Атырау, 23 қараша 17:52
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Малды семіртудің жаңа тәсілі

7 443 просмотра

Атырау мемлекеттік университетінің жанынан ашылған «Биотехнология» зертханасы меңгерушісі әрі «ГИРКАН» ғылыми-өндірістік орталығы директорының орынбасары, биология ғылымдарының кандидаты Ерік ШОРАБАЕВ   «АЖ» тілшісімен ой бөліскен еді. 

 

«ALGOVIT» ҚАНДАЙ ҚОСПА

- Ерік Жарылқасынұлы, зертхананың жұмысына тоқталсаңыз?

- Зертхананың негізгі бағытының бірі мал азығы қорын дайындауға «жасыл жем» аталып, көптеген елдерде кеңінен қолданылып жүрген бір жасушалы жасыл балдырлардан дайындалатын жемдік қоспаны өндіріске енгізу болып табылады. Осыған байланысты ғылыми тұрғыда дәлелденген, климаттық жағдайға ыңғайлы, биологиялық белсенділігі жоғары бір жасушалы жасыл балдырлар штамынан «AlgoVit» жемдік биоқоспасын дайындап, оларды малдарға әсерін зерттеу мақсатында тәжірибелер жасалуда.

- «AlgoVit» жемдік қоспасы қандай мақсаттарға арналған? Оның тиімділігі қандай?

- Мал азықтық ақуыз қорын молайтудың маңызды резервтерінің бірі - бір жасушалы жасыл балдырларды (хлорелла биомассасы) пайдалану. Балдырлар барлық малдарға арналған әмбебап жем. Оның  құрамында: ақуыз 55 пайызға дейін, көмірсулар 37 пайыз, майлар 7 пайыз болады. Сонымен қатар макроэлементтерге де өте бай. Онда йод, радий, бром, мышьяк, калий, кобальт, фосфор және басқа жануарлардың тіршілігі үшін ерекше маңызды көптеген элементтер бар. Мал мен құсқа хлорелланы сұйық, паста және құрғақ ұнтақ түрінде беруге болады. Хлорелланы сұйық түрінде қолданудың пайдасы зор. Себебі, мал балдырдың биомассасымен бірге қорытылып үлгермеген дәрумендерді, макроэлементтер мен микроэлементтерді, минералдық тұздарды қосымша қоректік заттар есебінде тиімді пайдаланады.

Ауыл шаруашылық малдарына «Algo Vit» жемдік қоспа мөлшері: төлдерге 0,3-0,5 л, ересек малдарға 1,0-1,1 л. Дайындалған хлорелла сұйықтығының әсерін зерттеу мақсатында ақбас тұқымды 18 айлық өгіздерді екі топқа: 5 бас өгізді бақылауға, 5 бас өгізді тәжірибеге бөлген. Бақылауға алынған ірі қараларға тәулігіне 12 келі жоңышқа шөбі, 3 келі құрама жем берілсе, тәжірибеге алынған малдарға күнделікті рационға қоса 12 литр хлорелла сұйықтығы берілген. Тәжірибе 60 күнге созылған. Нәтижесінде, хлорелла сұйықтығының әсерінен тәжірибеге алынған өгіздер салмағы 40 пайызға жуық артты.

- Келешектегі ғылыми тұрғыдағы жаңалықтарыңызбен бөлісесіз бе?

- Батыс өңірдегі альгология ғылымын (балдырлар әлемін зерттеу ілімі - А.Сапарова) дамытуға өз үлесімді қоссам деймін. Каспий теңізіне әртүрлі бағытта зерттеулер жүргізіліп келеді. Бірақ балдырларға терең ғылыми зерттеулер жүргізілген жоқ. Жергілікті ғылыми зерттеу институттарымен бірлесе отырып, ауқымды жобалар іске асырсақ деген жоспар бар. Сонымен қатар балдырларды қалдық суларды тазалауға қолдану жолдарына ғылыми жұмыстар жасасақ деген ойлар бар.

 

ҚАЛДЫҚ СУДЫ ПАЙДАЛАНУҒА БОЛАР ЕДІ 

- Сіз Атырау қаласында ағаш өсіру жұмысын дамыту жөніндегі бастаманы көтеріп, кешенді жобаңызды дайындаған едіңіз. Бұл жобаның ерекшелігі – қаладағы ластанған қалдық суды тазарту арқылы, оны суаруға пайдалану, яғни, көгалдандыру мақсатында егілетін ағаштарды өсіруге арналған питомникке жұмсау болатын. Бірақ, идеяны қолдаған ешкім табылмады ...

- 2009 жылы сол кездегі «Биологиялық зерттеулер орталығы» Бас директоры, академик А.Садановтың «Экологиялық мәселені өз деңгейінде шешу үшін сол жерде зерттеу жүргізу қажет», - деп маған Атырауға келіп жұмыс жасауды ұсынды. Келген соң басқа да жергілікті мәселелерді ғылыми тұрғыда мониторинг жүргізіп көрдік. Соның бірі осы өңірдегі соңғы уақыттағы өзекті мәселе ол – су. Жайық суы аймақтағы бірден бір тұщы су көзі. Оның мәселесі жаз кезінде белгілі. Ал ластанған ауаны қалпына келтірудің ең қолайлы жолы жаппай көгалдандыру болып табылады. Осы мәселе бойынша қаладан шыққан қалдық суды көгалдандыру мақсатында егілетін көшеттерге қажетті су көзі ретінде пайдалануға арналған кешенді жобаны ұсындық. Ол ұсыныс аяқсыз қалып койды.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айнұр САПАРОВА

1 желтоқсан 2011, 18:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.