– Үстеме жұмыстар мен демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс қалай төленеді? Демалыс және мереке күндері жасалған жұмыс үстеме жұмыстарға жата ма?
Тимур
Адвокат Гүлсім САБИРОВА жауап береді:
– Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің (әрі қарай - Кодекс) 91-бабына сәйкес, жұмыс беруші қызметкердің нақты жұмыс істеген жұмыс уақытын есепке алуды жүзеге асыруға тиіс. Жұмыс істелген уақыт құрамында нақты жұмыс істелген жұмыс уақыты және жұмыс уақытына жатқызылатын өзге де уақыт кезеңдері есепке алынуға тиіс. Бұл ретте үстеме жұмыстар уақыты, түнгі уақыттағы, демалыс, мереке күндердегі жұмыстар, іссапар күндері бөлек есептеледі. Осылайша, еңбек заңнамасы аталмыш жұмыстарды жұмыс режимдерінің жекелеген нормалары ретінде қарастырады. Осыған байланысты, жұмыс беруші үстеме жұмыстарды, түнгі кездегі, демалыс және мереке күндеріндегі жұмыстарды Кодекске сәйкес бөлек төлейді. Кодекстің 127-бабына сәйкес, уақытпен есептелетін еңбекақыны төлеу кезінде үстеме уақыт бір жарым мөлшерден төмен төленбейді. Кесімді еңбекақы төлеу кезінде үстеме жұмыс үшін төленетін үстеме ақы қызметкердің белгіленген тарифтік ставкасының (лауазымдық жалақысы) 50 пайызынан төмен болмайды. Кодекстің 128-бабына сәйкес, мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа қызметкердің күндік (сағаттық) ставкасы негізге алына отырып, кемінде екі есе мөлшерде ақы төлеу жүргізіледі. Бұдан басқа, демалыс және мереке күндері жұмыс жасаған кезде қызметкердің қалауы бойынша демалу үшін басқа күн беріледі. Ал жұмыс жасаған күн қызметкердің күндізгі (сағаттық) ставкасымен бір еселік мөлшермен төленеді. Түнгі уақыттағы жұмыстың әрбір сағаты, Кодекстің 129-бабына сәйкес, қызметкердің күндізгі (сағаттық) ставкасымен кемінде бір жарым есе мөлшерде төленеді.
Жеке тәжірибеден мысал:Мен сотта Азат пен Әділхан Темірхановтардың мүдделерін (аты-жөндері өзгертілді) қорғадым. Олар ЖШС-де 2007 жылдың қазанынан 2011 жылдың қаңтары аралығында қарауылшылар боп жұмыс істеді. Еңбек келісім-шарты бойынша екі демалыс күні (сенбі, жексенбі) және 8 сағаттық жұмыс күні (9.00-ден 18.00-ге дейін), бір сағаттық түскі үзілісі бар бес күндік жұмыс аптасы белгіленген. Ал іс жүзінде олар бір тәулік жұмыс істеп, екі тәулік демалған. Осылайша, оларға заң бойынша мереке және демалыс күндері жұмыс жасағандары үшін қосымша еңбекақы және түнгі уақытта жұмыс істегендері үшін еңбекақы тиесілі болатын. Мұны жұмыс беруші өз еркімен төлеуден бас тартқан. Сотта жауапкердің өкілі талап-арыз берушілер еңбек келісім-шартында белгіленген кесте бойынша жұмыс істеді, түнде, демалыс және мереке күндері олар жұмыс істемеді, жауапкер қолданыстағы еңбек заңнамасының талаптарын бұзған жоқ деп түсіндіріп, талап-арызды мойындамай, оны толықтай қанағаттандырудан бас тартуды сұрады. Алайда сот іс бойынша барлық дәлелдерді, атап айтқанда, жауапкердің шынымен де талап-арыз берушілерді түнгі уақытта, демалыс және мереке күндері жұмысқа тартқанын растаған куәгерлердің жауаптарын жан-жақты тексеріп, талап-арыз берушінің талаптарын қанағаттандырды. Және жауапкерден Темірханов Азаттың пайдасына 17 330 теңге мөлшерінде еңбекақы және 20 000 теңге мөлшерінде моралдық зиян өтемақысын, ал Темірханов Әділханның пайдасына 23 581 теңге мен 20 000 теңге мөлшерінде моралдық зиян өтемақысын өндіріп берді. Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Алайда 2011 жылдың 8 желтоқсанында облыстық соттың апелляциялық алқасы бірінші инстанциядағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.