Атырау, 23 қараша 17:05
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атырауда той жасағанша, үй салып ал

31 783 просмотра

Бәріміз қазақ аталып, бір мемлекетте тұрғанымызбен әр өңірдің салты әр басқа. Соның ішінде барын шашып, жоқ болса қарызға батып той жасайтын қазекемдердің арасында Атырау алдыңғы орында тұр десем жерлестер менімен таласпас. Атырауға  шақырудан ең кербез деген әртістеріңіз де бас тартпайды. Ендеше атыраулық тойлардың бір өлшемі оған шақырылған әншілердің рейтингімен де байланысты. Сонымен ретімен баяндалық. 

ҚҰДА ТҮСУ

Бұрын құда түсіп, сырға салуға бас құда мен кіші құда ғана баратын. Қазір қыздың қолын сұрауға оларға ілесіп туған құданың өзі де баратын болған. Кейде ол бауыры мен келінін, балдызын ерітеді. Тіпті күйеу жігіттің ата-анасы бір топ туысқандарымен бірге  баратындары да кездеседі екен. Құда түсуге келіп тұрып, карта ойнауға кірісіп кететіндері бөлек әңгіме.

Құда түсуге барарда қалыңдыққа алтын сырға, оның үй-ішіне деп ілуге кілем, киім (киіт - А.С.) және дәм апарылады. Киім дегенде, ата-әжесіне, әке-шешесіне, туған бауырларына деп әрқайсысына арнап, ер адамның көйлегі, әйел адамның көйлегі, костюм, шапан, жағалы киімдер, алтын алқа, орамал және өлі-тіріге деп маталар салады. Киіт әзірлеу кезінде қалыңдық жағы да, күйеу жағы да бір-бірінің үй-ішіне, туыстарына бір-бір киім салынған пакет береді. Тіпті әр туысының киім мөлшері алдын-ала сұратылып, сол бойынша киім алып жүргені. Және киітке арналған киімің де анау-мынау емес, сөзге ілігіп қалмайтындай қымбат дүние болуға тиісті. Қазір көпшілігі киім алудан қашып, киімнің орнына көрпе, плет беруге көшті. Тіпті осы киіт берісу дегенді қазір мүлдем алып тастау керек деген ұсыныстар бар екен.

Бұнымен бәрі біте қалмайды. Дәм ішіне үлкен табақпен 100 грамдық 10 қорап шәй, 1 ақ арақ, 1 коньяк, 1 шарап, 1 қорап кәмпит, әр түрлі 2 келі кәмпит, жемістерден - 1,5 келіден алма, апельсин, алмұрт, банан, жүзім, ананас, киви салынады. Одан бөлек, қосымша 10 тақия, 10 орамал апарылады. 

Сондай-ақ, анасының берген тәрбиесіне ризашылық ретінде сүт ақысы деп 50-100 мың теңге, кейде 150 мың теңге беріледі. Одан қалды, құдағайға алтын сақина немесе алтын білезік сыйлайды. Мұның бәрі тойға дайындық кезінде ұсынылады. Ал той малы үшін қалыңдықтың үй-ішіне көмек ретінде бір сиырдың бағасы бойынша 150 мың теңге береді. Бірақ, бұл қатып қалған қағида емес, аталған сома әлдеқайда төмендеу де болуы мүмкін. 

Тағы да құда түсуге баратын кісінің қалтасына ақша толтырылады. Қанша дейсіз ғой? Ол 20-50 мың теңге немесе одан да көп болуы мүмкін. Себебі, шәй құйып, табақ тартқан қалыңдықтың жеңгелері мен келіндеріне 2000-5000 теңгеден шығарады. Ән шырқап, домбыра тартып, құдайы қонақтардың көңілін көтеру үшін бар өнерін салғандарға тағы да ақша береді.

 

КҮЙЕУ АТТАНДЫРУ, ҚЫЗ ҰЗАТУ

Қыз ұзату тойына күйеу жігітті күйеу жолдаспен бірге бас құда және кіші құда алып барады. Оларға әрқайсысына ақша салып жібересіз. Оған тағы да бір 60-100 мың теңге кетеді. Өйткені, тағы да сол құда түсуге барғанда, табақ тартқан, шәй құйған, келін әкелгені үшін жеңгелерге, өнерпаздарға, тағы басқа салт-жоралғыларға 2000-5000 теңгеден, ал көзге түскісі келген ауқатты бас құда 10 000 теңгеден салып отырады. 

Бұрын сыңсу әнін қалыңдықтың өзі ата-анасына, бауырлары мен туысымен қоштасу ретінде айтса, қазір қалыңдық үшін сыңсу айтып шығарып салатын керемет әртістер көбейді. Себебі кей қыздар сыңсуды жақтырмайтын көрінеді.  Бірақ, ата-баба дәстүрін сақтау керек. Ал 25-30 мың теңге төлесең болғаны кез-келгені сен үшін сыңсуыңды қатырып-ақ береді.

ҚЫЗ ЖАСАУЫ

Ал қыздың жасауына әдетте 1 млн теңге жұмсалады. Қыздың жүгі де қалай болса солай дайындалмайды. Қымбатынан сатып алуға тырысады. Қалыптасқан ырым бойынша қыздың жүгін екі жеңгесі таныстырарда пышақтар мен шанышқыларды белгілі бір сомаға әдейі сатып көрсетеді. Қазір қыздың жүгін таныстыруды уақыт алады деп ұғатындар бар. Қыздың төсек орнының арасына кәмпиттер мен ойыншықтарды салып жататын жеңгейлер кездеседі. Бұл да бір халықтың түсінігіндегі «жаңа отауға көп кешікпей сәбидің үні естілсін, бала бітсін» деген ырым.  

ҚҰДА КҮТУ

Ал құда күтуді ертеде ентікпе деген. Ол құдаларды ентігіп қарсы алуға қатысты айтылған. Құдалар күйеу жігіттің үйінен ақ ішіп (шұбат), мейрамханаға қарай асығады. Бір айтатыны, шұбат ішіп, қыздың жасауын көріп болған соң, бірден тұрудың орнына, әбігерге түскен үй-іші ет асып, мейрамханаға жиналған өзге қонақтарды қаңтарып қояды.

Қалыңдық жағынан келетін делегация бүгінде кем дегенде 10-15 адамды құрайды.

 

БҮГІНГІ ТОЙ БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК

«Тойдың боларынан боладысы қызық» дегендей, тойдың өтуіне бір күн кетсе, дайындыққа екі-үш ай жұмсалады. Бұл кезде тойға шақырылатын адамдардың тізімі жасақталып, мейрамхана мен асаба, музыка, видеоператор мен фотосуретші таңдалады. Тойға шақыру билеттері таратылып, қыздың жасауы түгенделеді.

Бұрын Атырауда үйлену тойлары өте қарапайым, палаткаларда өтетін. Ал қазір 400 мың теңгеге дейін мейрамхана жалданады. Бұрын келін запорожец, москвич, волга көліктерімен әкелінсе, қазіргі келіндер «Тайота», «Лимузин», «Лимузин хамерлерден» басқасына отырмағанды тәуір көреді.  Бір лимузинді сағатына жалдаудың өзі - 30 мың теңге.

Бұрын кез-келген той «Дос-Мұқасан» тобының репертуарындағы «Той жыры» әнімен басталып, келін түскенде «Жар-жар» әні айтылатын. Бүгінде бұл да қалды. Бұрын беташар тек қана домбырамен ашылатын. Қазір көбіне-көп эстрадамен ашылатын болып жүр. Ал қалыңдықтың гүл лақтыруы да қазақтың салты емес. 

Әдетте, тойдың басында «Тойбастар» шырқалса, Атырауда «Тойбастар» деп, тойға келген әр мейманға көзтартар тәуір сыйлықтар таратуды атап кеткен. Одан бөлек, тойға шашуың мен сыйлық ретінде берілетін өзге де сыйлықтар бар. 

 

ҮЙЛЕНУ ТОЙЫ

Дегенмен, тойдың көңілді өтуі  ұйымдастырушыға байланысты. Сонымен, атыраулық жоралғылар:

Біріншіден, той үстінде өнер көрсеткен әртістерге үйіп-төгіп ақша беруден басталады. Бұл жағынан  Атырау алдыңғы орында тұр. Осыны ескерген республикаға танымал жұлдыздар Атырау мен Құлсарыға апта сайын ағылып келіп жатады. Қысқасы, той бизнесі Атырауда мықты дамыған.

Екіншіден, аста-төк дастархан жаюдан да алдамыз. Бұл турасында осыдан бірнеше жыл бұрын шымкенттік әріптесіміз «Шіркін, Атырауда жайылған той дастарханы үстелінің бір аяғы үстіндегі тамақты көтере алмағандықтан майысып тұрады ғой» деп бейнелі түрде әзілдеген болатын. Расында да солай. Бай-кедей дейтіні жоқ, басым бөлігіміз той өткізуде бір-бірімізден асып түсуге асық тұрамыз. Ол үшін кем дегенде – 2 млн теңге қажет. Той жасайтын жағдайы болмаса да қарызданып-қауғаланады. Банктен несие алуға бел байлайды. Бірін-бірін тапқан екі жастың жұбы жарасып, бір жанұя болып тұрып кетсе жақсы.

Үшіншіден, Атыраудың тойы өз уақытынан тым кеш басталады. Мәселен, қонақтар кешкі сағат 7-ге шақырылса, той сағат түнгі 10-дарда басталады. Бұған еті үйренген ел де тойға әбден кештетіп барады. Ал уақытында келгендер тойдың басталуын сарғая күтуден шаршап, көңілдері түседі. Олардың көңіл-күйін көтеру де оңайға соқпайды. Жалпы, тойдың қалай өтетіні асабаға да байланысты. Асаба мырзалар да арзан тұрмайды.

Сонымен орта есеппен Атырауда мен айтқан бір тойды осылайша шалқып тасып өткізу үшін домалақтап алғанда 3 млн. теңге керек.  Ал бұл ақшаға бір үй тұрғызып алуға болады.

Айнұр САПАРОВА

30 қараша 2011, 19:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.