Забурын шығанағы әуелден туризмді дамытуға ең қолайлы, тиімді жер саналады, алайда бұл іспен айналысатын әзірге ешкім табылмай отыр.
130 шақырым теңіз жағалауының қол тигізбеген әсем табиғаты, тыныштық пен оңашалық, теңіз ауасы, ақ құм... Әрине, бұл жер облыс орталығынан алыс жатса да, адамдар, көп болмағанмен, осында демалуға келіп жатады.
Теңіз суы жып-жылы, түбі өте тайыз. Жағадан ашық теңізге 1,5-2 шақырым ұзап кетсеңіз де, су деңгейі бәрібір тізеден аспайды. Теңіз асты құмды, қамыс өсімдіктері жоқ.
- Бұдан сегіз жыл бұрын қалада жұмыс жасап жүргенімде осы жағалауға жан бітірсем деген ой болған. Адамдар келіп демалуы үшін не істеу керек деп ойландым. Негізі өзім Исатай ауылының тумасы болғандықтан бұл жердің табиғатын жақсы білемін, - дейді Забурын ауылдық округінің әкімі Аслан ҒҰБАШ (суретте). – Бірнеше жыл бұрын мен мұнда киіз үйлер құрып, кәуап сатып, ауылдағы жігіттермен бірге қайықтарды жалға беріп, жұмысты бастап кеткенбіз. Табыссыз болғанымыз жоқ. Біраз адам келді, облыс төңірегі тұрмақ, көршілес Ресейден де ат арытып келгендер болды. Кейін жұмыс бабымен бұл жұмыстан қол үзгеннен кейін таныс жігітке бергенмін, ол бір жылдан артық жұмыс жасай алмады.
А.Ғұбаштың айтуынша, аудан әкімдігі қазір теңіз жағасынан балалар лагерін ашуды ұсынып отыр.
Исатай ауданы әкімінің орынбасары Артур ҚУАНЫШКЕРЕЕВТЫҢ айтуынша, кәсіпкерлер Забурын шығанағына көңіл бөлсе, мұнда керемет демалыс аймағын ұйымдастыруға болады. Алайда, мемлекет тарапынан қолдау болмаса, Забурын шығанағында туризмді дамыту мүмкін емес немесе өте күрделі.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор