Атырау, 23 қараша 18:59
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Біздің етіміз Оралдың етінен олқы емес

2 081 просмотра

Өтіп жатқан жыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтері бойынша өте табысты жыл болыпты.

Облыс экономикасына шаруалардың қосқан үлесі 21,5 млрд. теңге құрайды. Соңғы үш жыл ішінде облыс шаруашылығында мүйізді ірі қара саны 6,5 пайызға (194,3 мың бас), соның ішінде сиыр 7 пайызға (80,8 мың бас), қой 8 пайызға (741,5 мың), жылқы 11,3 пайызға (54,3 мың), түйе – 8 пайызға (35,7 мың) үй құстары 3,3 пайызға (61,7 мың) көбейген. Ет өндіру 7,6 пайызға (32,4 мың тонна) артқан. Осы жылы аусыл індетіне байланысты тірі малды Батыс Қазақстан облысынан тысқары шығаруға ветеринарлық карантин екі мәрте енгізілгенін атап өткен жөн. Қала базарларында дәмі мен қоректілігі Орал етінен кем түспейтін Индер, Исатай және Құрманғазы аудандарынан әкелінген сиыр еттері сатыла бастады.

2011 жылы фермерлер 605 мың тонна жоспар бойынша 650 мың тонна шөп дайындап өзіндік рекорд жасады. Алайда жыл пішен қоралардың жиі өртенуімен есте қалды. Осылайша, ет барондары ауылдықтарды тірі малдарын қасапқа өткізуге мәжбүр етіп отыр деседі.

Облыс бойынша жиналған картоп мөлшері 11,8 мың тонна (бұл алдыңғы жиналған өнімге қарағанда 15 пайызға көп), көкөніс – 49 мың тонна, сондай-ақ, қарбыз бен басқа бақша дақылдары 15,8 мың тонна құраған. Бірақ бұл сонда да көп емес. Егер салыстырар болсақ, мәселен, азық-түлік қорын құру үшін облыстан тысқары жерден «Атырауагросервис» ЖШС әкеліп беретін картоп мөлшері одан 25 есе көп.

Аяқтарына тұрып үлгерген шаруалар тамшылатып суару және минералды тыңайтқыштарды мөлшерлеп қолдану технологиясын жөн көрген. Бұл топырақты аздыртпай, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Оның үстіне мемлекет субсидия төлеп, олардың модернизациялауға кететін шығындарын ішінара жабады. «Атырау-Агроөнімдері», «Райхан», «Сабыров», «Жұмағалиев», «Дастан», «Сандуғаш», «Кеніш», «Арай», «Бисенов» және «Қарағаев» шаруашылықтары аяқтарынан қаз тұра бастаған. Облыс бойынша тамшылатып суарылатын аумақ бар болғаны 451 гектар құрайды. Бұл аз, бірақ бірнеше жыл бұрын тамшылатып суару мүлдем болған жоқ. Жылыжайлар туралы да осыны айтуға болады. Облыста бүгінде жалпы алаңы 4,5 гектар болатын он шақты жылыжай жұмыс жасайды. Биылғы жылы Ардагер ықшамауданында азық-түлік бағаларын тұрақтандыру бағдарламасы бойынша бюджет қаржысына салынған жарты гектардай алаңы бар жылыжай (2-ші кезек) іске қосылды. 2012 жылдың бірінші тоқсанында тұрғындарға төменгі бағамен сату үшін бірінші және екінші кезектегі жылыжайлардан қызанақтар мен қиярлар алу жоспарланып отыр. Күтетін боламыз.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

4 қаңтар 2012, 20:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.