Атырау, 23 қараша 20:33
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Әйелдерді әуре-сарсаңға салған бағдарлама

3 249 просмотра

Көп үміт күттірген республикалық Жұмыспен қамту-2020 бағдарламасы еді. Алайда ол осы бағдарлама бойынша «Атырау су арнасы» КМК-на (әрі қарай – «АСА») жұмысқа орналасқан бірнеше әйел үшін жағымсыз жайтқа айналды. Редакцияға хабарласқан әйелдер растап отырғандай, Жұмыспен қамту орталығында оларға айына 50 мыңнан кем емес жалақы береміз деп уәде етілген. Бірақ 2 ай тер төккеннен кейін олар одан да үйлерінде отырғандары жөн екенін түсініпті.

 

ЖҰМЫС БЕРУШІ ҮШІН ҰТЫМДЫ БАҒДАРЛАМА

Өткен жылдың шілдесінде іске қосылған Жұмыспен қамту-2020 бағдарламасы «Жұмыспен қамту жол картасын» ауыстырды. Егер біріншісінің мақсаты штаттан жаппай жұмыстан қысқартылған жұмысшыларды уақытша жұмысқа орналастыру болған болса, жаңа бағдарлама ұзақ мерзімді жұмыспен қамтамасыз етуі тиіс. Жұмыссыздарды оқытып, жұмысқа орналастырып, оларға мекен-жайлары бойынша өз бизнестерін ұйымдастыруға, ал мұндай мүмкіндіктер болмаған жағдайда экономикалық өсу нүктесіне өз еркімен көшулеріне қолдау көрсетпек. Мұнда 2011 жылы бағдарламаны жүзеге асыру механизмі мен оны құқықтық қамтамасыз етуді жасақтау белгіленген. Екінші кезең 2012-2015 жылдарға, үшіншісі – 2016-2020 жылдарға тура келеді.

Бағдарлама бағыттарының бірі - өз күнін өзі көріп жүрген, жұмыссыз және аз қамтылған халықты оқыту және атап айтқанда, әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру есебімен жұмысқа орналастыруға қолдау көрсету.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жұмыспен қамту бөлімінің бастығы Гүлболат АМАНҒАЛИЕВАНЫҢ  айтуынша, әлеуметтік жұмыс орындары мақсаттық топтарға арналған. Оған аз қамтылғандар, 25 жасқа дейінгі жастар, балалар үйінің тәрбиеленушілері, мүгедектер, бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққандар, 50-ден жоғары жастағы әйелдер, 55-тен жоғары жастағы ер адамдар, сондай-ақ, ұзақ уақыт бойына жұмыс жасамаған, отбасында жұмыс жасайтын бірде бір адамы жоқ, бес жасқа дейінгі балалары бар әйелдер кіреді.

Жұмыс уақытша сипатқа ие. Жұмыс берушілерді тарту үшін мемлекет еңбекақы төлеу шығындарын былай өтейді: «Мемлекеттің жалақыны ішінара субсидиялауы 12 ай бойы мынадай шарттармен: алғашқы 6 айда жалақының 50%-ын асырмай; келесі 3 айда жалақының 30%-ын асырмай; соңғы 3 айда жалақының 15%-ын асырмай жүзеге асырылуы мүмкін. 2011 жылы әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылған Бағдарламаға қатысушылардың бір айдағы жалақысына берілетін субсидия мөлшері, салықтар мен әлеуметтік аударымдарды ескергенде алғашқы 6 айда 26 мың теңгеден аспайтын болады» (Бағдарламадан үзінді).

Яғни, әлеуметтік жұмыс орындарына орналасқандар 2011 жылы кем дегенде бүкіл салықтар мен әлеуметтік аударымдарды ескергенде  52 мың теңге - 26 мыңын  мемлекеттен, 26 мыңын  жұмыс берушіден алуы тиіс. Бұл жағдайда жұмыс беруші ұтады, өйткені ол жалақы қорын әжептәуір үнемдеп, толыққанды жұмысшыларға ие болады. Бірақ «АСА» хикаясында мұның бәрі басқаша сипат алған.

 

ЖАҢА ЖЫЛДағы ЖАҒЫМСЫЗ СЫЙ

– Бізге «АСА»-да екі ай бақылаушы боп жұмыс жасауды ұсынды. «Атырау су арнасы» бастығының орынбасары Левон ОВСЕПЬЯН штаттағы бақылаушылар ретінде айына 52 мың теңге алатынымызды растағанда қуана келіскенбіз, - деп әңгімелейді әйелдер. – Жұмыс оңай емес екен, оның үстіне бізбен Жұмыспен қамту орталығы арасында жасалған еңбек келісім-шарты бойынша аптасына 5 күн жұмыс күнінің орнына сенбі күні де сағат 9-дан 18-ге дейін жұмыс жасадық. Жаяу жүріп қала төңірегіндегі Новостройка, Контейнерный, Ақжар, Бірлік-2, Геолог және т.б. елді мекендерді араладық. Өз есебімізден жүрек жалғап алып жүрдік. Күн сайын кассаға 13-тен 30 мың теңгеге дейін суға төленген төлемдерді тапсырдық. Сондықтан Жаңа жыл қарсаңында қараша айындағы еңбекақымызды алғанда қатты таң қалдық. Біз жұмыс жасаған күндердің мөлшеріне қарай 16 000-нан 24 000 теңгеге дейін есептепті. Әрине, біз бұған наразы болдық. Жұмыспен қамту орталығына бардық. Ондағылар «АСА»-мен жасалған бастапқы келісім-шарт дұрыс жасалмағанын, біздің еңбекақымыз 40000 теңге құрайтынын, Жұмыспен қамту орталығы Жаңа жылға дейін барлық қаржыларды аударып, өз міндеттемелерінен құтылғанын мәлімдеді.

Әйелдердің қолдарында Жұмыспен қамту орталығы жасақтап, «Атырау су арнасының» қолы мен мөрі басылмаған, жалақы мөлшері көрсетілмеген осы еңбек келісім-шарттары ғана бар. «АСА»-мен жасалған еңбек келісім-шарты тек уақытша жұмыс жасаушылардың біреуінде ғана бар, бірақ онда да жалақы мөлшері көрсетілмеген.

 

«БІЗ ЕШКІМДІ МӘЖБҮРЛЕГЕН  ЖОҚПЫЗ»

«Атырау су арнасы» басшысы Серік ЖҰМАШБАЕВПЕН және оның орынбасары Л. Овсепьянмен әңгімеміз бірден үйлеспеді. 1,2 млн. теңге сомаға 30 әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру туралы Жұмыспен қамту орталығы мен «АСА» арасында жасалған келісім-шартты бірер минутқа қолыма ұстатты. Яғни, Жұмыспен қамту орталығы да, «АСА» да бақылаушыларға айына 20 мың теңгеден төлеулері тиіс болған екен. Демек, бақылаушылардың талаптарына негіз бар боп шықты. Неліктен оларға анағұрлым аз төлеген? Осы сұрақты С. Жұмашбаевқа қойған едім.

– Штаттағы бақылаушының еңбекақысы 23 700 теңге. Мен штаттан тыс қызметкерлерге үлкен сома төлей алмаймын, - деді Жұмашбаев.

– Ендеше еңбек келісім-шартына қарамастан, аптасына 5 күннің орнына бақылаушылар неліктен 6 күн жұмыс істеген?

Овсепьян: – Біз ешкімді мәжбүрлеген жоқпыз. Әр бақылаушыға аумақ бекітілген, олар сол аумаққа қызмет көрсетулері тиіс. Бәлкім, олар жұмыс күндері берілген жұмыс көлемін орындап үлгермей, өз қалауларымен демалыс күндері адамдар үйлерінде болатын шығар деп жұмысқа шыққан болар. Бұл бақылаушылар стажерлар ретінде жұмысқа алынды, сондықтан учаскелер бойынша тәжірибелі қызметкерлеріміз олармен бірге жүрді.

Еңбекақы туралы сұраққа дәйек келтірілген жауап болмағандықтан, мен оны жазбаша түрде күтуді ұйғардым. 4 қаңтар деп дата қойылған жауап редакцияға тек 10 қаңтарда ғана түсті.

Онда «АСА» директоры С. Жұмашбаевтың атынан былай деп хабарланған: «18.10.2011 жылғы №35 келісім-шарттың 2.3-тармағына сәйкес, қалалық жұмыспен қамту орталығы тапсырыс беруші ретінде нақты жасаған уақыттағы еңбекақы төлеу шығындарымызды белгіленген еңбекақы мөлшерінің 50 пайызы есебімен өтеу міндетін өз мойнына алды. КМК бақылаушыларының жалақысы 25 330 теңге құрайды. Аталмыш келісім-шарттың 2.4-тармағына сәйкес, 50 пайыз өтемақымен есептегенде бақылаушыларға төленетін төлем зейнетақы мен табыс салығын ұстап қалғанда, 12 665 теңге құрайды».

Сол күні Жұмыспен қамту орталығында қазынашылық бекіткен аталмыш №35 келісім-шартты қолыма ұстағанда таң қалғанымды көрсеңіз. Онда жұмыс беруші ретінде «АСА»-ның өз өтінішіне сәйкес бақылаушылар мен басқа қызметке алынған жұмысшылардың еңбекақылары 40 000 теңге құрайды, оның жартысын Жұмыспен қамту орталығы өтейді» делінген.

 

“АТЫРАУ СУ АРНАСЫ” ҮШІН  МЕН ЖАУАП БЕРМЕЙМІН» 

–2011 жылы Жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша әлеуметтік жұмыс орындарын төлеу механизмі былай болды. Жұмыс беруші айдың аяғында бізге нақты жұмыс жасалған күндер белгіленген табель мен орындалған жұмыс актілерін береді. Соған сәйкес біздер жұмыс берушіге олар айтқан еңбекақының 50 пайызын өтейміз. Желтоқсанның аяғына дейін біз арқылы жұмысқа орналастырылған 30 қызметкер үшін «АСА» өтемақысын толықтай төледік, - деп түсінік береді қалалық Жұмыспен қамту орталығының бастығы Есенжол ЖҰМАҒАЛИЕВ.

– Бірақ бізге келген бақылаушылар қараша айындағы еңбекақыны тек желтоқсанның аяғында ғана алғандарына шағымданды ғой.

– «Атырау су арнасы» үшін мен жауап бермеймін. Біз ақшаны келісім-шарт міндеттемелеріне сәйкес, 5 желтоқсанға дейін аудардық.

– Әйелдер бастапқыда оларға  52 000 теңге еңбекақы беруге уәде берілгенін, ал содан кейін оның бос сөзге айналғанын растап отыр ғой.

– Еңбекақы мөлшері бізге емес, оны өтініште көрсететін жұмыс берушіге байланысты болады. Осы бағдарлама бойынша біз шағын және орта бизнес – ЖК және ЖШС өкілдерімен ғана жұмыс жасаймыз. Олардың кез-келгені көп жалақы төлей алмайды. 20 000 теңге жалақы береміз деген өтініштер бар, оның жартысын - 10 000 теңгені біз төлейміз. Желтоқсан аяғында «АСА» өкілдері де маған факс арқылы 20 000 теңге еңбекақы белгілеген басқа келісім-шартты жіберді. Бірақ мен Жұмыспен қамту орталығы қол қойып, қазынашылық бекіткен қолымдағы келісім-шартты басшылыққа аламын.

– Әйелдердің растауынша, олар өздерінің еңбекақыларын толық көлемде төлеуді талап еткенде, жауап ретінде КМК қызметкерлері оларды жұмыстан себепсіз қалдыңдар деп айыптаған...

– Міне, «Атырау су арнасы» жолдаған табельдер мынау.

Мен желтоқсан ішінде Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналасқан қызметкерлердің жұмыстан қалғаны табельде белгіленбегеніне көз жеткіздім.

– Жұмыспен қамту бағдарламасының осы бағыты жұмыс жасаған уақыт ішінде қанша жұмыссыз адам жұмысқа орналастырылды? Әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылған басқа жұмысқа орналасушылардан шағымдар түсті ме?

– 2011 жылы Атырау қаласы бойынша 724 жұмыссыз 112 кәсіпорынға жұмысқа орналастырылды. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға бөлінген республикалық трансферт 37 млн теңге құрады. Осы әйелдерден басқа ешкім шағымданған жоқ.

 

ҮЛКЕН АЙЫРМАШЫЛЫҚ

Келесі күні Жұмыспен қамту орталығына барып келгеннен кейін С. Жұмашбаевқа қоңырау шалып, Жұмыспен қамту орталығы мен «АСА» келісім-шарттарындағы бақылаушылар еңбекақысының айырмашылығына түсініктеме беруді өтінген едім. Өйткені әңгіме бір келісім-шарттың төңірегінде болып отыр ғой.

– Жазбаша жауапта бақылаушылардың еңбекақысы 25 330 теңге екенін растадыңыз, ал жұмыспен қамту орталығы 40 000 теңге туралы мәлімет беріп отыр. Мұндай айырмашылық неде?

– Қандай жауап? Шамасы сізге дұрыс ақпарат бермеген болар.

– Қалай сонда! Жауапта сіздің қолыңыз қойылған ғой.

– Оны сізге кім жіберді?! Бұл мәселе даулы болатын. Мен осы бірер күнде Жұмыспен қамту орталығына хабарластым, директорымен бірге бар мәселені шештік.

– Сонда бұл мәселе қалай даулы болуы мүмкін? Келісім-шартқа өткен жылдың 18 қазанында қол қойылды ғой. Жұмыспен қамту орталығы желтоқсанға дейін бүкіл өтемақының сіздерге аударылғанын растап отыр. Сұраққа жауап беріңізші, бақылаушының жалақысы қандай?

  (Ашуланып) Сіз неге сөзге байланып отырсыз? Иә, бақылаушының жалақысы 40 000 теңге. Иә, бізге ақшаны аударды. Бірақ төлем ақты жұмыс жасалған күндер үшін төленеді. Ал бақылаушылар арасында толық емес ай және 5 күннен жұмыс жасағандар бар. Әрине, олар толық еңбекақы алмайды.

– Мен табельдерді көрдім. Онда жұмыстан қалғандар жоқ.  Тіпті салықты шегеріп тастағанның өзінде бақылаушылардың әрбіреуі қолдарына айына  30 000 теңгеден астам алулары тиіс қой. Ал олар екі есе аз алған.

– Сіз табельді қайдан көрдіңіз? Есеп бөліміне келіңіз, мен біздің табельдерімізді көтеремін. Бухгалтер сізге бәрін түсіндіреді.

Бет қатталып жатқанда.Әйелдер облыстық прокуратураға, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына, Атырау облыстық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментіне және Атырау қаласының әкімдігіне «АСА»-ның заңсыз әрекеттеріне шағымданып, ұжымдық арыз түсіріпті.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген В. Истомин

12 қаңтар 2012, 16:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.