Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалар туралы мұрағаттық мәліметтер олардың туыстарына қолжетімді болды. Бұл ішкі істер министрлігінің сайтындағы (mvd.gov.kz) «Мемориал» онлайн-сервисінің іске қосылуының арқасында мүмкін болып отыр, деп хабарлады «АЖ»-ға Атырау облыстық ІІД ақпараттық-талдау орталығы басқармасының бастығы Ақмарал КЕНЖИКОВА.
- 2014 жылы ішкі істер органдары ұлттық қауіпсіздік органдарынан ақталуға жатпайтын тұлғаларға қатысты, сондай-ақ, кейіннен сот органдары ақтап шыққан қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарға қатысты қылмыстық істерді қабылдады. Бұдан басқа, мемлекеттік қауіпсіздік органдары полицияға Ұлы Отан соғысы кезінде тұтқынға түскен кеңес жауынгерлерінің және бұрынғы КСРО-ның Германиядан оралған азаматтарының іріктеу және трофейлік материалдарын берді, - дейді А.Кенжикова. – «Мемориал» онлайн-сервисіне ІІМ-нің және оның аумақтық бөліністерінде мұрағаттық сақтаудағы «мемлекеттік қылмыстары мен контрреволюциялық әрекеттері үшін» РФСФР ҚК-нің 58-59-баптары бойынша және басқа да одақтас республикалардың ҚК-нің баптарына сәйкес әртүрлі жазалау мерзімдеріне сотталған адамдардың қылмыстық істерінен алынған мәліметтер қосылды. Мәселен, Атырау облысы бойынша «Мемориалда» 2 мың 131 адамға қатысты ақпарат бар. Жалпы Қазақстан бойынша бұл цифр 109 мың 186 адамды құрайды.
«Мемориал» сервисі ақпараттық іздеу қызметімен жарақталған. Ол айтпақшы, ресурста ықшамдалған түрде ұсынылған. Ақталған азаматтардың өздері немесе олардың өкілдері, сондай-ақ, қуғын-сүргінге ұшыраушы қайтыс болған жағдайда туыстары анағұрлым толық ақпараттар алып, процессуалдық емес сипаттағы қылмыстық істердің құжаттарымен, осы істерде сақталған фотосуреттермен, жеке құжаттармен таныса алады.
Ол үшін Атырау облыстық ІІД-нің арнайы мемлекеттік мұрағатына бару керек. Бірақ алдымен ІІД бастығының атына (бүгінде бұл лауазымды Жалмұхамбетов Арман Кеңесұлы атқаруда) тиісті өтініш жазу қажет.
- Ішкі істер органдарының арнайы мемлекеттік мұрағатының мемлекеттік қызметтер көрсетуі шеберінде мұрағаттық анықтамалар, құжаттардың көшірмелерін, құжаттардан үзінділер, сондай-ақ қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың жеке түпнұсқа құжаттарын немесе олардың көшірмелерін береді. Өтініш беруші жеке басын растайтын құжаттарды, олардың сенімді адамдары нотариалды расталған сенімхатты ұсынуы тиіс. Туыстары өздерінің қуғынға ұшырағандармен туыстық байланысын растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс. Мұрағаттық қылмыстық істермен танысқан адамдардан істегі адамдарға және оның жақындарына қатысты заңды мүдделері мен құқықтарына залал келтіретін мәліметтерді пайдалануға тыйым салынатындығы туралы міндетті түрде жазбаша қолхат алынады, - деп атап өтті А. Кенжикова.
2015 жылы ІІД-ге қуғын-сүргінге ұшырағандардың туыстарынан, қоғамдық ұйымдардан, мұражайлар мен мемлекеттік органдардан 85 өтініш түскен.
Тамара СУХОМЛИНОВА