Атырау, 10 желтоқсан 16:35
 бұлттыВ Атырау -4
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

22 жастағы жұмыссыз әулие зиратын қиратты (жаңартылды)

7 815 просмотра

2 желтоқсан күні таңертең Атырау қаласының шетінде, Мирный мен Левая Перетаска поселкелерінің арасында орналасқан зираттан қолына балта ұстаған адам ұсталды. Сары-Ата әулиенің зиратын ызалана қиратқан ол, полиция қызметкерлеріне егер олар жақындайтын болса, өзін-өзі жарып жіберемін деп сес көрсеткен.

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира Мұхтарованың айтуынша, сағат 8.45-те бұл туралы бір адам қоңырау шалып хабарлаған. Оқиға болған жерге «Тосқауыл» тобы бірден жеткен. Полиция қызметкерлері сол жерді қоршауға алып, вандалды ұстауға тырысады. Алайда бұл оңайға соқпады. Жас жігіт қолында бомба бар екенін, оған жақындауға тырысса, өзін жарып жіберетінін айтқан. Сол кезде қосымша «Арлан» арнайы жасағы келіп, аспанға ескерту ретінде оқ атылады. Бірақ оны елемеген жас жігіт полицейлерге балта ала жүгіреді. Аз-мұз қарсыласқаннан кейін жігіт ұсталды.

Ол жұмыс істемейтін, бұрын сотталмаған, отбасын құрмаған 22 жастағы Атырау тұрғыны боп шықты. Оның бойынан ешқандай жарылғыш құрылғы табылмаған.

Қазіргі кезде «вандализм» және «адам өміріне қауіп төндіру» баптары бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесі қарастырылуда. Бейресми жорамал бойынша, күдікті аруақтарға сыйынуға қарсы тұратын радикалды діни бағытты ұстанушы екен.

ІІД тергеу мүддесі үшін ұсталушының жеке басы туралы толық ақпаратты жарияламай отыр. Ол жігітке ата-анасы мен әпкесінің барғаны белгілі. Камера ішінде ұстамды көрінген жігіт өзінің тосын қылығының себебін түсіндіруден үзілді-кесілді бас тартты.

Сары ата бейітіне барып қайтқан едік. Қаруланбаған көзбен-ақ бүлдіргінің ойран салған іздері көрініп жатты. Балтаның ізіне қарағанда, руы, есімі мен өмір сүрген уақыты жазылған маңдайшаны да қиратқысы келген. Екі поселке тұрғындары болған оқиға туралы естіп, жартылай қираған бейітке келіп, дұға оқып жатыр.

Біз барған кезде, қолдарына күрек ұстаған екі ер адам аумақты қираған сынықтардан тазартып жатыр екен. Оның бірі әулиенің ұрпағы боп шықты. Атышулы әулиенің шөбересі Ербол ТАСМЕНОВ бабасының ұзақ өмір сүріп, 92 жасында көз жұмғанын айтты. Бүкіл өмірін әулие Доссор поселкесінде өткізіпті. Тақуалықпен ғұмыр кешіп, адамдарды емдеген. «Ол жігіттің істеген әрекеті төбеден жай түсіргендей болды, - дейді ол. – Неге менің атамның бейітін қорлады екен деген ой көкейімнен кетпей қойды. Оның бір ғана себебі бар деп ойлаймын: ол дәстүрлі емес діни бағыттың шырмауында жүр немесе есі ауысқан біреу. Құдайдың өзі жазасын берсін. Ал бейітті міндетті түрде қайта қалпына келтіреміз. Көп адамдар бұл жерге сыйынуға келеді. Сондықтан осы күйде қалдыра алмаймыз».

Анастасия ПАСТУХОВА

Суреттерді түсірген автор

РЕДАКЦИЯДАН: Бұл Атыраудағы қазақ бейіттерінде орын алған бірінші оқиға емес. Дәлірек айтқанда, бұл вандализм емес, ұлттық дәстүрге идеологиялық тұрғыда келіспейтін қарсыласушының әрекеті. Қылмыс сарыны ашық жасалған: бұл пұтқа табынушылықпен, қазақтардың ата-бабалары мен әулиелерді құрмет тұту салтымен күрес секілді. Мұндай әрекеттер жұртшылық үшін, соның ішінде дәстүрлі мазхабтағы мұсылмандардың көпшілігі үшін төбеден жай түскендей жағдай болды.

Алайда жас буын мұсылмандардың көпшілігі мұндай қылмысқа қатал көзбен қарамайды: әрине, мұндай қылық жасауға болмайды, бірақ бұндай сотқарлықты қара жамылып қабылдаудың қажеті жоқ, марқұм болғандардың сүйектерінің үстіне қойылған бірер суретті сындырған екен, онда тұрған не бар, жалпы Аллаға серік қосуды түбегейлі жою керек дегендей кейіп танытады...

Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасының мешіт-теріндегі молдалар вандализм актісін айыптап, қарсылық білдірмеді. Олардың бірде-бірі, тіпті, бейттері қирап, бүлінген марқұмдардың туыстарына не істеу керектігін, қираған бейітке Құранның қай аятынан дұға оқу, оларды қалай қалпына келтіру, қорлықтан қалай тазартуға болатыны жөнінде түсіндіруді де ойламады. Бәрі үнсіз қалды.

Демек, ата-бабаларымыздың бейіттерінде орын алатын кезекті қылмысты күту керек болғаны ғой?

2 желтоқсан 2011, 15:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.