Кеденшілер Атырау облысының аумағында Белоруссияда ұрланған көлікті анықтаған.
Көліктің техникалық төлқұжатындағы мәліметтерге сәйкес, 2009 жылы шыққан «Toyota RAV-4» автокөлігі бұрын Белоруссия азаматшасы Л.М. тиесілі болған. Өткен жылдың қыркүйек айында машина автодүкендердің бірінен Қазақстан азаматшасына сатылған. Автокөліктің жаңа иесі машинаны өз атына тіркеп, төлқұжат алып, жаңа мемлекеттік нөмір алған.
«Тексеру барысында азаматша Л.М. Беларусь Республикасы аумағында тіркелмеген, көрсетілген мекен-жайы мүлдем жоқ, тіпті, транспорт құралдарын тіркеу жөніндегі куәлік, машинаға есеп-анықтама берілмеген болып шықты», - дейді Атырау облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің баспасөз қызметінің өкілі Жанар БАЙҒАЛИЕВА. «Тойота центр Казахстан» ЖШС-нен алынған мәліметтер бойынша, жүргізуші мен жолаушының қауіпсіздік жастықтарының нөмірлері «Toyota RAV-4» маркалы машиналарында болатын нөмірлерге сәйкес келеді, бірақ, олардың шыққан жылы 2007 жыл.
Автокөліктің идентификациялық нөмірі (VIN), қауіпсіздік жастықтарының нөмірі және қозғалтқыш нөмірі дайындаушының бірегей таңбалауы болып табылады және ол қайталанбайды. Бұдан басқа, Львов кеденшілері бұл көліктің Б.О. есімді азаматшаның атына тіркелгендігін және 2010 жылдың 6 тамызынан бері ұрланып кетуіне байланысты іздеу жарияланғандығын хабарлады.
Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.
Зульфия ИСКАЛИЕВА