Қыркүйектен бастап облыс прокуратурасы бюджетке салық төлеуден жалтарған қылмыстар бойынша тексеру жүргізіп келеді. Тексеру қорытындысы бойынша 6 қылмыстық іс қозғалды.
Айталық, «Жаңа Сарқамыс» ЖШС 2005 жылдың 1 қаңтарынан 2009 жылдың 30 маусымына дейінгі кезеңде бюджетке 178 451 150 теңге төлемеген. Тексеру барысында салық төлеуден жалтару бірнеше жалған кәсіпорындармен «серіктесіп» жұмыс істеген кезде орын алғандығы анықталды. «Жаңа Сарқамыс» ЖШС директорына қарсы қылмыстық іс көтерілді.
2005 жылдың 1 қаңтарынан 2009 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі кезеңде «Тотал Инжиниринг Сервисез Тим, Инк.» компаниясы филиалының лауазымды тұлғалары 188 080 603 теңге көлеміндегі салықты төлемеген. Ал, бұл оларға қарсы қылмыстық іс қозғауға негіз болды.
Облыс прокуратурасының жауап алу, тергеу заңдылығын қадағалау жөніндегі басқарма бастығы Нұрлан ҚҰЛБАЕВТЫҢ айтуынша, тексеру барысында жалған құжаттарды қолдану фактілері де анықталды. 2002 жылы белгісіз тұлғалар әлдебір қалалықтың қолын түрлі құжаттарға ұқсатып қойып, 2008 жылға дейін заңсыз қызметті жүзеге асырған «Октан Максимум» ЖШС-гін тіркеткен. Және бюджетке ірі көлемді сомадағы салықты төлеуден жалтарған. Сот-қолтаңбаны анықтайтын сараптама «Октан Максимум» ЖШС-нің тіркелген құжаттарындағы және басқа да құжаттардағы барлық қолдардың ұқсатып қойылғандығын растады. Белгісіз тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмысы жалғасуда.
Зульфия ИСКАЛИЕВА