Жергілікті экологтар әлі күнге дейін 8 желтоқсанда орын алған Теңіздегі өрт салдарынан қоршаған ортаға тигізілген зиянды есептей алмай келеді. Естеріңізге салсақ, сол кезде №730 пропанды тазалау блогы өртенген болатын.
«Бір қиындығы, біз өртенген кезде шыққан пропан мөлшерін әлі есептей алмай келеміз, - дейді Жайық-Каспий экология департаменті бастығының орынбасары Қабежан ҚАПАНОВ. – Біз ингредиенті бойынша газдың жалпы көлемін сұрап бірнеше рет ТШО-ға хат жолдадық. Бірақ ондағылар ішкі тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр деп, әлі жауап бермей отыр».
25 желтоқсанда орын алған екінші өртке қатысты да ішкі тексеру жұмыстары жүргізілуде. Ол кезде 110/35 кВ орталық қосалқы станса өртеніп, №3 резервтік трансформатор бүлінген болатын. Соның нәтижесінде КТЛ-1 және КТЛ-2 токтан ажыратылып қалды.
Ал Атырау облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте осы екі өртке қатысты тергеу аяқталды. «Бірінші оқиға бойынша Ақтөбе аймақтық ғылыми-өндірістік зертханасының сот сараптама орталығына техникалық сараптама жасауды тағайындадық, - дейді Жылыой аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлім бастығы Оралхан СТАМҒАЗИЕВ. – 8 желтоқсанда Теңіз кенішінде пропанды тазарту блогы өртенген еді. Өрттің шығуына тұрба жарылу процесінде пропанның тұтануы себеп болған.
Газ өңдеу зауытында орын алған екінші өртке қатысты болжамды себеп - №3 резервтік трансформаторды қыздыру үшін пайдаланылған дизельдік генератордың жарамсыз боп қалуы».
О. Стамғазиевтің айтуынша, екі жағдайда да тергеу нәтижелерінің негізінде қылмыстық іс қозғаудан бас тартылған. Қазіргі уақытта Атырау облыстық ТЖ департаменті Теңіздегі осы екі өрт фактісі бойынша жоспардан тыс тексеру тағайындапты.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА