде қылмыстық сипаттағы ешқандай брошюралар, кітаптар мен басылымдар табылмады деп жазды. Оның бар кінәсі – халық арасындағы танымалдылығы мен ұлттық қозғалыстың көш басында тұрғандығы еді.
Әлихан Бөкейханның шығармалар жинағын құрастырушы Сұлтанхан АҚҚҰЛЫ жазғандай, Әлихан қамауға алынғаннан кейін бір айдан соң Семейде жергілікті «Семипалатинский листок» газетін шығару тоқтатылды. Газеттің 5-ші нөмірі Әлихан қамауға алынғаннан кейін алынып тасталды.
Патша әкімшілігі қазақ халқының өз өкілі Әлихан Бөкейхановты сайлауы мүмкін екендігін жорамалдап, одан былайша құтылуды ұйғарды: «... соңғысының өте құпиялылығына және Мемлекеттік Думада мәселелер жүргізуге ықпал етуге және, бәлкім, белсенді қатысуға табанды ықыласы болғандықтан... осы істі әкімшілік тәртіпте Бөкейхановты, сөзсіз, Дала өлкесінен тысқары жер аударуға жолдау керек. Өйткені, Бөкейханов сөзсіз қауіпті, бірақ ақылды әрі епті үгітші көрінеді». Оны қамауға алудың бүкіл заңдылығын түсіне отырып, оны Омбы түрмесіне ауыстырып, қазақ жерінен тысқары құпия жер аударып жіберу ұйғарылады. 15 күннен кейін ол босатылады, өйткені Семей облысының Қарқаралы уезінің Тоқырауын уезінен таңдаушы болып сайланады.
Ал ол былай болған еді.
Әлиханның жерлестері биліктің оны жай жібере салмайтынын түсінеді. Мемлекеттік Думаға сайлау соңғы кезекте белгіленеді. Сондықтан жергілікті тұрғындардың келісіп, бәрінің Әлиханның кандидатурасына дауыс береміз деп сөз байласуларына жеткілікті уақыты болады. Алайда оның сол кезде түрмеде отырғанына жарты жыл болған еді... Әлихан таңдаушы болып сайланады, яғни, сайлауға қатысу үшін олар жіберетін сайлау өкілі болып іріктеледі.
Әлиханның немере інісі Сырым Бөкейханов өзінің естеліктер кітабында Әлиханның сайлауға бірнеше апта қалғанда босатылғанын жазады. Қозғалыс көшбасшысының өзі сайлауға 2 күн қалғанда Өскемен мен Зайсанның найман руынан сайлаушыларға әлдебір доктор А. дегеннің Әлиханның кандидатурасына қарсы үгіт жүргізіп, өз кандидатурасын белсенді ұсынып жүргенін білгенін жазады.
Сол күні кешкісін Әлиханды доктор А-ның күйеу баласы Сәдуақас Шорманов қонаққа шақырады. Меймандардың көпшілігі молдалар, қажылар, қариялар, шамамен қырық шақты адам еді. Олар Әлиханның дінге деген көзқарасына қызығушылық білдіріп, Мемлекеттік думада қазақтардың мүддесін қорғай аласың ба деп сұрады. Әңгіме таңға дейін созылды, ақыры құрметті ақсақал Қайнарбай қажы: «Ертең Әлихан үшін дауыс бермейтіндер діннен безгендер атанып, өз әйелдерінен айырылады» дейді. Қатысушылардың барлығы ант-су ішеді. Доктор А. сол күні Семей қаласынан кетіп қалады. Әлихан 176 дауыстың 175-ін жинайды.
Сол жолы Әлиханның жолы болып, оны туған жерінен айыра алмайды. Бірақ 16 жылдан кейін оның отанымен мәңгілікке қоштасуына тура келеді.
Қазақтардан: Бақытжан Қаратаев, Ахмет Беремжанов, Сәлімгерей Жантөрин, Алпысбай Қалменов, Төлепберген Аллабергенов және Әлихан Бөкейхан депутат болды.
Өкінішке орай, Мемлекеттік думаның бірінші шақырылымының күндері санаулы еді. Сондықтан тек Бақытжан Қаратаев қазақ халқының ауыр жағдайы туралы баяндама жасап үлгерді. Әлиханның өзі Санкт-Петербургқа оны күштеп таратуға бірнеше күн қалғанда жетті.
ВЫБОРГ ҮНДЕУІ ЖӘНЕ ТҰТҚЫНҒА АЛУ
Дума қызметі халық толқуын баса алмайды, үлкен наразылықтарға себеп болады деген желеумен патша оны күштеп таратуға шешім шығарды. Нәтижесінде Мемлекеттік думаның екі жүзден астам мүшесі (арасында Әлихан Бөкейхан мен Сәлімгерей Жантөрин болды) Выборгке жиналып, «Выборг үндеуіне» қол қойды. Құрастырушылар халықты билікке пассивті қарсы тұруға: салық төлемеуге, әскерге шақырылушыларды бермеуге және т.б. шақырды (Үндеудің өзі туралы келесі материалдарда айтылады, өйткені біздің экспедиция осы үшін арнайы Выборг қаласына барып, құжатқа қол қойылған ғимаратты тауып алды). Осындай батылдықтары үшін сотқа адал басым көпшілігі қайта сайлану, жария саяси қызмет жүргізу құқығынан айырылды. Осы себепті Әлиханға Мемлекеттік думаның екінші шақыртылымына сайлануға өз кандидатурасын алып тастауға тура келді. Бұл туралы өзінің «Семей облысының қырғыздарына ашық хатында» жазды. 1907 жылдың 18 желтоқсанында Санкт-Петербург сот палатасының жеке қатысуы Бөкейхановты «Выборг үндеуі» туралы іс бойынша 3 жыл түрме жазасына кесті. Үкім 1908 жылдың 21 қаңтарында күшіне енді. Айта кету керек, Әлихан билікке өз аяғымен келіп, Семей түрмесіне қамалды. Алайда қамау 8 айға созылды.
Осы уақытта үзеңгілестері мен достары қашу ұйымдастыруға әрекеттенді. Алайда Әлихан: «Мені іздеп табуға патша әкімшілігі далаға казактардың жазалау отрядын жіберетіні сөзсіз. Жазықсыз халық зардап шегеді. Бүкіл халықтың басын қауіп-қатерге тіккенше, бір өзімнің түрмеде отыра бергенім жақсы» деп үзілді-кесілді бас тартты.
Әлиханның түрмеде отырғандығы туралы қауесет тез таралып кетеді. Достары мен жақтастары көмектесуге тырысады. Ал Оразбай есімді жерлестерінің бірі өз биесін қалаға әкеліп, күн сайын түрмеге қымыз бен күркетауық етін әкеліп тұрады. Халық Әлиханды жақсы көрді, Әлихан да өз халқын шексіз сүйетін.
БОСТАНДЫҚ ҮЙІ
Семейдегі облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғимараты көз тартады. Бір кездері бұл ғимарат қала губернаторына тиесілі еді. Азаматтық көтеріліс жылдары бұл жерде Бостандық үйі орналасқан. Осы жерде 1917 жылы Әлихан Бөкейханов сөз сөйлеген. Сол жылы бұл жерде қазақтар съезі өткізіліп, онда автономия құру ұйғарылады.
Семейдің ең әсерлі музейі мен үшін М.Әуезовтің музей үйі болды. Оны Анияр Молдабаевтың үйі деп атайды. Екі қатарлы бұл ғимарат Абайдың қамқорлығында болған Анияр Молдабаевқа тиесілі болған. Үйді көпес Москвиннен сатып алған екен. Ғимараттың тарихы мынадай: бір кездері Абай Аниярдың Ресейге барып, білім алуына баса көңіл бөледі. Адвокат дипломын алған Анияр туған өлкесіне оралады. Алғыс ретінде ол осы ғимаратты Абай отбасымен Семейге келген кезде осы жерде аялдау үшін сатып алған.
Ал түрлі уақытта бұл үйде Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов өмір сүрген. Міржақыптың қызы Гүлнар Дулатова өз естеліктерінде 1921 жылы өздерімен бірге Бөкейханның отбасының да тұрғанын жазады.
Әлиханның жұбайы Елена Севостьянова Семейде көз жұмады. Ол бөртпе сүзегіне шалдыққан еді. Үйдегі басқа жандарға жұқтырмас үшін Әлихан әйелімен бірге бірінші қабатта бөлек тұрған.
Семей Әлихан Бөкейхановтың өмірінде маңызды орын алған. Бұл жерде «Алаш» қозғалысы пайда болды, бұл жерде ол жазасын өтеді, осы жерде әйелін жерледі.
Осындай мазмұнды бағдарламадан кейін біз Омбыға аттанып кеттік. Бұл туралы келесі бөлімде айтылатын болады.
(Жалғасы бар)
Айжан ХАМИТ, «АЖ» меншікті тілшісі
(Автор осы экспедицияға қатысуға шақырғаны үшін Қазақ география қоғамына алғыс білдіреді)