Атырау, 16 қазан 12:36
 ашықВ Атырау +12
$ 487.42
€ 531.39
₽ 5.04

Жол ақысы төленсін!

3 429 просмотра

Редакцияға «КСБ-Групп» ЖШС күзет компаниясының қызметкері Азамат ИСМУКАЕВ хабарласты. Оның өз жұмыс берушісіне қояр салмақты талабы бар екен. Атап айтқанда, еңбек заңнамасының нормаларына қарамастан, вахталық әдіспен жұмыс жасайтын басқа қаланың жұмысшылары баспанамен қамтылмайды. Вахта кезінде қызметкерлер өз есептерінен ақша жинап, баспана жалдайтын көрінеді.

РЕДАКЦИЯҒА ХАТ

– Бізге, Оралдан келіп жұмыс істейтіндердің үйден жұмыс орнына дейін баратын, атап айтқанда, Орал – Атырау – Теңіз бағыты бойынша және кері бағыттағы жол шығындарын жұмыс беруші төлемейді. Мен Қарабатанда жұмыс істеймін. Біздің еңбекақымыздан Атыраудан зауытқа дейін тасымалдау шығындарын – адам басына 1 000 теңгеден ұстап қалады. Мұның бәрі әкімшілік қызметкерлеріне қатысты емес, олар үшін мұның бәрі тегін. Күзетшілердің қолдарында еңбек келісім-шарттары жоқ. Қарапайым еңбек жағдайы жасалмаған – тамақ ішетін, тамақ ысытатын, дәретханаға баратын жер жоқ. Аз ақша төлейді, ал тәртіп бұзса бүкіл еңбекақыны кесіп тастайды. Бұдан басқа, еңбекақы кешіктіріліп беріледі, кейде үш айлап берілмейді.

Бұл хатта күзетші өзіне және басқа күзетшілер тарапына қатысты жұмыс берушінің жіберген тағы да ондаған заң бұзушылықтарын келтіріпті.

Ал осы күзетшінің арызы бойынша Атырау облыстық бақылау және халықты әлеуметтік қорғау департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеру жұмыстары тек бірнеше заң бұзушылықтарды анықтады. Тәртіп бұзғаны үшін еңбекақыдан ұстау фактісі расталмады.

Исмукаевқа вахталық әдіспен жұмыс жасайтын қызметкер ретінде баспана берілмегені расталды, бұл еңбек заңнамасын бұзу боп табылады. Атап айтқанда, ҚР Еңбек Кодексінің 210-бабының 2-тармағы бойынша, жұмыс беруші вахталық әдіспен жұмыс жасайтын қызметкерлерді өндіріс нысанында болған кезде тұру үшін баспанамен қамтамасыз етуге міндетті. Сондай-ақ, жұмыс беруші оларды жұмыс орнына дейін және кері жеткізуге тиіс. Жіберілген заң бұзушылықтар үшін жұмыс берушіге анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді. Сондай-ақ, жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, бірақ қандай жауапкершілік екендігі айтылмайды.

Тапсырыс берушілерден ақшалай қаржылардың түспеуі салдарынан жұмысшыларға еңбекақыны төлеуді кешеуілдету фактісі де расталды. Соған байланысты жұмыс берушіге 100 АЕК (1 АЕК – 1 512 теңге) айыппұл салынды. «КСБ-Групп» ЖШС-де ұжымдық келісім-шарттың болмауына келер болсақ, Атырау облыстық мемлекеттік бас еңбек инспекторы Салауат ИШАЙ ҚР Еңбек Кодексінің 282-бабының 1-тармағына сәйкес, құжатты дайындау үшін жұмыс беруші де, жұмысшы тарап та бастама көтере алатынын хабарлады. Екінші тараптан ұжымдық келісім-шартты жасау бойынша келіссөздер бастау туралы ұсыныс алған тарап он күн ішінде оны қарап шығып, осы баптың 2-тармағында белгіленген тәртіппен келіссөз жүргізуге міндетті. Соған байланысты ұжымдық келісім-шартты жасау үшін күзетшілер жұмыс берушіге баруы керек.

ЖҰМЫС БЕРУШІБАСҚАША СӨЙЛЕЙДІ

Біз даудағы екінші тарап - Атыраудағы «КСБ-Групп» ЖШС бас директорының орынбасары Ұзақбай ЖҰМАБАЕВТЫҢ да пікірін тыңдадық. Бұл күзет компаниясы екі ірі мұнай компаниясының – «ТШО» ЖШС мен Аджип ККО-ның мердігері боп табылатындықтан, әңгімеміз күзетшілер-дің бірінің дауына қатысты шеңберден шығып кетті.

–  Теңіз бен Қарабатандағы қызметкерлер штаты қандай? Олардың нешеуі басқа қаладан?

– 600-і Теңізде және 1 000 күзетші Қарабатанда.  Басқа қаладан да бар, мәселен, Оралдан 100 адам.

– Еңбек департаментінің тексеру жұмыстары Қарабатанда жұмыс жасап жүрген адамдардың баспанамен қамтылмағандығын және үйінен жұмыс орнына дейін жеткізілмейтінін көрсетті. Исмукаев та тамақ ішетін, дәретханаға баратын жер  жоқ деп, нашар еңбек жағдайына шағымданған еді.

– Бұрын тасымалдау бойынша проблемалар бар болатын, қазір бұл мәселе шешілді. Оралға дейін және кері қарай адамдарды автобуспен тасимыз. Бастапқыдағыдай жолақы үшін ақша да ұстамаймыз. Ал баспанаға қатысты мәселе шынымен де шешілген жоқ. Осы мәселені шешуді Алматыдағы басшылық ойластырып жатыр. Бәріне бірдей пәтерді жалға алып беру көп шығынды қажет ететіндігі түсінікті. Кешікпей бұдан шығатын жол табамыз деп ойлаймын. Бұрын вахталық жұмысшылар «Самал» вахталық поселкесінде тұрды, бірақ өткен жылдан бері құрылыстың аяқталуына және соған орай адамдардың босатылуына байланысты жатақхананы да алып қойды. Өткен жылы ол жерден жұмысшыларымызды шығарып жіберді. Қазір Исмукаевтан басқа күзетшілер шынымен де өз есептерінен баспана жалдап жүр. Оған қала нысандарында жұмыс істейтін басқа қызметкерлермен бірге супервайзер ретінде үш бөлмелі пәтерден баспана берілді. Еңбек жағдайына келер болсақ, оның айтқаны дұрыс емес. Теңіздегі күзетшілердің еңбек жағдайы мен тіршілік ету жағдайы жақсы. Қарабатандағылар «Іскер» асханасында түстенеді, біздің олармен келісім-шартымыз бар. Ал түнгі уақытта адамдарға тамақты атыраулық фирма жеткізеді, онымен де келісім-шарт жасалған.

– Олар түнде тамақты қайда ішеді?

– Зауытта күзетшілердің қосын орынжайы бар. Санитарлық тораптарға келер болсақ, Аджип ККО-ның қауіпсіздік ережелері бойынша, олар зауыттың барлық аумағында орналасқан.

– Исмукаев күзетшілердің еңбекақылары төмен деп шағымданған еді. Олардың жалақыларының мөлшері қандай? Және ол жұмысшылардың қолдарында еңбек келісім-шарты жоқ дейді?

– Қатардағы күзетшінің 15 вахталық күн үшін алатын еңбекақысы 70 000 теңге, аға күзетшінің еңбекақысы – 80 000 теңге, ал супервайзерлер (Исмукаев осы міндетте жұмыс істейді) – 130 000 теңге алады. Яғни, ол басқаларынан көп табыс табады. Келісім-шартқа келер болсақ, тамызда барлық жұмысшылармен жасалған келісім-шарттар ұзартылды. Ол бәлкім, Аджип ККО-мен тағы үш жылға келісім-шартты ұзартуды айтып отырған болар. Осыған байланысты біз қайтадан қызметкерлермен келісім-шарт жасадық. Исмукаевқа біз оны әлі табыстаған жоқпыз, өйткені ол сырқаттануына байланысты күн алып кеткен.

– Күзетшінің 70 000 теңге жалақасына отбасын асырау қиын екенімен келісерсіз. Оның үстіне олар пәтер жалдауы керек,  мұнда тек бір күзетші туралы сөз болып отырған жоқ қой.

– Бұл бізге емес, тапсырыс берушіге байланысты. Төлем бекітілген сағаттық тарифқа сәйкес есептеледі, оған түнгі сағаттар қосылады.

–Хатта еңбекақының кешіктірілетіні айтылған. Еңбек департаменінің тексеруі де осы фактіні растады.

– Тек 2011 жылдың қазанында ғана кешіктірілді. Онда да келісім-шарт қайта жасалғандықтан орын алды. Басқа уақыттарда біз әр айдың 10-шы жұлдызына дейін жұмысшыларға еңбекақыны аударып отырдық. Бірақ біз осы үшін әкімшілік жаза алдық.

– Хат авторы күзетшілердің сақтандырылмағанын айтады. Қолдарында сақтандыру полистері жоқ екен.

– Бұл жалған. Олар сақтандырылған, бірақ сақтандыру компаниясының атын айта алмаймын.

– Сіздің қызметкеріңіз департамент растамаған басқа да заң бұзушылықтар туралы, сондай-ақ тапсырыс беруші тараптан тіл тигізілгені туралы әңгімеледі.

– Ол үнемі шағымданады, барлық жерге жазады. Біздің қолымызда оның мінезінің ауырлығына шағымданған әріптестеріміздің 20 шақты түсініктемелері бар. Дегенмен қазан айында оны Теңіздегі бөлімшеден аға күзетші міндетінен Қарабатанға супервайзер қылып ауыстырған едік. Бірақ ол жерде де оның үстінен шағымданды.

– Бәлкім, ол жақсы жұмысшы шығар. Оның моралдық қасиеттеріне қарамастан оның қызметін жоғарылатыпты ғой?

– Әңгіме онда емес. Қарабатанда бізде аға күзетшінің бос орны болған жоқ. Тек қатардағы күзетші мен супервайзердің орны болды. Ал заң бойынша, ауыстыру кезінде қызметкердің еңбек жағдайын төмендетуге біздің құқығымыз жоқ.

Кейінірек «КСБ-Групп»-тан редакцияға менеджер Р. Қалиденовтен және екі күзетшіден Исмукаевтың тарапына ұнамсыз мінездеме берілген қызметтік жазба келіп түсті.

КҮЗЕТШІЛЕР ТАЛАП ЕТЕДІ…

– Баспананы тек маған, онда да мәжбүрлі түрде, менің табанды талабымнан кейін ғана берді. Мен тек өз қара басымды ғана ойлап жүргенім жоқ, - деп түсінік берді басшылықтың мәлімдемесіне Азамат. – Тасымалдауға келер болсақ, тек Қарабатан күзетшілері үшін ғана Оралдан Атырауға дейін автобус бөлінген. Оралдық күзетшілерді Теңізге дейін жеткізу мәселесі әлі күнге дейін шешілген жоқ. Есептеп көріңіз, бір жыл ішінде өз есебіңнен вахтаға 6 мәрте барып-келу жолы 60 мың теңге құрайды, бір жету жолына 5 000 теңге кетеді. Бұл тек бір жолақы ғана, ал пәтерді жалдауға одан көп қаржы жұмсалады. Біздің қолымызда сақтандыру полисі жоқ. Онсыз Қарабатанда медициналық қызмет бізге қызмет көрсетуден бас тартады. Көліктің сақтандырылып, ал адамдардың сақтандырылмағаны қызық. Медициналық тексеруден де өз есебімізден өтеміз. Жақында Теңіздегі қарсы вахта тіпті ереуілге шығып, жұмыс берушіден осы мәселелерді шешуді талап етті. Мемлекеттік органдардан өкілдер, бас директор келді. Ол шыдай тұруға көндіріп, бәрін шешуге уәде берді.

Азаматтан басқа жұмысшылар мүддесін оралдық басқа күзетші Сейілбек БАЙҚАТ та қорғайды. Оның айтуынша, 2009 жылдан бастап ол жол мәселесіне, медициналық сақтандырудың жоқтығына қатысты Атырау облыстық еңбек департаментіне үш рет барған. Әр барған сайын департамент жұмысшылардың талаптарының негізді екенін растаған. Бірақ жұмыс беруші келісудің орнына, ең белсенділерін қуғындауға көшеді екен.

Ал Атырау қалалық заң консультациясының адвокаты Гүлсім САБИРОВА Азамат пен оның әріптестеріне өз мүдделерін сотта қорғауға кеңес береді:

– Жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша, қолдарында еңбек департаментінің жазбаша жауабы болса, жұмысшылар мекен-жай бойынша немесе жауапкердің тұрғылықты жері бойынша сотқа жүгінуге толықтай құқықтары бар. Бұл жағдайда олар жолақыны және баспананы жалға алу төлеміне байланысты жауапкерден барлық шығындарды өндіріп ала алады. Бірақ қолдарында талап арыз сомасын растайтын жазбаша дәлелдер, яғни, жол жүру билеттері, төлегендігі туралы чектер, түбіртектердің түпнұсқалары және т.б. болу керек. Өздерінің талап арыздарында олар басқа да талаптарын көрсете алады.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

11 қаңтар 2012, 18:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.