Атырау, 11 қазан 11:24
 ашықВ Атырау +18
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Еңбек келісім-шартының ережелері

11 013 просмотра

– Жұмыс беруші мекемеміздің Теңіз кенішіндегі негізгі мердігермен жасалған келісім-шартының мерзіміне сәйкес етіп, бізбен еңбек келісім-шартын жасады. Бұл туралы келісім-шартта көрсетілген. Келісім-шарт мерзімі өткеннен кейін (екі айдан соң) жұмыс беруші бізбен еңбек қарым-қатынасын тоқтатып, жұмыс көлемінің біткенін түсіндірді. Жұмыстан босату туралы бұйрықта «еңбек келісім-шарты мерзімінің бітуіне байланысты, Еңбек Кодексінің 51-бабының 2-тармағы» деп көрсетілген. Қазір біз жұмыссыз қалдық. Жұмыс берушінің әрекеті заңды ма?

Телефон арқылы

– Бұл жағдайда жұмыс беруші өз жұмысшыларының конституциялық және еңбек құқықтары мен мүдделерін өрескел бұзған. Жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау кепілдіктерінің бірі - еңбек қарым-қатынасының тұрақтылығы боп табылады. Келісім-шарт жасалатын белгіленген мерзімнің бір жылдан кем болмауы керектігі заңмен белгіленген (ҚР Еңбек Кодексінің 29-бабының 1-тармағының 2-тармақшасы). Белгілі бір жұмыстарды орындау кезінде жасалған еңбек келісім-шарттары, уақытша жоқ болған жұмысшының орнына уақытша қою, бір жылдан аз уақытқа жасалуы мүмкін маусымдық жұмыстарды орындау кезінде жасалатын келісім-шарттар бұған жатпайды. Кейбір мекемелер заңды айналып өтуге тырысып, белгілі бір жұмыстың орындалу уақытына еңбек келісім-шарттарын жасайды (Еңбек Кодексінің 29-бабының 1-тармағының 3-тармақшасы). Мәселен, осы жағдайдағыдай басқа мекемемен жасалған келісім-шарт мерзіміндей.

Жұмысшылармен еңбек келісім-шарттарын белгілі бір мерзімге жасау жұмыс берушіге артықшылық береді. Ол осы келісім-шартта белгіленген мерзім өткеннен кейін себебін түсіндірместен еңбек келісім-шартын бұзу құқығына ие болады. Мұндай келісім-шарт бойынша жұмысшыға өзінің еңбек құқығын қорғау мен жұмыс орнын сақтау үшін таңдау қойылған. Белгілі бір жұмысты (мәселен, электр желісін жүргізу бойынша бір мәрте жасалатын жұмыстар) атқару кезінде еңбек келісім-шартын жасаудағы негізгі шарт – орындалатын жұмыс тұрақты сипатта болмауы тиіс. Соған орай, оны орындау үшін мекемеге лауазымдық штаттық бірлік енгізу қажет етілмейді. Еңбек келісім-шартының мұндай тармағы осы жұмысшылардың талап арызы бойынша сот шешімімен мойындалуы мүмкін. Өйткені осы мекеменің барлық қызметкерлері жұмысқа осы мерзіммен алынған. Соған байланысты еңбек келісім-шартына қол қойылар алдында оның шарттарымен мұқият танысу қажет. Келіспеген жағдайда еңбек заңнамасының нормаларына сәйкес келетін келісім-шарттарды талап ету керек.

– Біз қызметкермен бір жылға еңбек келісім-шартын жасағанбыз. Келісім-шарт мерзімі өткеннен кейін оны тек бір жылға тағы да ұзарта аламыз ба? Кодексте егер келісім-шарт бір жылдан кем емес мерзімге жасалған болса, ол белгісіз мерзімге тағы да ұзартылады делінген. Қалай болады?

Маржан

– Бір жылдан кем емес мерзім деген еңбек келісім-шартын тараптар бір жылдан көп мерзімге жасауға құқылы дегенді білдіреді. Егер қызметкермен бір жылға және одан көп мерзімге еңбек келісім-шарты жасалған болса, осы қызметкермен еңбек келісім-шартын қайтадан жасаған жағдайда ол белгісіз мерзімге жасалған деп есептеледі. Заң шығарушы бұрын жасалған және қайта жасалған еңбек келісім-шарты мерзіміне қандай да болмасын шектеу қоймайды. Соған орай олардың арасындағы мерзімдерге қарамастан келісім-шартты қайталау еңбек қатынастары үшін еңбек келісім-шартының белгісіз мерзімін белгілеуге әкеледі. Сондай-ақ, егер жұмысшы мен жұмыс берушінің арасындағы келісім бойынша бір жылға және одан көп мерзімге жасалған еңбек келісім-шарты ұзартылса, ол белгісіз мерзімге жасалған деп саналады.

Егер бір тәулік ішінде еңбек келісім-шартының әрекет ету мерзімі өткенге дейін қызметкер немесе жұмыс беруші еңбек қатынастарын тоқтатуды талап етпесе, бір жылға және одан көп уақытқа жасалған еңбек келісім-шарты белгісіз мерзімге жалғастырылды деп есептеледі.

Еңбек келісім-шарты белгісіз мерзімге жасалған қызметкерлер үшін қарастырылған кепілдіктер мен өтемақылар ұсынудан жалтару мақсатында белгілі бір мерзімге еңбек келісім-шартын жасауға тыйым салынады. Бұл тыйым бір жылдан кем емес белгіленген мерзімге жасалған еңбек келісім-шарттарына қатысты салынған.

Сұрақтарға адвокат Гүлсім САБИРОВА жауап берді.

11 қаңтар 2012, 21:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.