Атырау, 10 қазан 19:25
 ашықВ Атырау +11
$ 489.06
€ 536.21
₽ 5.05

Молдаш мектебі

Сурет
1 855 просмотра

Ақсай ауылында тұратын зейнеткер Берік МОЛДАШТЫҢ жазғы ас үйінің есігінде кәдімгі А4 форматтағы ксерокс қағазына басылған қарапайым ғана «Дойбы мектебі» деп жазылған хабарландырудың пайда болғаны жақында ғана.

Алайда, Берік ағадан бұл ойынды үйренуге ниет білдіргендер аз емес, оның үстіне ол сабақты тегін жүргізеді. Ол, тіпті, еліміздің екі чемпионын тәрбиелеп те үлгерді.

«БЕРІК, СЕН ДОЙБЫМЕН АЙНАЛЫССАҢШЫ»

– Мұның бәрі осыдан бірінеше жыл бұрын, менің 60 жасқа толған мерейтойыма жасы үлкен жолдасым Жүсіп ХИСИМОВТІҢ келуінен басталды. Ол 70-80 жылдары Атырауда дойбыдан бапкер болып жұмыс жасады. Сол кездерде спорттың бұл түрі бізде өте танымал болды және жоғары деңгейде ойнайтын еді. Кейін Жүсіп Алматыға көшіп кетті, ал, дойбы бізде ұмытыла бастады. Ол маған «Берік, сен дойбы ойнаумен айналыссаңшы», - деді. Мен, содан не керек, дойбыға ден қойдым, - деп әңгімелейді Берік аға. – Арнайы әдебиеттерді оқи бастадым, қалалық, облыстық турнирлерге қатысып, жеңістерге жеттім. Кейін мені жарыстарға төреші болуға шақыра бастады.

Осыдан екі жыл бұрын Ақсай мектебінде турнир өтіп, онда Берік аға осы мектептің оқушысы Алтынбек ЖҰМАЛИЕВТІҢ талабын байқап қалды.

- Оның талантты екені көрініп-ақ тұрды, тек аз-кем бағыт-бағдар беру керек еді. Сөйтіп, оны үйге шақырып, асүйде дайындықты бастап кеттік. Бірде одан тағы да бұл ойынды кімдер үйренгісі келетінін сұрадым. Ол өзінің әпкесі Данагүлді, одан кейін інісі Бекарысты алып келді. Бекарыс бір жазда дойбыны меңгеріп те алды. Міне, сөйтіп, біз жоғары деңгейге қол жеткізуді көздедік.

Молдаштан дойбыны үйренем деушілер барған сайын көбейе түсті. Ол жұбайының құптауымен жазғы асүйін дойбы үйрету бөлмесіне айналдырды: өз ақшасына үстел, тақта, сағаттар, ноутбук, монитор және «Тундра» арнаулы дойбы бағдарламасын сатып алды.

– Міне, қараңыздар, бізде, тіпті, өзіміздің кітапханамыз бар. Оны болмашы нәрселерден бастап жинадым, таныстарымнан алдым, басқа қалалардағы букинистік дүкендерден сатып алдым, тіпті, Мәскеуден де тапсырыстармен алдырттым. Бізде сирек кездесетін басылым бар. Мынау - атақты Куперманның кітабы. Бір кітапты арнайы біздің мектеп үшін Франциядан жіберді. Ал, мынау біздің балаларымыздың екі жыл ішінде алған марапаттары, - деп Берік аға бізге үстел үстіндегі көптеген медальдар мен дипломдарды көрсетті. Бекарыс пен Данагүл Жұмалиевтер 2014 жылы-ақ қала және облыс чемпионаттарында керемет жетістіктерге қол жеткізді, 2015 жылы Бекарыс Таразға ел біріншілігіне барып қайтты.

– Шынын айту керек, бұл турнирге қатысу біз үшін оңайға соққан жоқ. Біріншіден, бұндай жарыстарға тек балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері ғана қатысуы тиіс екен. Бастысы – спорт мектебінде оқу емес, талант екенін айтып дәлелдеуге тура келді. Ақша мәселесі де туындады. Бізге ешкім демеушілік көрсетпеді, ал, бұл балалар көп балалы отбасынан, - дейді Берік аға. Дегенмен, біз жолын тауып барып, жеңіспен оралдық! Бекарыс сол жарыста алтын мен күміс алды. Биылғы жылы Қостанайда өткен ел біріншілігінде Бекарысқа Данагүл қосылды. Ол да өзінің бірнеше қарсыласынан басым түсті, тіпті, олардың ішінде Азия чемпионы да болды. Данагүл «Классика» бойынша алтын медальды иемденді. Ал, 9 жастағы Бекарыс бүгінгі күні Қазақстанның үш дүркін чемпионы және екі дүркін күміс жүлдегері болып табылады.

ТАҚТА ҮСТІНДЕ ОН ТӨРТ САҒАТ

Балалар өздерінің шеберлігін арттыру үшін үнемі ересектер арасындағы жарыстарға қатысады. Сондай турнирлердің бірінде Бекарысқа екінші орынды жеңіп алу мүмкіндігі туды, ал Данагүл 15 ұпай жинап алды, сол кезде кейбір спорт шеберлігіне үміткерлер жинаған ұпай саны 9 болатын. Жұмалиевтер отбасынан Берік Молдаш мектебіне тағы да екі оқушы – Эльмира мен Темірлан келді.

- Эльмира қалалық жарыстар-дың күміс жүлдегері болып үлгерді, Темірлан бізге келгенде бар-жоғы 4 жас 7 ай болатын. Қазір ол беске келді, енді ол да біраз уақыттан соң жарыстарға қатысатын болады.

– Қазір сізде қанша бала үйреніп жүр?

– Бастапқыда көп болды. Қазір он екі бала бар. Қабілеті бар, шыдамдылық пен талабы бар, алға ұмтылам дегендері ғана қалды.

– Сабақ қанша сағатқа созылады?

– Түрліше. Жарыс алдында балалардың таңертең келіп, кешке кететін күндері де болады. Бірде тақта үстіндегі түрлі тәсілдерді меңгереміз деп 14 сағат отырған кезіміз болды.

– Сіз алдыңызға қандай спорттық міндеттер қоясыз?

- Бүгінгі таңдағы біздің алдымыздағы басты міндет – Азия және әлем чемпионаттарына қатысу үшін лицензия жеңіп алу. Өткен жылы Бекарыс лицензия алғанымен, қаржының жоқтығынан баруға мүмкіндік болмады.

– Сіздің мектебіңізге қандай ма болмасын көмек керек пе?

- Көріп отырғаныңыздай, сабақ өткізуге қажетті дегеннің бәрі бізде бар. Жарық, жылу, сплит-жүйесі. Дегенмен, өте маңызды деген тек бір ғана мәселе бар, ол жоғары деңгейдегі жарыстарға бару сапарына ақшаның жетіспеушілігі. Балалар шын мәнінде өте жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Олардың болашағы зор.

Берік ағамен сөйлесе отырып мен өмір бойы құс фабрикасында еңбек еткен ақсақалға нағыз демалатын зейнет жасында осыншама машақаттың керегі не деген ойға қалдым. Және ол туралы өзінен де сұрадым. Ол болса:

– Адамдарға қандай да болсын пайдам тисін дегенім ғой, - деп жауап берді.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор

20 сәуір 2016, 19:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.