Тегін емделуге квота беру және медициналық қызмет көрсетудің басқа да мәселелері өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте талқыланды.
КАРДИОЛОГИЯ ЖҰМЫСЫ ЖҮЙЕЛІ
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Балкенже БАРСАЕВАНЫҢ айтуынша, Атырау облысында сегіз медициналық мекеме – бес мемлекеттік және үш жеке мекеме жоғары мамандандырылған медициналық көмек (ЖММК) көрсетеді. Өткен жылы медициналық қызметті төлеуге бізге республикалық бюджеттен 5 млрд теңге бөлінді, оның ішінде ЖММК көрсетуге 496 млн жұмсалған. Өңірден тысқары шықпай-ақ, 696 пациент осындай көмек алған. Әңгіме ең алдымен кардиохирургия, офтальмология, травматология және жаңа туған нәрестелерге көмек көрсету туралы болып отыр. Тек бір Атырау кардиохирургия орталығы 2015 жылы 32 технология бойынша жоғары мамандандырылған көмек көрсетті. 270 пациентті емдеу үшін мемлекет 296 млн теңге жұмсаған.
- Біз 2008 жылы жоғары мамандандырылған көмек көрсетуді бастадық. Оның бюджеті сол кезде 25 млн теңгені құрады. Ал, 2016 жылы 330 млн теңгедей бөлінді. Бұл жұмыстар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде жүргізілуде. Жағымды тұсы сол - пациенттерге қаржысын, уақыты мен күшін жоғалтып ешқайда барудың қажеті жоқ, - дейді облыстық кардиоорталықтың бас дәрігері Марат ҚОНЫСОВ.
Кардиоорталық амбулаториялық-емханалық қызмет көрсету жөнінде қала мен облыстың бүкіл емханаларымен келісімшарт жасаған. Енді қажет болған жағдайда пациенттер осы жерден консультациялық көмек ала алады. Емхана жолдамасы арқылы ол тегін көрсетіледі.
№5 қалалық емхананың бас дәрігері Күлшара ЖҰМАҒАЛИЕВА пациенттерге жоғары мамандандырылған көмек көрсету жүйесі туралы әңгімеледі. Ең алдымен, толықтай тексеру жүргізіледі де, диагноз қойылады. Содан кейін емхана маманы ЖММК алу қажеттілігін анықтайды. Ол сырқатнамадан үзінді көшірмесін ресімдеп, жолдаманы емдеуге жатқызу бюросының порталында тіркейді де, оны пациентке береді. Егер жергілікті стационарларда ЖММК-нің белгілі бір түрін алу мүмкін болмаса, онда қажетті құжаттар пакеті бар сырқатнаманың үзінді көшірмесі облыстық денсаулық сақтау басқармасының жанынан жоғары мамандандырылған көмек бойынша құрылған комиссияның қарауына беріледі. Комиссия құжаттар пакетін қарап шығып, пациентті республикалық стационарларға жолдау қажеттігі туралы өз қорытындысын береді. Электронды үзінді көшірмесі өңірден тысқары жердегі тиісті емханаға жіберіледі. Ол жерден 10 күн ішінде емдеуге жатқызу мақсаттылығы туралы алдын ала уақыты көрсетілген жауап немесе бас тарту туралы жауап келеді. Бас тарту емдеуге жатқызу бюросының порталында тіркеледі. Еліміздің басқа өңіріне емделуге 2015 жылы атыраулық 96 пациент барған. Олардың басым бөлігі нейрохирургия институты, травматология институты мамандарының көмегіне мұқтаж болған, әйелдер ЭКО-ға жүгінген.
АҒЗА АУЫСТЫРУҒА КЕЗЕК
Газетімізде «Көмек көрсету туралы өтініш» айдары бар. Көп адамның шетелде емделуге мұқтаж екенін білеміз. Көбінесе ағзаларды ауыстырып салу оталары үшін қаржы керек. Әрине, соңғы кездері шетелге емделуге қанша пациенттің шыққанын және кезекке қанша уақыт тұру керектігін білгіміз келді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Түркіменбай НҰРЖІГІТОВ пациенттердің нақты саны қанша екенін айта алмады. Алайда, оның айтуынша, бүкіл қажетті тексеруден өткен науқастар тізімі бар екен. Облыстық аурухана мен Қан орталығында осы жұмыстар үшін жауапты мамандар белгіленген. Санавиациямен пациентті шұғыл операцияға жіберу мүмкіндігі бар. Бірақ бүкіл проблема донор табуда жатыр.
- Біз донорды бірден таба алмаймыз. Бұл мәселе әлі аяғына дейін заңды деңгейде шешілген жоқ. Дегенмен де, бүгінгі күні шетелде емделу үшін квота бөлінетін тек 7 диагноз қалды. Қалғандары жасалады, - дейді Нұржігітов.
- Трансплантологияға қажеттілік бар екені сөзсіз, ол жыл сайын көптеген нозология бойынша артуда. Соның ішінде жүрек-қан тамырлары жүйесі бойынша. Біз әзірге жол басында тұрмыз, осы істе өте маңызды заңнама базасы дамуда, - деп өз пікірін айтты Марат Қонысов.
Ал, Күлшара Жұмағалиева бүкіл емханаларда, соның ішінде №5 емханада ағза ауыстыру отасын күту парағына енгізілген пациенттер тізімі бар екенін айтты.
- Біздің емханада бір бала бүйрек ауыстыруға мұқтаж. 2012-2013 жылдары бүйрек сырқаты бар пациент өздігімен Белоруссияға барған. Бірақ донор таба алмады. Ақырында Астанада ауыстыру отасы жасалды. Қазір біздің бақылауымызға алынған, қымбат тұратын бүкіл қажетті препараттарды қабылдауда.
ҒАЛАМТОР ТАМЫР-ТАНЫСТЫҚҚА ҚАРСЫ
Жергілікті стационарларға емдеуге жатқызуға келер болсақ, біздің оқырмандардың арасында стационарға түсу үшін таныс керек, олар болмаған жағдайда «кассадан тысқары» ақша төлеуге тура келеді деген пікір кең тараған. Баспасөз конференциясына қатысқан мамандардың растауынша, бұл шындыққа сай келмейді: емдеуге жатқызу бюросының порталы «адам факторын» жоққа шығару үшін арнайы енгізілген. Шамасы, бәрі хаттама арқылы қатаң жасалады деген сөз орамы баршаның көзін жеткізуі тиіс секілді.
Жоспарлы күрделі (мәселен, жүрекке) ота жасатуға кезек бірнеше күннен бастап бірнеше айға дейін уақыт алуы мүмкін. Атырау облысында, медициналық қызметке ақы төлеу департаментінің мәліметтеріне сәйкес, пациенттерді орташа алғанда 3-10 күн ішінде емдеуге жатқызады. Медиктер, өз кезегінде, порталға өтінім енгізу автоматты түрде емдеуге жатқызу құқығын береді деп ойлап үйренген және бір күн де күткісі келмейтін, ал, өздері ауруханаға белгіленген күні келіп жетпейтін пациенттердің өздеріне қатысты қынжылыс білдірді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор