8 тамызда Атырауда өткен отандық мұнайсервис компанияларының проблемаларына арналған кеңес барысында ҚР премьер-министрі Кәрім МӘСІМОВ екі министрге тапсырма беріп, ағымдағы жылдың қазанында есеп беру уақытын белгіледі.
«СЕПАРАТТЫҚ» КЕЛІСІМДЕР ӨТПЕЙ ҚАЛДЫ
Алдымен премьер-министр мен оның делегациясының мүшелері «АМӨЗ» ЖШС бас директоры Қайрат ОРАЗБАЕВТЫҢ бастауымен зауыт инфрақұрылымымен танысты. Содан соң үкімет мүшелері мен Атырау облысында жұмыс жасайтын мұнай өндіруші және мердігер компаниялар өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген кеңес өтті.
ҚР Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ ағымдық ахуал мен келешектегі істер туралы баяндама оқыды. Ол көмірсутек қорлары мен металдар бағасының құлдырауы ұлттық экономиканың бүкіл секторындағы, соның ішінде мұнайгаз секторындағы инвестиция түсімінің азаюына әкеліп соққанын еске салды.
- Мұнайсервистің бүкіл көлемінің негізгі бөлігі (72%) негізгі үш жер қойнауын пайдаланушыға – Теңізшевройл, Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг, Норд Каспиан Оперейтинг Компанидің еншісінде. Ол жерде қазақстандық компаниялардың қатысы бүгінгі күні 50 пайыздан аспайды (тікелей мердігер деңгейінде). 2014 жылдың қорытындысы бойынша мұнайсервис қызметінің жалпы көлемі 1,4 трлн теңгені, 2015 жылдың қорытындысы бойынша – 1,3 трлн теңгені құрады. Ал егер Қашағандағы тұрба ауыстыруды есептемесек, көлемнің құлдырауы орташа алғанда 20-30% құрады. Бұрғылауда, геофизика мен құрылыс саласында анағұрлым көп азаю байқалады.
Алайда, дағдарысқа қарамастан, инвесторлар бірқатар ауқымды жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Теңіз кенішінде Келешек кеңею жобасын (ККЖ) жүзеге асыру басталды. Қарашығанақты кеңейту мәселесі қарастырылуда, Қашағанды іске қосу күтіліп отыр. Осы жобалардың жалпы бюджеті ондаған миллиард долларды құрайды.
5 шілдеде ТШО ККЖ-ны қаржыландыру (37 млрд доллар) туралы ақырғы шешімді қабылдады. Осы жобада қазақстандық қамтуды ілгері бастыру үшін Сараптама тобы құрылды. Ол әзірлеген жоспарға сәйкес, қазақстандық қамтудың болжамды деңгейі 32 пайызға жетеді - бұл жергілікті компаниялардан сатып алуларға жұмсау жоспарланып отырған 11 млрд доллардан астам сома. Бұдан басқа, ККЖ өзінің ең үдемелі кезеңінде Қазақстан азаматтары үшін 20 мыңнан астам жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз етеді.
Министр ККЖ шығындарының кейбір баптары бойынша анықтамалық мәліметтерді ұсынды:
құрылыс жұмыстары – 9,53 млрд доллар;
жобалау және басқару – 7,14 млрд доллар;
бұрғылау және ұңғымаларды айдау – 2,5 млрд доллар;
жүктерді тасымалдау бағыты – 1,92 млрд доллар; модульдер дайындау – 5,06 млрд доллар;
логистика – 3,6 млрд доллар;
жабдықтар мен материалдар – 4,44 млрд доллар;
іске қосу-реттеу жұмыстары және пайдалану – 0,76 млрд доллар.
Бозымбаевтың айтуынша, Жоба аясында бірқатар нәтижелерге қол жеткізілген. Бірнеше біріккен кәсіпорындар құрылған, соның ішінде, жобалау және басқару, металл құрылымдау және ұңғымаларды бұрғылау бойынша (KPJV, ДЭУ-Ерсай, «ҚМГ» ҰК» АҚ және Нейборс). Қазақстандық зауыттар жылу алмастырғыштарға, оптикалық-талшықты кабельдерге, кабельдік тартпаларға, жылу оқшаулағыш арқандарға, кернеуі төмен кабельдерге, тарату қалқандарына, металл құрылымдарын өндіруге және құрастыруға және т.б. сынама тапсырыстар алды.
- Алайда проблемалар да болғанын айту керек. Мәселен, Қазақстаннан тысқары, Ұлыбританияда, Фарнборо қаласында өткен форум аясында ірі құрылыс келісімшарттарына қол қою әрекеттері. Біз олардың жолын кестік.
Энергетика министрі «ҚР үкіметінің ТШО-ның тендерлік стратегиясындағы рөлін әрі қарай нығайту» қажеттігін атап өтті. «Қазақстанда оператордың осы стратегиясына ықпал ету мүмкіндігі болуы тиіс».
АДАМДАРДЫ ҚАЙДА ЖІБЕРЕМІЗ?
Әзірге ірі жобалардағы қазақстандық қамту мәселесі, министрдің баяндамасына сүйенсек, кезеңмен шешіледі. Мұнай жобаларынан босатылатын жұмыс күшін жұмыспен қамту проблемасы өзекті болып отыр:
- Жұмыс орындарынан босату тәуекелдігі сақталып отыр. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметтері бойынша, еліміздің мұнайгаз өндіруші бес облысында 2015 жылдың қорытындысы бойынша 1474 адам жұмыстан босатылған, ал 2957 адам ақысыз демалысқа жіберілген немесе толық емес жұмыс күніне ауыстырылған. 2016 жылдың басында осындай көрсеткіштер тиісінше 1135 және 5232 адамды көрсетті. Негізгі бөлігі Ақтөбе, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының үлесінде. Мұнайсервис индустриясында жұмыс жасап жатқан адамдардың саны азайып бара жатқанын жоққа шығаруға болмайды.
Алдын алу шарасы ретінде Бозымбаев «осы адамдарды Қазақстан аумағында жүзеге асырылып жатқан ірі жобаларға ауыстыру үшін және өңірлердегі әлеуметтік қобалжуды төмендету үшін» ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің төрағалығымен, әкімдіктердің, өкілетті министрліктердің, операторлардың қатысуымен ведомоствоаралық комиссия құруды ұсынды.
Ал егер анағұрлым нақты айтар болсақ – шешім ретінде министр жобадан босаған қызметкерлерді Маңғыстауға, Атырау облысына ауыстыру керектігін айтты, «әрине, Атырау облысының мүдделерін ескере отырып» деп қосып қойды ол.
АБЕРДИН СЕКІЛДІ ОРТАЛЫҚ
Бозымбаевтан басқа ТШО бас директоры Тед ЭТЧИСОН, ҰКП машина жасау және металл өңдеу комитеті төрағасының орынбасары Павел БЕКЛЕМИШЕВ, Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ сөз алды. ҚР-ғы Ұлыбритания елшілігі жанындағы сауда және инвестициялар жөніндегі департамент директоры Кемпбел КИР біздің өңіріміз үшін қызықты цифрлар мен фактілерді келтірді.
- Мен сенімдімін: бұл жердегілердің барлығы мұнай бағасының ұзақ мерзімге құлдырауын болжау жағдайында жұмыс жасауға тура келетін тұжырымдамамен таныс. Сектордағы жаһандық инвестиция көлемінің 2013 жылы 600 млрд-тан астам доллардан бастап, 2016 жылы 370 млрд доллардан төменге дейін болжамды құлдырауына (35 пайыздан астам азаю) қарамастан, жаңа инвестициялармен және жұмыс орындарымен қамту үшін мұнайгаз саласының жеткізу тізбегі аясында үлкен мүмкіндіктері бар.
Мұнай бағасы төмен болғандағы ағымдық кезең туралы мыналарды байқауға болады: қызметке, жабдықтарға және материалдарға кететін шығындардың шоғырланған көлемі 2016-2020 жылдар аралығында 2 700 млрд доллар деңгейінде болады деп болжанып отыр. Әлемдегі анағұрлым капиталды қажет ететін 5 саланың біріне мұнайгаз секторы жыл сайын 540 млрд доллардай шығындар жұмсайды.
Келесі 5 жыл ішінде 390 млрд-тан астам доллар (70 пайыздай шығын) жұмыс жасайтын кеніштерді қолдауға және өндіру көлемін көбейтуге бағытталатын болады. Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған секілді әлемдік дәрежедегі қорлары бар кеніштерге инвестициялар бойынша Қазақстанның жақсы келешегі бар. Кеніштердің әрекет ету мерзімін көбейту үшін қызметтер мен материалдарды ұсынатын жеткізілімдер тізбегіндегі компаниялар Қазақстанды өте маңызды нарық деп есептейтін болады.
Қазіргі кезде шағын және орта бизнесті қосқанда жергілікті компанияларды тарту үшін үлкен мүмкіндіктер бар. Бүкіл әлемде шағын және орта бизнес мұнайгаз саласына инновацияларымен және өнертабысымен өз үлесін қосады. Ұлыбританияда мұндай компаниялар тек мұнайгаз секторында жылына 8 млрд-тан астам доллар түсім алып, 150 мыңнан астам адамды жұмыс орындарымен қамтиды.
Кирдің хабарлауынша, оның департаменті қазақстандық және британдық кәсіпорындар арасында жаңа бірлескен кәсіпорын ашу жөніндегі жұмыс тобын құру туралы «PSA» ЖШС-нің шақыртуын алған. Ұлыбританияның шағын және орта бизнесін ҚР компанияларымен ынтымақтастықта жұмыс жасауға тартуды, сонымен қатар, Каспийдің басқа да мұнайгаз өңірлерін қолдау және қызмет көрсету үшін Қазақстанды шотландық Абердин секілді өңірлік тораптық орталық ретінде пайдалану қарастырылатын үшжылдық бағдарлама жасақталған.
«ҚМГ-НІҢ «БҮЙРЕГІ БҰРАТЫН» ӨЗ КОМПАНИЯЛАРЫ БАР»
Сервистік компаниялар одағының бас директоры Нұрлан ЖҰМАҒҰЛОВ, оның пікірінше, «белгілі бір компанияларға ниеттестік саясатын» жүргізетін «ҚазМұнайГаз» ҰК-на қатысты едәуір қатты назын жеткізді. Бұдан басқа, ол бірақатар айтарлықтай ұсыныстар енгізді.
- Бүгінгі күні жер қойнауын пайдалану нарығы 3 санатқа бөлінген.
ҚМГ-де қатысу үлесі бар жер қойнауын пайдаланушылар: бұл топ бойынша өткен жылдың қорытындысы бойынша мұнайсервис қызметін сатып алудың 44 пайызға төмендегені байқалады.
Екінші топ – бұл үш ірі оператор: ТШО, НКОК және ҚПО. Олар бойынша көбею байқалады, бұл Қашағандағы тұрбаны ауыстыруға және ККЖ-дағы алдын ала жұмыстарға байланысты. Осы 3 жобаның үлесіне 2015 жылдың қорытындысы бойынша мұнайсервистің 72 пайызы тиесілі.
Үшінші топты қалған бүкіл жеке жер қойнауын пайдаланушылар құрайды. Бұл жерде 2015 жылдың қорытындысы бойынша мұнайсервис көлемінің 50 пайызға азайғаны байқалады.
2014 жылы 1715 мұнайгаз ұңғымасы, 2015 жылы 949 мұнай ұңғымасы бұрғыланды. Ал биыл бар болғаны 684 жоспарланған. 2014 жылмен салыстырғанда 60 пайызға төмен.
Мұнайсервис көлемінің қысқаруымен қатар отандық мұнайсервис индустриясының дамуын шектейтін бірқатар мәселелер бар. Біріншіден, Қазақстанның мұнайсервис секторындағы бәсекелес ортаға қарамастан, «ҚазМұнайГаз» ҰК құрамына кіретін жер қойнауын пайдаланушылар жыл сайын өзінің еншілес және аффилирленген компанияларымен («Ақтаунефтесервис», КРУЗ, Жөндеу, Бұрғылау компаниялар тобы және т.б.) келісімшарттар жасайды. Осылайша, басқа қазақстандық мұнайсервис компанияларының ҚМГ мердігерлігінде жұмыс істеу мүмкіндігін шектейді.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» тобы бойынша профильдік емес компанияларды жекешелендіруді тездету керек деп есептейміз.
Жұмағұлов премьер-министрге қарап, бірқатар нақты ұсыныстар енгізді. Ол хаттамаға енгізілді. Атап айтқанда, әңгіме жер қойнауын пайдаланушылардың сервистік қызметтерді сатып алу ережелеріндегі өзгерістер, қазақстандық компаниялардың ККЖ тапсырыстарына қолжетімділігін қамтамасыз етудегі ҚМГ-нің рөлін күшейту туралы болды. Сонымен қатар, Жұмағұлов үкіметтен тендерлік команданы Ұлыбританиядан Қазақстанға ауыстыру мүмкіндігін қарастыруды өтінді:
- Өкінішке орай, ККЖ-ның құрылыс бойынша ойналатын тендерлері бюджет бойынша ауқымды. Бұл қазақстандық бизнестің қатысуын шектейді. Қазақстанда айналым қаржысы жетіспегендіктен және тендерлік кепілдікпен қамту мүмкіндігі болмағандықтан, жүздеген миллион долларлап есептелетін тендерлерге қатысуға қабілетті компаниялар өте аз.
Қазақстанда кейбір шетелдік компаниялар көптеген жылдар бойына қосалқы мердігерлік жұмыстарға мардымсыз баға белгілеп, жергілікті серіктестерді тартпастан жұмыс жасап келеді. Алайда тең жағдайда ынтымақтаса жұмыс жасауға, тәжірибесімен және технологиясымен бөлісуге әзір бірқатар шетелдік компаниялар бар. Шетелдік және қазақстандық компаниялар арасында үш ірі консорциум құрылды. Олардың өкілдері бүгінгі кездесуге қатыспай отыр. Сіздерге осынау табысты мысалдарды таныстырып өтуге рұқсат етсеңіздер.
АСАР. Ірі ГАТЕ мердігер мекемесінің басшылығымен қазақстандық 10 компания ККЖ-дағы күрделі жұмыстарды орындау үшін күш біріктірді.
Әрқайсысы белгілі бір салаға маманданған. Бұрын ГАТЕ жұмыстарды өзі орындайтын, ал қазір еліміздің түрлі өңірлеріндегі жергілікті компаниялармен тең серіктестік құрды. АСАР-да 4 мың жұмыс орны ашылған, 20 мыңға дейін жұмылдыру мүмкіндігі бар. 95 пайыздан астамын қазақстандық кадрлар құрайды. АСАР жанынан жұмыстан босатылатын қызметкерлер үшін Теңіздегі жұмыстарды орындау мақсатында қайта мамандық беру жөніндегі ірі тренингтік орталық ашылуда.
Сонымен қатар, Консорциум Ренесанс/АТК – Ресейде, Түркіменстанда бәленбай миллиардты мұнайхимия жобаларына ойдағыдай қатысқан тәжірибесі бар «Ренессанс» компаниясы бар. Консорциум өз тәжірибесін қазақстандық АТК құрылыс компаниясымен бөлісуде.
САБИГ: ірі БиАй Групп құрылыс компаниясы мұнайгаз саласындағы жұмыстарды орындау бойынша грекиялық Архиродон компаниясымен күш біріктірді.
Кәрім Қажымқанұлы, мұнайсервис саласында 200 мыңдай адам жұмыс жасайды, бұл жерде экономиканың басқа секторына қарағанда, салық төлемдері мен жұмыспен қамтылу бірнеше есеге жоғары. Маусым айында энергетика министрімен кездесу кезінде біз министрлік құрылымынан мұнайсервис бойынша арнайы департамент құру туралы мәселені көтердік. Осы мәселеде бізге қолдау көрсетуіңізді өтінеміз.
Премьер-министр қорытынды сөзінде денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара ДҮЙСЕНОВАҒА мұнайсервис саласының босаған қызметкерлерін жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс тобын құруға, ал энергетика министрі Қ.Бозымбаевқа қазақстандық ірі мұнайсервис компанияларын ірі мұнайгаз жобаларына тарту бойынша жұмыс тобын құруға тапсырма берді.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА