Атырау, 26 желтоқсан 05:29
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Балалардың құқығы тапталмасын

5 792 просмотра

30 қараша күні №11 Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте облыстық балалар құқығын қорғау департаменті мен облыстық ішкі істер басқармасының қызметкерлері жоғары сынып оқушыларымен және ата-аналармен «Біз зорлық-зомбылыққа қарсымыз» тақырыбында кездесу өткізді.

Жалпы, жыл басынан бері балалар құқығын қорғау департаменті облыстық прокуратурамен, облыстық білім беру басқармасымен және облыстық ішкі істер департаментімен бірге жасөспірім-дердің арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында 72 рейд жүргізген. Осы кезде қаладағы ықшам аудандардағы кафе-барлар, мейрамханалар, түнгі клубтар, компьютерлік клубтар тексеріліп, әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған отбасыларының балалары бақылауға алынған. Осы жұмыстардың нәтижесінде кәмелетке толмағандардың түрлі ойын-сауық мекемелерінде жұмыс істеуі мен ол жерлерге баруына қатысты баптарға сәйкес 208 жасөспірім көзге түскен. Олардың 119-ы жағдайы нашар отбасының, 89-ы жағдайы жақсы отбасының балалары екен.

-Сіз кешкі сағат 11-ден кейін кәмелеттік жасқа толмаған балаларға көшеге шығуға болмайды дедіңіз. Мен шұғыл шаруамен апамның үйіне бара жатқанда сіздер мені ұстап алдыңыздар? – деді бір оқушы қыз бала.

Қалалық ішкі істер басқармасының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бөлімшесінің бастығы Аслан ТҮСІПҚАЛИЕВТІҢайтуынша, бейсауат жүрген жасөспірімдер ұсталады және ол жайлы ата-аналарына ескерту беріледі.

Ал тағы бір оқушы «Заңда 14 жастан кейін қосымша жұмыс істеуге болады делінген. Ал сіз жұмыс істеуге рұқсат етілмеген деп отырсыз» деп түсіндірме беруді сұрады. Бұған құқық қорғау қызметкерлері ҚР Еңбек Кодексінің 181-бабында «Он сегiз жасқа толмаған қызметкерлер үшiн жұмыс уақытының ұзақтығы» көрсетілгендей, 14 жастан 16 жасқа дейін жастар ата-ананың келісімімен аптасына 24 сағат жұмыс істеуге болады деп жауап берді. Сондай-ақ, оның ішінде ішімдік пен темекі сатылатын, пайдаланылатын жерде жұмыс істеуге рұқсат етілмегендігін нақтылады. Оған қоса, базарларда жүк тасу, көлік жуу секілді денсаулыққа зиян келетін ауыр жұмыстарда 2,5 сағаттан артық уақыт жұмсауға болмайтындығы ескертілді. Мәселен, биыл жазда  ойын-сауық орындарында еңбекпен қамтылған 7 кәмелетке толмағандар анықталған. Осыған байланысты Атырау облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторының қаулысымен кәмелетке толмағандарды жұмысқа алғандығы үшін жұмыс берушіге 15120 теңге (10 АЕК) айыппұл салынды. Қазір балалардың құқығын қорғау департаментінде қиын жағдайға тап болған жандарға психологиялық кеңес беріп, құқықтық көмек көрсетуге, проблемаларын шешуге септігін тигізетін 27-24-53 нөмірлі сенім телефоны жұмыс істеп тұр. 

Айнұр САПАРОВА

8 желтоқсан 2011, 18:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.