Атырау, 23 қараша 19:45
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Мораторийге қол қойылған жоқ: Түркіменстан тартынып отыр

3 710 просмотра

Бакуде 13-16 желтоқсан аралығында Каспий маңы мемлекеттері су ресурстары жөніндегі комиссияның 32-ші мәжілісі болды. Алайда, Каспийде бекіре тұқымдастарды коммерциялық мақсатта аулауға мораторий енгізу жөніндегі келісім жобасына қол қойылған жоқ.

2010 жылдың қарашасында Каспий маңы елдері мемлекет басшыларының ІІІ саммитінде Әзірбайжан, Түркіменстан, Ресей және Иран президенттері бекіре тұқымдас балықтарды коммерциялық мақсатта аулауға 5 жыл мерзімге мораторий енгізу жөнін-дегі Н.Назарбаевтың ұсынысымен келісті. Ақпан айында Астанада аталмыш мемлекеттер өкілдерінің мәжілісі болды. Мәжілісте бұл мораторийді енгізу механизмі талқыланды. Бекіре тұқымдастардың уылдырық шашуы үшін үнемі көшіп жүретіндігінен оларды сақтау мәселесі мемлекет аралық маңызға ие болуда. Ресейдің бекіре тұқымдастарды аулауға тыйым салуда іс-тәжірибесі бар. 2000 жылы қортпаны коммерциялық мақсатта аулауға тыйым салынды. Сондықтан да келісім жобасын дайындау дәл осы ресейлік тарапқа жүктелген болатын. Мораторий коммерциялық мақсатта балық аулауға қатысты енгізілді. Ғылыми және өндірістік мақсаттар үшін аулауға тыйым салынған жоқ. Әзірбайжан, Қазақстан және Ресей келісімді қабылдауға құптау білдірген хаттамаға қол қойды. Түркіменстан бұл құжатты алдымен өз басшылығымен келісіп алатындығын жария етті, ал, Иран Түркіменстанның шешім қабылдауын күтетіндігін мәлімдеді. 

Бакуде өткен осы мәселеге қатысты  кезекті кездесуде қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасы балық шаруашылығы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Бауыржан Жұмажанов басқарып барды. Ал, Атырау облысынан бұл талқылауға Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бастығы Амантай Айжігітов, балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының директоры Юлия КИМ (суретте) және осы орталықтың ғылыми-хатшысы Елена БОКОВА (суретте) қатысты.

Мәжілісте су биоресурстары комиссиясының мәртебесін көтеру туралы мәселе қозғалды. Қазір бұл комиссия ведомствоаралық мәртебеге ие. Бүгінгі таңда Каспий теңізі және оның биоалуантүрлілігімен тек осы комиссия ғана айналысып келеді, келесі жылы комиссияға 20 жыл толады. Бұл отырыста ирандық тараптың мораторийді енгізу идеясын белсенді қолдағандығын айта кету керек. Процесті тағы да Түркіменстан делегациясы қол қоюға өкілетті еместігін жариялай отырып, кейінге қалдыртты.

Оның үстіне Каспийге толықтай мораторий енгізу шекарашыларға браконьерлерді жауапқа тартуға мүмкіндік бермейді, өйткені, олар жағалаудан 12 мильдік аймақта, бейтарап суда жүргендей еркіндікте болады.

Бакудегі кездесуден кейін ғалымдар Иранға барды. Онда жергілікті балық шаруашылығымен айналысушылар парсы бекіресін көбейтуді қолға алғандағы жетістіктерімен мақтанды. Аулауға мораторий енгізе отырып, бекіре тұқымдастар үшін уылдырық шашатын орынды алдын-ала дайындау проблемасын ойластыру керек. 

Делегация өкілдерінің сөзде-ріне қарағанда, уылдырық шашатын орынға қатысты проблемалардың негізінен осы елдердің барлығында бірдей екендігі анықталды. Судың азаюы, арналардың тайыздануы, уылдырық шашатын субстраттардың – малтатас, топырақ, уылдырық шашатын орындағы қайыршақтардың азаюы бай-қалады. Ғалымдар уылдырық шашатын орындарды жақсартуды, су түбін қазу жұмыстарын, тазарту, қайыршақ тастар мен топырақ төгу жұмыстарын жүзеге асыруды ұсынды. Делегация парсы бекіресінің шабақтарын өсірумен айналысатын екі бекіре зауытында болды. Бұл кәсіпорындардың барлығы да атыраулық балық зауыттары секілді жарақтандырылған. Ғалымдардың назарын бекіре тұқымдас балықтардың мүлдем жойылып кету жағдайы туғанда олардың жасушаларын сақтауға арнайы жасалған криобанк аударды.  Сондай-ақ, ирандықтар албырт балық зауытын көрсетті. Каспий албырт балығы, Каспийдің жыланбалығы, ақ балығы  секілді жоғалып бара жатқан балықтар түріне жатады. Алайда, бұл жерде албырт балықты тауарлық балық ретінде емес, тек көбеюін қалыпқа келтіру үшін өсіреді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген  В. Истомин

4 қаңтар 2012, 20:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.