Атырау, 10 желтоқсан 23:17
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

Үш жылдық үміт үзіліп барады

2 783 просмотра

Индербордағы бұрынғы «Индерводоканал» КМК-ның 70-ке жуық жұмысшылары үш жылдан бері жалақыларын ала алмай жүр.  Мекеме оларға 6 миллионнан астам  теңге шамасында ақша қарыз.

 

ҚАРЫЗДАН БАНКРОТПЕН ҚҰТЫЛМАҚ ПА?

«АЖ» қоржынына түскен хатта көрсетілгендей, жұмысшылар бірнеше жылдан бері арызданып келеді. Коммуналдық кәсіпорындардың екі-үш жылда аттарын өзгертуі, болмаса банкрот болып тынуы үйреншікті жайтқа айналған. Мәселен, 2009 жылдың 26 қарашасында аудан әкімі Ж. Рахметқалиев дәрменсіз борышкер ретінде «Индерводоканал» КМК-ың банкрот деп тану жөніндегі қаулыға қол қояды. Ал жұмысшылар болса сол жылдары құрылған «Индеркомсервис» КМК-ның қарамағына көшіріледі. Жыл өте «Индеркомсервис» КМК-сындағы жылу мен су берушілер екіге бөлініп, бұрынғы «Индерводоканал» КМК жұмысшылары қазіргі «Индергаз» ЖШС-нің құрамына енеді.

-Допша әрі, бері лақтырып жүргенде жалақымызға қол жеткізе алмай қалдық. Бірнеше рет әкімдікке бардық, бірақ құрылтайшымыз жарытып ештеңе айтпады. Ал кейінгі құрылған мекеме бастықтары жауапты емесін айтып, басын алып қашты. Зейнетақы қорына аударылатын қаржылар еңбекақыдан ұсталғанымен уақытында аударылмады. Соның салдарынан біз бір емес, екі рет зардап шегіп отырмыз,-дейді Нұржан САРЖАН, Асқар САПАРҒАЛИЕВ, Айсұлу ҚҰБАШЕВА, т. б.

«Индерводоканалдың» жұмысшыларының біразы зейнеткерлік демалысқа шығып кеткен, тіпті жалақыны күте-күте өмірден өтіп кеткендер бар. Ал бір адам жұмыс жағдайында қаза тауып, оның отбасына берілетін көмекқаржы әлі күнге берілмеген. Жұмысшылар еңбекақыға бережақ 3 млн 950 мың теңгені және зейнетақы қорына аударылуы тиіс 2 млн 420 мың теңгені талап етіп отыр. 2011 жылдың шілдесінде Атырау облысы мамандандырылған экономикалық сотының шешімінде кәсіпорынды банкроттық деп танудан басқа, Қазақстан Республикасы Қар-жы министрлігінің дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитетінің «Каспий» өңіраралық департаментінен конкурс басқарушысын тағайындау тапсырылған.

- Негізі кәсіпорынның банкрот деп танылуымен мүлдем келіспеймін. Кезінде мемлекеттік кәсіпорын Жарғысының 4.7-тармағы бойынша жарғылық капитал қорының тиісті қаражаты поселкелік әкім-діктің кесірінен аударылмаған. Негізі жаңадан құрылған мекеме аяғынан нық тұрып кетуі үшін бұл қаражат уақтылы аударылғанда кәсіпорын банкрот кебін кимес еді,-дейді конкурс басқарушысы Ануарбек ИРБАТЫРОВ.      

«Каспий» өңіраралық департаменті жарғылық капитал қорына түсуі тиісті 10 млн 300 мың теңгені даулап, 2011 жылы 30 қарашада облыс әкімінің орынбасары А. Абдировқа, 1 желтоқсанда аудан әкімі Ж. Рахметқалиевке хат жолдайды. Енді конкурс басқарушысы А. Ирбатыров сотқа жүгіну арқылы бұл соманы өндіріп алуға жұмыстануда.

- Қазір біздің жағдайымызды ойлап отырған ауданда бір адам жоқ. Күні бүгін жиырма екі адамның атынан аудан және облыс әкіміне хат жаздық. Егер олар жауап бермесе біз бала-шағамызды шұбыртып әкімдік-тің табалдырығына барып отырмақпыз. Мен осы жылдың аяғында зейнетке шығамын, кезінде зейнетақы қорына ақшамыз аударылмауы себепті мөлшері де азаятын болды. Сондықтан біздің аянатын жеріміз қалмады,-дейді жұмысшылар атынан сөйлеген Тәрбие МҰХАМЕДИЕВА.

 

ҚҰРДЫМҒА КЕТКЕН МИЛЛЛИОНДАР

Жұмысшылар табан ақы, маңдай терімен тапқан қаржысын сұрап аудан әкіміне барғанда «менің тығып отырған ақшам жоқ. Мекемені тұралатқан басшыларың Оразовтан талап етіңдер» деп шығарып салыпты. Шындығында кәсіпорынның іргесін шайқалтпай ұстап қалудың жолдары бар еді. Әкімдік «Индергаз» ЖШС-ін (бұрын жекеменшік серіктестік  газ құбырын төсеу және жөндеумен айналысқан еді. - Л. Қ. ) техника және екі қабатты ғимаратымен қоса «Индер-Келбет» ЖШС-нің балансына сатып алған болатын. Сатып алу құны бюджеттің 33 млн теңгесіне бағаланды. Осыншама қыруар қаржыға бағаланған «Индергаз» ЖШС бүгінде поселкені сумен қамтушы мекеме міндетін атқаруда. Серіктестік жыл өтпей -ақ алдыңғы коммуналдық кәсіпорындар сияқты бережақтарды бастан кешіруде. Серіктестіктің бас есепшісі Ғабит Өтеналиев жылдың аяғы болғандықтан қаншалықты қарыздар екенін айта алмаса да жұмысшылардың өткен жылдың қарашасына тиісті еңбекақысының жартысынан енді ғана құтылғанын жасыра алмады.

Тап бір мәселе миллионға бағаланған «Индергаздың» екі қабатты ғимараты апаттық жағдайға жеткен болып шықты. Сатып алынғаннан кейін бірнеше мекеменің баспанасына айналған ғимарат бүгінде қаңырап бос қалған (суретте). Әкімдіктің осы ғимаратты не үшін сатып алғаны жұмысшылар үшін жұмбақ күйде.

Әкімдіктің ұстанымын білмек болғанымыздан еш нәтиже шықпады. Жиналыстан өмірі босамайтын аудан әкімі Жангелді РАХМЕТҚАЛИЕВПЕН кездесу мүмкін емес.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

11 қаңтар 2012, 20:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.