Кеше көптеген БАҚ таратқан жолаушылар ұшағы бортында және жүк бөлімшелерінде литий-ион аккуммуляторларын алып өтуге тыйым салынғаны жөніндегі хабар бірталай сауалдар мен ойлар туғызды.
Бұл тыйым салуға әсіресе ресейлік ресурстарда үлкен байбалам тудырды, кейбірі, тіпті, осы авиациялық құжаттан сенсация жасап, ұшақ бортына смартфон, планшет, фотоаппарат және ноутбуктермен кіруге болмайды деп тұжырым жасады. Өйткені қазіргі барлық электронды құрылғылар осы литий-ионды аккумулятормен жұмыс жасайды емес пе? Бұқаралық ақпарат құралдары Reuters агенттігіне сілтеме жасап, хабар таратса, ал бұл агенттік, өз кезегінде, ақпараттық уәж ретінде 2013 жылғы 13 ақпандағы ИКАО (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы) баспасөз бетшесін негізге алған. Ал бұл бетшеде авиациялық аккумуляторларды тасуға тыйым салынған екен.
Кеше ИКАО сайтында литий-ионды аккумуляторларға тыйым салу туралы тек осы құжат қана сәйкес келді. «Ақ Жайық» Канадада орналасқан осы ұйымның басшысына осы мәселеге түсінік беру туралы өтініш жіберді. Бірнеше сағат өтпей-ақ ИКАО сыртқы байланыстар бөлімінің бастығы Энтони ФИЛБИН біздің хатымызға жауап берді.
Бұл мәселеде түсінбеушілік жаңа баспасөз бетшесінің ИКАО сайтында кеше түстен кейін ғана жарияланғанынан болған шығар.
Осы баспасөз бетшесінің мазмұны мынадай: «ИКАО кеңесі жолаушылар ұшағында литий-ион аккумуляторларын жүк ретінде тасымалдауға тыйым салады.
МОНРЕАЛЬ, 2016 жылғы 22 ақпан – Бүгін ИКАО (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы) Басқару Кеңесі 36 елдің қатысуымен ұшу қауіпсізідігінің жаңа ережелерін қабылдады және осы бойынша барлық литий-ион аккумуляторларын жолаушылар ұшағында жүк ретінде тасымалдауға уақытша тыйым салынады.
“Қауіпсіздік біз үшін қашан да халықаралық азаматтық авиацияның басты басымдығы болып келді, - деп атап өтті ИКАО Басқару Кеңесінің Президенті Олумуйива Бенард Алиу. – Осы уақытша тыйым салу күшінде қала береді, алайда ИКАО осы уақытта литилік аккумуляторлар туралы жаңа стандарттарды әзірлеу бойынша жеке жұмыстар жүргізіп, мұны 2018 жылға қарай енгізу күтілуде".
Кеңес шешімі 2016 жылғы 1 сәуірден бастап әрекет етеді. Бұл ереже жолаушылар мен экипаждың жеке электрондық құрылғыларындағы емес, тек жолаушы ұшағында жүк ретінде тасымалданатын литий-ион аккумуляторларына ғана қатысты. Бұл ереже ИКАО-ның Аэронавигациялық комиссиясы өткізген кешенді талдауынан және БҰҰ-да өткен қауіпті жүктер, ұшу және ұшу жарамдылығы жөнінде пікірталастан кейін қабылданды.
Авиациялық техника өндірушілері мен ұшқыштар қауымдастығы литий-ион аккумуляторларын жолаушылар ұшағында тасымалдауға тыйым салатын ережені мақұлдауды көп күтті. Бұлар қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жаңа іс-шараларды енгізуді қолдаған еді».
Сонымен, барлығы сол күйінде қалады, ешкім әуежайлардың тексеру аймағында сіздің айфоныңызды алып қалмайды, ұшақ бортына сүйікті ойыншықтарымызды алып, міне аламыз.
Айта кетсек, мен осы мәселеге түсінік беру үшін «Эйр Астана» ұлттық тасымалдаушы әуе компаниясының баспасөз қызметіне түсінік беру үшін хабарласқан едім. Сол жерде маған әзірге бұл мәселеге түсінік беруге дайын емес екендіктерін, алайда баспасөз бетшесін дайындап жатырғандарын айтты. Дегенмен, «Эйр Астана» мұны әлі таратқан жоқ.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы мекемесі болып табылатын ИКАО (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы) 1944 жылы бүкіл әлемде халықаралық авиацияның қауіпсіз және бір тәртіппен дамуына көмектесу үшін құрылды. Ол ұшу қауіпсіздігін, авиациялық қауіпсіздікті, әуе тасымалының тиімділігі мен тұрақтылығын және қоршаған ортаны авиацияның әсерінен қорғауды қамтамасыз етуге қажетті халықаралық стандарттар мен ережелерді белгілейді. Ұйым 191 қатысушы елдің азаматтық авиацияларының өзара әріптестік форумы болып табылады.