ОСК жариялаған мәліметтер бойынша, Атырау облысында жексенбіде сайлауға қатысу 85,37 пайызды құраған.
Облыстық сайлау комиссиясында хабарлағандай, өңірде 234 сайлау учаскесі жұмыс істеген, сайлаушылар тізімінде 305 мыңнан астам адам белгіленген, 260 538 адам дауыс берген. Есептен шығару талоны бойынша 541 адам дауыс берді, сайлау учаскесінен тыс жерде – 4 767 адам дауыс берді.
Парламент Мәжілісіне дауыс беру қорытындылары Атырау облысы бойынша былайша көрініс табады.
"Нұр Отан" партиясы үшін 214 792 дауыс, ҚКХП үшін – 17 840, «Ақ жол» үшін – 18 372, «Бірлік» үшін – 1 265, ЖСДП – 736, «Ауыл» партиясы үшін – 435 дауыс берілген.
Өңір тұрғындары облыстық мәслихатқа 27 депутат, қалалық мәслихатқа 19 және аудандық мәслихатқа 88 депутатты сайлады. Мәслихаттарға сайлау нәтижелерін облыстық сайлау комиссиясы сәл кейінірек мәлімдейтін болады. Атырау облысында дауыс беру процесі мен дауыс санау процедурасын 12 халықаралық бақылаушы (10-ы ЕҚЫҰ-дан, екеуі ТМД-дан), сондай-ақ партиядан, қоғамдық ұйымдар мен депутаттыққа үміткерлерден бақылаушылар қадағалады. Халықаралық бақылаушылар олар болған учаскелерде сайлау заңнамасының бұзылуы анықталмағанын атап өтті.
№16 сайлау учаскесінде (Атырау медицина колледжі) дауыс беру процедурасына қалалық мәслихатқа қатысуға үміткер болып, кейін наурыздың басында "декларациядағы айырмашылықтар үшін" сайлауалды жарысынан алынып тасталған қоғам белсендісі Талғат АЯН бақылау жасады («Макс Боқаев, Талғат Аян және Әсел Нұрғазиеваны үміткерлер тіркеуінен алып тастады»). Байқалған заң бұзушылықтар туралы ол Facebook желісінде хабарлады. Оның пікірінше, заң бұзушылықтар аз болмаған:
– Бюллетеньдерді дауыс берушілерге жеке бас куәлігінсіз беру фактілері орын алды. Немесе бір қолға бірнешеуі берілді. Мен бәрін бейнекамераға түсіріп алып, актілерге құжаттадым. Әлеуметтік желіде жарияланған роликтердің біріне прокуратурадағылар жедел әрекет етіп, учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің бірін шығарып тастады, - дейді Т.Аян. - Сонымен қатар, адамдардың өздерін сайлаушылар тізімінен таба алмаған және оларды ешқандай растаусыз қосымша тізімге енгізген жағдайлар да болды. Алайда комиссия ол адам сол учаскеге бекітілген бе, жоқ па, тексеруге міндетті. Мекен-жай анықтамасын осы жерден, көрші кабинеттен алуға болатын еді. Осылайша бұл адамдардың барлығы бірнеше учаскелерде оп-оңай дауыс бере алатын еді.
Ең қызығы, Талғаттың айтуынша, дауыс санау кезінде басталған:
– Сайлау комиссиясы өрескел заң бұзушылыққа жол берді. Алдымен пайдаланылмаған бюллетеньдер санын жария етіп, оларды жоюға тиіс еді. Пайдаланылмаған бюллетеньдер дауыс саналып жатқан үстелден бір метрдей жерде жатты. Маған, бақылаушы ретінде, алты метрдей қашықтықта тұруды сұрады. Мұндай қашықтықтан бақылау мүмкін еместігін ескертіп, әр бюллетеньді көрсетуді өтінген кезде, комиссия төрағасы мұндай жағдайда дауыс санауды түн ортасына дейін жүргізуге тура келетінін, ал егер мен әрі қарай да наразылық білдірсем, онда полиция шақыратындықтарын айтты. Мен статист болғым келмеді, сондықтан хаттаманы күтпестен учаскеден кетіп қалдым.
Бұл сайлауға мен мұқият дайындалдым, сайлау туралы заңмен бүге-шүгесіне дейін танысып шықтым. Заңды керемет деуге болады. Алайда оның орындалуы жабырқатады. Шындығын айтқанда, мені үміткер ретінде тіркеуден алып тастағандығына қатты қапаланған жоқпын, мұндай заң бұзушылық орын алып тұрғанда, менің өту мүмкіндігім мүлдем жоқ еді.
Тамара СУХОМЛИНОВА