Субсидиялар туралы ақпаратты облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Серік СӘРСЕКЕНОВ ұсынды.
Өткен жылы мал шаруашылығын субсидиялауға 705,3 млн теңге (120 шаруа қожалығы) бөлінді. Соның ішінде: асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға – 367,8 млн, шығарылатын өнімдер сапасы мен өнімділігін арттыруға – 323,7 млн, құс фабрикасы үшін пішен шөптерге қоспалар сатып алуға – 13,8 млн теңге. Биыл саланы субсидиялауға 498 млн теңге бөлінді: асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға – 152,9 млн және шығарылатын өнімдер сапасы мен өнімділігін арттыруға – 345,1 млн теңге.
Өсімдік шаруашылығы субъектілерін субсидиялау бойынша өткен жылы 255 млн теңге игерілді. Көктемгі дала жұмыстары кезінде жанар-жағармай материалдары мен өнім жинауға 99,9 млн теңге (107 шаруа қожалығы), жеміс-жидек дақылдары мен жүзім өсіруге – 5,41 млн теңге (үш шаруа қожалығы), минералды тыңайтқыштарға – 35,036 млн (54 шаруа қожалығы), сумен қамту қызметін төлеуге – 114,6 млн (125 шаруа қожалығы) теңге бөлінді. 2016 жылы минералды тыңайтқыштарды сатып алуды субсидиялауға 22,2 млн теңге, сумен қамту қызметін төлеуге – 84,1 млн теңге бөлінді. Бұдан басқа, гербицидтер, биагенттер мен биопрепараттарды сатып алуды субсидиялауға 8 млн теңге бөлінеді.
"Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстарды өтеу бойынша субсидиялау қағидаларын бекіту туралы"
Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығын орындау үшін өткен жылы облыстық бюджеттен 133,16 млн теңге (30 шаруа қожалығы) бөлінді. Негізінен бұлар мал суару үшін құдықтар жүйесін салу, тамшылатып суару жабдығын, жаңбырлатқыш қондырғыны орнату, ауылшаруашылығы техникаларын сатып алу шығындарына қатысты.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ