Фото: Manonamai.ltАстанада өткен жер комиссиясының кезекті отырысында өз азаматтарымызға жерді жалға беру жайы кеңінен қаралды. Осы орайда комиссия мүшелері бір қолға берілетін ауыл шаруашылығы жерлерінің шекті бір мөлшерін бекіту мәселесін талқыға салды. Шыны керек, дәл қазір нақты бір шешім жоқ. Себебі бұл сұрақ комиссияның күн тәртібіндегі күрделі мәселелердің санатына жатады, деп хабарлайды Baq.kz.
Сенатор Елеусін Сағындықовтың сөзіне қарағанда, бүгінде «ауыл шаруашылығы жерлерінің шекті мөлшері бір әкімшілік ауданның аумағында» бекітілсе де, республика бойынша аудандардың көлемі бірдей емес. Сол себепті қазіргі «шекті мөлшердің» өзі біркелкі емес, барлығына бірдей деп айтуға болмайды.
«Жалға берілетін жерлердің шекті мөлшері – бұл өте күрделі мәселе. Мен өзім осы мәселеге қатысты бірталай мәліметтерді алып, 2003 жылғы үкімет қаулысы, Жер кодекснің қабылдағаннан кейін... Жаңағы жерді белгілеген. Ауыл шаруашылы жерлерінің шекті мөлшері бір әкімшілік ауданның аумағында, сол белгіленген екен. Оны неге күрделі деп отырмын? Кейбір аудандарда, енді жалпы мөлшермен алып қарағанда, қазіргі уақытта 250 мың гектардан (бір ауданның көлемі – авт.) кейбір аудандарда, ал кейбір облыстарда (бір ауданның – авт.) барлығы 12 мың гектары ба (күлді). Ол оңтүстік облысында. 250 мың және 12 мың гектарды салыстырып көріңіз. Сондықтан (ауыл шаруашылығы жерлерінің шекті мөлшері – авт.) 50 мың, я болмаса, 5 немесе 10 мың гектар болсын деп айту қиын. Оған не істеу керек? Оған мына іс-тәжірибе негізінде, ғылыми-зерттеу деңгейінде құзырлы органдар осыған өзінің ұсыныстарын беруге тиісті», - дейді Е.Сағындықов.
Шыны керек, ірі жер иеленушілері былай тұрсын, барлық облыстарда ауыл шаруашылығы жерлерінің құнарлығы бірдей болмағаннан кейін жердің шекті мөлшерін бекіту қиын болып тұр. Оны комиссия төрағасы Асқар Мырзахметов те мойындап отыр.
«Бір қолға шектеу ол – өте күрделі мәселе. Ол жерде кесіп, енді Қазақстан бойынша осыншама ғана гектар болуы керек деп айту, әрине, ол қисынсыз. Себебі әрбір өңірдің өзіндік ерекшелігі бар. Сол ерекшелікке байланысты, ауыл шаруашылығы саласында жаңағы сол, өндірістік еркешеліктері бар. Ол – бірінші мәселе. Сондықтан да оны ғылыми тұрғыдан да қарап, соның негіздемесін жасағаннан кейін барып сол шектеу айтылуы керек. Ал бірақ шектеудің болуы керек екендігі, ол көпшіліктің ойы бойынша қажет екені көрініп отыр», - дейді Үкімет басшысының орынбасары әрі ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов.
Дереккөз: Baq.kz
В Атырау 0