Мені ХХ ғасырдың басындағы қазақтың ұлттық көшбасшысы, заманауи Қазақстанның іргетасы болған Алаш автономиясының (1917-1920) негізін салушы және басшысы Әлихан БӨКЕЙХАННЫҢ 150 жылдығына орайластырылған «Әлихан Бөкейханның ізімен» атты экспедицияға қатысуға шақырғанда ұзақ толғандым. Тұрмыстық проблемалармен қатар қорқынышым да болды: менің бұған шамам жете ме, бұл оңай маршрут емес қой деген ойлар келген еді. Қазір үйіме оралған соң, Қазақ География қоғамы ұйымдастырған осы жобаға қатысудың бұйырғанына бақыттымын.
ТАЛ ТҮБІНДЕГІ БЕЙІТ
Алғашқы нүктеге кешке қарай жеттік. Ақтоғай – бұл Қарағанды облысындағы ауыл, Ақтоғай ауданының әкімшілік орталығы. Біз қатты асығыс болдық, өйткені күн батқанша ауылға жақын маңдағы Талдыбейіт зиратының қауымына жетуді жоспарлаған едік.
Суретте: Тұңғышбай МҰҚАН
Ақтоғайда бізді Ақтоғай археологиялық-этнографиялық музейдің директоры Тәбәрік ЖАРМАҒАМБЕТОВ пен біздің гидіміз болған құрметті тұрғын Тұңғышбай МҰҚАН бастаған делегация күтіп тұрды. Лайықты бағасын беру керек – өңірдегі адамдар урбанизацияланған қазақтарға қарағанда анағұрлым ақ жарқын және қонақжай адамдар болады. Қатты шаршағанымызға қарамастан, Талдыбейітке баруды ұйғардық. Бұл Әлихан мен Орта жүздің ханы Бөкейдің ұрпақтары, басқа төре тұқымдары жерленген қауым. Әр қабір тақтасына Шыңғысханнан өрбіген марқұмның шежіресі жазылған.
Әлиханның әкесі Нұрмұхамедтің бейітінде үлкен ағаш өсіп тұр. Әлиханның шөбересі Сырым БӨКЕЙХАНОВ жазғандай, Әлихан Бөкейхан бразиялық ағаштың көшетін алып келіп, бейіттің қасына отырғызған екен. Міне, жүз жылдан бері олар осы жерде жайқалып тұр. Бұл ағаш Бөкейхан ұрпақтары үшін қасиетті ағашқа айналған.
Талдыбейіт деген зират атауы да осыдан шыққан. Бұдан кейін төре тұқымының ұрпақтарын осы жерге жерлей бастаған. 1918 жылы о дүниелік болған Әлиханның анасы Бегімхан да осы жерден, отағасынан сәл төмендеу жерден мәңгілік мекенін тапқан. Өйткені дала заңы бойынша ерлі-зайыптыларды бірге жерлемеген. Біз араб графикасымен жазылған құлпытастағы жазуды оқуға тырыстық. Ол жартылай өшіріліп, өңі кетіп қалған екен. Сондықтан оны сипап айыруға тура келді. Келген кезде Сырым Бөкейхановтың кітабына көз салғанымда, үзік сөздер мен даталар қиюласқан көрініске ие болды.
Бегімханның құлпытасында былай деп жазылған екен:
Жетім менен жесірдің
Жел жағында панасы,
Ық жағында қаласы,
Тоңғанға болған тон,
Шөлдегенге болған сусын.
Көрнекті алаштанушы және Әлихан Бөкейханның өмірбаянын жазушы Сұлтан-Хан ЖҮСІП жазғандай, Бегімхан бекзат әйел болған. Өте білімді және шебер қолөнерші болыпты. Арабша сауаты болған, ол кезде бұл өте сирек кездесетін құбылыс. Өйткені қазақтар қыздарын оқытпауды жөн көретін.
Бегімхан өз ауылындағы жетімдердің тегін сауатын ашқан. Шамасы, мұндай бекзаттық ата-бабасынан дарыса керек. Бегімхан тобықты руынан, әйгілі Мамай батырдың тұқымынан тараған.
Айтпақшы, Шәкәрім Құдайбердіұлының анасы Бошантай (азан шақырып қойған аты Төлебике) мен Бегімхан туған апалы-сіңлілер. Нұрмұхамед пен Бегімханның алты баласы болған: Әлихан, Әзихан, қызы Нұрбек, Тәттіхан, Смахан, Базылхан.
Әлихан Бөкейхан 1937 жылы Мәскеудегі Бутырка түрмесінде атылды. Оның сүйектері Дон зиратындағы бауырластар бейітінде жерленген. Сондықтан бұл қауымда танымал алашордашының аты-жөні мен қайтыс болған уақыты және Шыңғысханның нешінші ұрпағы екені көрсетілген кенотаф орнатылған.
О дүниелік жандардың рухына арнап дұға оқып болған соң, профессор, алаштанушы Айгүл ИСМАКОВА бастаған біздің экспедиция Әлиханның әкесі жатқан бейіттен бір уыс топырақ алды. Бұл колбаны мөрлеп, келесі жарияланымдарда әңгімелейтін ұзақ жол бойына өзімізбен бірге алып жүрдік. Біз Әлихан үшін туған жердің бұл уыс топырағын Мәскеуге Дон зиратына алып бардық. Дәстүрге сәйкес, бейіттен топырақ алу үшін туыстарының қатысуы немесе олардың рұқсаты керек. Әлиханның ұрпақтары Мәскеуде тұратындықтан, біз телефон арқылы туыстарынан рұқсат алдық. Осыдан кейін Әлихан әулеті қоныстанған қыстаққа бардық. Бұл жер Желтау тауының бөктерінде орналасқан Жекежал қыстағы деп аталады.
ЖЕКЕЖАЛДАҒЫ БАЛАЛЫҚ ШАҚ
Әлиханның атасы Мырзатай ағасы Рүстеммен бірге Тоқырауын өзенінің жағасындағы Сарым деген жерге қоныс тепкен. 1858 жылы Рүстем мен Мырзатай сол жерлердің қожайыны Сарым Шонбаевпен, егер ол жер бөліп берсе, болыс басқарушысы атануға көмектесеміз деп келісім жасаған.
Келісім нәтижесінде Желтау, Тоқырауын, Ақтұмсық, Аяқ-Сарытерек, Қызылашық деген атаудағы жерлер бұлардың иелігіне өткен. Рүстем қыстағы Желтаудағы Қараүңгір деп аталатын жерде болған. Оның өзі Аяқ-Сарытеректе жерленген. Ымырт үйіріле бастағандықтан, Рүстемнің бейітіне жете алмадық.
Әлихан 1866 жылы 5 наурызда дүниеге келген. Әкесі Нұрмұхамедті ел ішінде Мұқантөре деп атаған. Сырым Бөкейханов «Өткен күнде белгі бар» деген кітабында Әлиханның 6 жасқа дейін сөйлемегенін жазады. Кейін ақын атанған оның достарының бірі Нұржан ШОҢҰЛЫ Әлиханның асықты керемет ойнағанын, егер құрдастарынан басым түссе, бүкіл асықтарын ұтылғандардың өздеріне қайтарып беретіндігін еске алады. Мінезі өр, өзінен үлкен балалармен жиі төбелесетін. Еркетотай балаларды ұнатпайды екен. Көшкен кезде түйемен жүргенді ұнататын, жесірлерге, балалары бар әйелдерге түйеге жүктерін артуға көмектесетін, жалпы мал баласын жаны сүйетін. Көш тоқтаған кезде құдық қазған. Мал жаюға жиі шығып, шопандарға ұйықтап алуға мүмкіндік беріп, күні бойына мал басында жүретін. Мұндай күндері оған анасы немесе әкесі хал-жағдайын білуге келетін. Бөгде біреулер: «Мына кісі кім?» деп сұраса, ол әзілдеп: «Кісікім» деп жауап береді екен. Өйткені, Әлихан атасы Мырзатайдың тәрбиесінде болған, ал өз әкесін ағасы секілді көрген. Тұңғыш балалары ата-әжесінің бауырында өскен кезде, осындай жағдай жиі болады. Бұл туралы Сұлтан-Хан Жүсіп өзінің «Алихан Бокейхан. Творец истории» монографиясында Әлиханның інісі Смахантөренің естеліктеріне сүйеніп жазған. Әлихан өз әкесін «Кесекем» деп атап кеткен. Ал анасын «Бежекем» деп атаған. Әлиханның атасы Мырзатай баласы Нұрмұхамедтен кейін 10 жылдан соң өмірден өткен.
СмахантөреӘлиханның әкесі сауатты жан болған. Аңшылыққа әуес, мал шаруашылығымен және егіншілікпен айналысқан, тіпті диірмені де болған. Нұрмұхамед балаларының білімі үшін қаржысын аямаған. Смахантөре өзінің аңызға айналған ағасы туралы естелігінде Әлиханның әкесімен бірге аңшылыққа шыққанды ұнатқанын жазған. Әлихан өсіп ержеткеннен кейін әкесі оны Қарқаралыдағы Зариф молданың медресесіне орналастырған. Медреседен қазақша сауатын ашқан соң, Әлихан өздігімен Қарқаралыдағы 4 сыныптық орыс-қазақ бастауыш мектебіне оқуға түсіп, бастапқы кезде әкесінің танысы – жергілікті көпес Халиолла БЕКМЕТОВТІҢ үйінде жатып оқыған. Бірақ кешікпей, тағы да өз бетімен пансионатқа ауысады. Жалпы Қарқаралыда Әлихан 1886 жылға дейін болады. Медреседе, бастауыш мектепте және қолоөнер училищесінде оқып шығып, «етік тігу ісінің шебері» деген алғашқы мамандығын алып шығады. Алайда Қарқаралыдағы кезеңдер туралы толығырақ келесі мақалада айтылатын болады.
Желтау тауының бөктерінде ескерткіштің мемлекет қорғауында екендігі жазылған тақта орнатылған. Ақтоғай өлкетану музейінің бұрынғы директоры, қазіргі Ақтоғайдың құрметті азаматы Тұңғышбай Мұқан өте көп қызықты нәрселерді әңгімелеп берді. Ол бізге 1939 жылға дейін бастауыш мектеп жұмыс істеген жерді көрсетті. Қазір ол жерде тек осы құрылыстың қираған орны ғана қалған.
ОЛ АШТЫҚ БОЛАТЫНЫН СЕЗДІ
Сәл әрірек Қарауылдың қаратасы деп аталатын жер бар. Бұл алыстан қарағанда таққа ұқсайтын шағын шоқы. Халықтың айтуынша, Әлихан осы жерде уақыт өткізгенді жақсы көрген екен. 1922 жылдың 10 қазанында Әлиханға Мемлекеттік біріккен саяси басқармадан адамдар келген кезде, ол осы жерде отырған екен. Ол отанына енді қайта келе алмайтынын білгендей, үш күн уақыт сұраған. Осы үш күн ішінде бүкіл туыстарын жинап алып, ауыл шаруашылығымен айналысуды, тек мал шаруашылығына сенуді қою керектігін тапсырған. Ол күштеп ұжымдастыру болатынын алдын ала біліп, өз жерлестеріне азық табудың басқа көздерін іздеу қажеттігі туралы ескерткісі келген...
Қайтар жолда біз Абылайхан дәуірінде шайқаста қаза тауып, осы жерде жерленген тама руынан шыққан Сеңгірбай батырдың бейітіне соқтық.
«ХАЛЫҚ ЖАУЫНЫҢ» ҚАРЫНДАСЫ
Суретте: Айсәуле апайАуыл әкімшілігі бізге керемет кешкі ас пен жақсы қабылдау ұйымдастырыпты. Екінші күн болғанда Әлиханның інісі Смахантөренің қызымен кездестік. Бәрі Айеш апай деп атайтын Айсәуле апай өз ағайына қатты ұқсайды екен. Ол Ақтоғайға бізбен кездесу үшін әдейілеп келіпті. Оның қасында қызы Тәжина Ғайния мен Мырзатайдың ағасы Рүстемнің ұрпақтары болды. Айеш апай өз отбасы туралы әңгімелеген кезде қатты толқыды. Бала кездегі естелігінен айтты: күн сайын таңертең әкесі Смахантөре таңғы асын ішіп, киініп, үстеріне келісті костюм киіп, қара көлік мінген адамдардың өзіне қашан келетінін күтеді екен. Сөйтсе, күнде таңертең оны жауап алуға алып кетіп, кешке әкеліп тастайды екен. Әлиханның туыстары «халық жауының» туыстары дегеннің қандай екенін толықтай сезініп, бастан өткерген. Олардың кейбірі фамилияларын өзгерткен, көпшілігі жылы орындарынан көшіп кетуге мәжбүр болған. Ал Смахантөренің отбасына үнемі көшіп жүруге тура келген. Олардың бір жерде тұрақталып қалуларына құқықтары болмаған...
Айеш апай өзін партияға да, жұмысқа да қалай қабылдамағанын әңгімеледі. «Халық жауының» ұрпақтарының тағдыры осындай болған.
Түске таман экспедициямыз Қарағандыны бетке алып, жолға шықты. Ол жерде бізді Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде күтіп отырған еді. Ал кешке қарай Әлихан жеті жасында білім алуға кеткен Қарқаралыға баруға тиіспіз...
(Жалғасы бар)
Айжан ХАМИТ,
«АЖ» меншікті тілшісі