Атырау, 21 желтоқсан 00:11
 бұлттыВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Макс Боқаев, Талғат Аян және Әсел Нұрғазиеваны үміткерлер тіркеуінен алып тастады (толықтырылды)

4 218 просмотра

Кеше қалалық мәслихатқа тәуелсіз кандидаттар Макс БОҚАЕВ пен Талғат АЯН сайлауалды жарыстан алынып тасталды.

Оларды округтік сайлау комиссиясына шақыртып, олардың депутаттыққа үміткерлер ретінде тіркелуі заңды күшін жойғандығы туралы актіні табыс еткен. Үміткерлерді дәстүрлі сценарий бойынша - Атырау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының хаты негізінде аластатқан. Хатта тексеру нәтижесінде олардың декларациясынан алшақтықтар анықталғаны айтылған. Айта кету керек, актіде олардың мөлшері көрсетілмеген. Астана мен Алматыда, мәселен, декларацияларында дәлсіздік бірнеше жүз теңге, кейде 100 теңгеден де аз құраған кандидаттарды тіркеуден алып тастаған...

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, осынау дәлсіздіктер белгілі бір топқа жататын адамдарға әсер етпейтін секілді. Талғат Аян мұндай топтың бар екенін және ол мұны дәлелдей алатынын мәлімдеді:

- Мен декларация тапсырған маман менің мемлекеттік кірістер департаментіне баруға тиіс екенімді айтты. Мен сол жерге барғанда, қызметкері маған: "Сіз негізгі үміткерсіз бе?" деген қызық сұрақ қойды. Мен оған: "Бұл не деген сөз?" деп қарсы жауап сұрағын қойдым. Ол: "Мен сізді тізім бойынша тексергім кеп тұр" деді. Оның үстелінің үстінде шынымен де бағандарға бөлінген, ұсақ әріптермен жазылған фамилиялардың тізімі жатты. Ол менің фамилиямды іздей бастады, мен оған декларацияны бірінші рет тапсырып тұрғанымды, ол тізімде жоқ шығармын дегенді айттым. Бірақ ол іздеуін жалғастыра берді. Мен мұның не тізім екенін сұрадым.

- Менде бүкіл мәліметтер бар: кімнің өтетіні, кімнің өтпейтіні дегендей, қалай десем екен, кімнің.., - деген ойын аяқтамаған әйел дауысын диктофон жазбасынан естідік. Оны бізге Аян редакцияға келгенде тыңдатқан еді.

Аянның айтуынша, мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкері осынау жасырын тізімге енгізілгендерге бүкіл жетімсіздіктермен бірге декларацияны "қайта тапсыруға" мүмкіндік берілетінін аңғартқан.

Алайда оған мұндай мүмкіндік берілмеген. Оның фамилиясы осынау сиқырлы тізімде болмай шықты. Сөйтіп, оған сәттілік тілеп, сыпайы қоштасқан.

Редакцияға ғажайып тізімнің бар екенін жанамалап растаған тағы бір кандидат хабарласты:

- Мен мемлекеттік кірістер комитеті департаментіне өз декларациясымды тапсырып жатқан кезде, менің көзімше әлдебір кандидатқа қоңырау шалып, түзетулермен бірге декларацияны қайта келіп тапсырыңыз деп айтып жатты.

Көпшіліктің алдын ала айтқандарына қарамастан, Макс үшін бұл жеңіліс түңілуге себеп болмады:

- Маған міндетті түрде алдау, бұрмалау болады деп айтқан еді. Бәрі солай болды, бірақ бұл жақсы тәжірибе болды, - дейді сеніммен Боқаев. - Мен 1000-ға жуық адаммен кездесіп үлгердім. Мен сөйлескен адамдардың көпшілігі менің дәлелдерімді қабылдап, өз проблемаларымызды өзіміз шешуге қабілетті екенімізбен келісті. Демек, жаңа сайлауға әзірлену керек, бұл мәслихат та толық мерзімде жұмыс жасамайды деп ойлаймын. Қазірдің өзінде арамыздан біздің мүддемізді билікте қорғай алатын адамдарды іздей беру керек. Саннан сапаға ауысатындығы туралы диалектика заңдары бар, қарапайым тілмен айтсақ, тамшы су тасты жарады дегендей, белсенділер, тәуелсіз кандидаттар көп болған сайын, қазіргідей үшеу емес, айталық 300 болса, ең болмаса, осы мәслихаттағы орынның жартысына сенімді түрде үміттену мүмкін болады. Көп шығындардан қорқудың қажеті жоқ. Айтпақшы, бұл соншалықты шығынды шаруа емес екен. Маған бұл кезеңде 40 мың теңгеге шықты: менің кандидаттық 115 мың теңге жарнамның мемлекет маған іс жүзінде 80 мыңын қайтарады. Сондықтан тағы да шақырамын - бас ие салмай, билікке барыңыздар, ең болмаса оның жергілікті өкілетті органдарына.

Экс-кандидаттар сайлау комиссиясының осы шешіміне қатысты талап арыз бермекші, өйткені олармен келіспейді.

...Осы кандидаттарды тіркеуден алып тастау туралы хабарлама редакцияда ешкімді таң қалдырмады. Сайлауалды жарыста бірнеше тәуелсіз кандидаттар шығып кеткен Астанамен салыстырғанда, біз тіпті билік партиясында жоқ, нормаға сай келмейтін кандидаттармен осыншама ұзақ шыдап келген біздің округтік сайлау комиссиясының тәуелсіздігіне таң қалдық. Жаңалық бәрін өз орнына қойып берді. Енді облыстық мәслихатқа сайлауға түскен соңғы тәуелсіз кандидат Әсел НҰРҒАЗИЕВАҒА үміт арту ғана қалды. Әселдің де осы рөлде бір аптаға да жетпейтіндігіне сенімдімін.

Cенбі күні, 12 наурызда Әсел Нұрғазиеваны да тіркеуден алып тастады. Осылайша, менің алғашқы болжамым орындалды, алайда мен округтік сайлау комиссиясы дүйсенбіге дейін күте тұратын шығар деп ойлағанмын...

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген автор

P.S. ««Бүгінгі күні жағдай мынадай, декларация тапсыру барысында бір теңге болсын, жүз теңге болсын, 1 мың доллар болсын көрсетілмей қалатын болса, онда бұл бұзушылық болып саналады және заңға сәйкес ол адам сайлау додасынан алынып тасталады, - деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі М. Сәрсембаев. - Декларацияға байланысты сайлау додасынан алынған кандидаттардың санына қатысты айтар болсам, олар бүкіл ел бойынша шамамен 300 кандидатты құрайды. Олар салық декларациясын белгіленген түрде өткізбеген».

12 наурыз 2016, 13:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.