Атырау, 28 қараша 15:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Қоқысқа толы қала және Махановтың уәдесі

Сурет Бейнежазба
7 893 просмотра

Соңғы айларда «Арнаулы автобаза» дер кезінде қоқысты шығармағандықтан Атырауда тұрмыстық қалдықтар толып кетті. Атыраудың жекелеген аудандарында полиэтилен пакеттер мен тамақ қалдықтары контейнерлерден шығып қалған. Біртіндеп биік үйлердің маңына жиналуда. Аптап ыстық, шіріген иістер...

СУҒА КЕТУ, НАШАР КӘСІПКЕРЛЕР, АДАМДАРДЫҢ ЖЕТІСПЕУІ

Осы туралы сөйлесу үшін редакцияға «Арнаулы автобаза» ЖШС директоры Мұратбек МАХАНОВТЫ шақырдық. Не болып жатыр, жақында ғана қоқыс жинаушылар өз міндеттерін барынша атқара алған еді деген басты сұрақ қойылды. Біздің сұхбаттасушымыз әңгімесін қала тұрғындарынан қазіргі ахуал үшін кешірім сұраудан бастады, содан соң себептерді түсіндіруге тырысты.

- Ахуалды екі негізгі фактор тұрақсыздандырды. Біріншісі – көктемгі жаңбырлы маусым. Су біздің техникамызды кестеден қалыс қалдырды. Біздің полигонға жеткізу үшін ірі габаритті қоқысқа алаңдап жүрген кезде (әңгіме өлі ағаштар, құрылыс материалдары, жеке сектордағы судан бүлінген жиһаздар туралы болып отыр), қатты тұрмыстық қалдықтар алаңдарға жиналып қалған. Жұмысшылар өздеріне бекітілген алаңдарды тазартуға физикалық тұрғыда үлгермейді. Оның үстіне көпшілігі айына 120 теңге төлесе, біздің бригада құрылыс қалдықтарынан бастап түйіршікке дейін бәрін тазартуы тиіс деп есептейді. Бірақ бұл олай емес, мен бұл туралы әлденеше рет айттым. Екінші өте маңызды жайт – бәсекелестердің іске алақолдықпен қарауы. Ағымдағы жылы жеке компаниялар бюджеттік мекемелердің көпшілігімен келісімшарттар (41 пайыз) жасады. Ал бізде «ЖК»-лерге тиесілі самосвалдар қалалық қоқыс орнына жетпей, қоқысты қала маңына төгіп тастайды деген ақпарат бар. Бұған қоса, бақылау камераларымен жарақталмаған жерлерде. Бізге мұндай салдыр-салақтықты дұрыстаудан басқа ештеңе қалмайды, бұл да біздің шапшаңдығымызға әсерін тигізеді. Біз бұған үнемі төзіп отыра алмаймыз, қазір алақол кәсіпкерлерді ірі айыппұлдармен жазалау туралы мәслихатқа енгізуге ұсыныс әзірлеудеміз.

- Бірақ мен бәрін табиғат құбылысына немесе алақол жеке кәсіпкерлерге аудара салғым келмейді, - деп жалғастырды Маханов. – Қарамағымдағы жұмысшылар өз істеріне толықтай беріліп жұмыс жасайды деген сенім жоқ. Қызметкерлерімді немқұрайлылықтары, жоспарды орындамағаны үшін әлденеше рет жазаладым. Қоқыс таситын көлік жету нүктесіне барды ма, қатты тұрмыстық қалдықтарды тиеді ме, көз жеткізуге мүмкіндік жоқ. Бұл олқылықты онлайн-қадағалау бағдарламасын енгізу арқылы жойып, мұны сайтқа шығаруды жоспарлап отырмыз. Қала тұрғындары қоқыс тиегіштің қозғалғанынан бастап қоқыс алаңының толық тазартылғанына дейін бәрін нақты уақытта көре алады.

Оның үстіне, бізде қоқыс шығаратын 7 машина жөндеуде тұр, ал бір қоқыс тиегіш бір шыққанда 60 контейнерді босатуға қабілетті. Олар жүйеге қосылған кезде қаладағы бүкіл учаскелерді қамти аламыз.

Ал кадрлық проблемаларға келсек... Адамдар жетіспейді. Жұмыспен қамту бөлімінің табалдырығын тоздыратын ер адамдардың бұл жұмысқа жирене қарайтынын түсінбеймін. Біз жақсы ақша төлейміз, ұжымымыз тату. Жүргізушілер, бригадирлер, жол жұмысшылары жетіспейді.

«ЕГЕР ҚОЛЫМНАН КЕЛМЕСЕ – ОРНЫМДА ҚАЛУҒА ТЫРЫСПАЙМЫН»


Соңғы бір жарым айда облыс орталығынан күйік иісі шығатын болған, әсіресе кешкі уақыттарда. Кейде адам төзгісіз, терезе де аша алмайсың. Себеп – қоқыста орын алған өрт. Осы тақырыпта әңгіме қозғалған кезде М.Маханов қастық ойлаушылардың тіміскі әрекеттеріне меңзеді.

- Біздің полигон аумағына тегін кіргізбейтініміз көпшілігіне ұнамайды, ал мұндайлар көп. Бір күні мұнай қойыртпағын әкелуге тырысты. Біз сыпайы ғана бас тарттық, бәлкім, осыдан кейін бізге өкпе-реніштері қалып қойған шығар. Соңғы болған түнгі өрттің – қатарынан үш жерден өрт қою салдарынан орын алғаны анық. Периметр бойынша камералар орнатпаймыз, биік дуал да қымбат тұрады. Енді оның қажеті де жоқ, әкімдік жаңа полигонға қаладан 15 шақырым жерден 50 гектар жер бөліп отыр. Ескі полигон ресурс ретінде өзін сарқыды. Өрт қойған адамдар улы заттардың атмосфераға таралатынын түсінбейді. Экология департаменті осы фактіні тіркеп алды.

Маханов қаланың өзінде қоқыс алаңдарында жиілеп кеткен өртену оқиғалары – оның қарамағындағылардың ісі деген қауесетті жоққа шығарды. Оның айтуынша, қазіргі ыстықта контейнер алаңында шағын өрттің тұтануына кез-келген ұсақ нәрсе себеп болуы мүмкін: мәселен, балалар шабылған шөпке жанған сіріңке лақтырса, өрт тұрмыстық қалдықтарға ұшады. Немесе біреулер сөндірілмеген темекі тұқылын лақтырады.

- Біздің «ботқамыздың» құрамы қандай екенін түсіну үшін баспен малыну керек, - деп астарлап сөйледі ол сөз соңында, содан соң күтпеген мәлімдеме жасады:

- Егер таяудағы бір жарым-екі айда ахуалды реттеу қолымнан келмесе, өз еркіммен жұмыстан кету туралы өтініш жазамын. Қала тұрғындарының көңілін қалдырғым келмейді. Алайда, егер адамдар біздің жұмысымызға түсіністікпен қараса, біз әрдайым көмекке келуге әзірміз. Менің қалалық (87122) 29-24-29 жеке нөміріме қоңырау шалсын, желі әрдайым қосулы болады.

Марат ТАКУЛИН

Суретті түсірген Марат Такулин, Тамара Сухомлинова

Бейнежазбаны түсірген Марат Такулин

17 тамыз 2016, 11:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.